Back

Таңғы саудада доллар қанша болды?

Қазақстандық қор биржасында таңғы сауда өтті. Соның нәтижесі бойынша доллардың аралық бағамы 393,5 теңге көлемінде болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мұнайдың құны күрт арзандап кеткеннен кейін қазақстандық қор биржасында доллар 393,5 теңгеге сатылып жатыр. KASE-нің ақпаратына сәйкес, бұл – аралық бағам. Бүгін, сейсенбі күні сағат 15:00-де ресми бағам бекітілетін болады.

Осылайша, доллар 11,5 теңгеге қымбаттап отыр. 6 наурызда шетелдік валютаның бағамы 382,05 теңге болған.

Айта кетейік, бүгін Ұлттық банк базалық ставканы 9,25%-тен 12-ге дейін көтерді. Негізгі мақсат – ұлттық валютаның айырбастау бағамын ұстап тұру.

9 наурызда мұнай бағасы құлдырағаннан кейін Қазақстанның валюта айырбастау пунктерінде доллар күрт қымбаттап кетті. Нұр-Сұлтан мен Алматының айырбастау пунктерінде доллар 400 теңгеден сатылды.

AERС директоры Жаныбек Айғазин Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында дүйсенбі күні KASE биржасында сауда жүргізілмейтінін айтты. Сондықтан валюта бағамы жұрттың дүрбелеңіне байланысты қымбаттап кетті.

– Инфляциялық таргеттеуге қарамастан, ұлттық банкте бағам таргеті бар. Валюта бағамы осы шамада болады. Сондықтан дүрбелеңге бой алдырмау керек деп ойлаймын. Біз мұндай жағдайды 2014-2015 жылдары бастан кешіргенбіз, – деді экономист.

Ол доллар бағамының өсуі әлемде мұнай бағасының 30%-ке төмендеуімен байланысты екенін айтып отыр. Қазір қара алтынның құны барреліне 30 доллар. Бұған ОПЕК+ келісіміне қатысушы мұнай экспорттаушы елдердің 6 наурызда Венада мұнай өндірісі көлемін азайтуға байланысты ортақ шешімге келе алмағаны себеп болған. Сондай-ақ, коронавирус індетінің де кері әсері тиді.

Экономист 18 наурыз күні ОПЕК техникалық комитетінің отырысы өтетінін айтты. Кездесуде елдер ортақ келісімге келеді деген болжам жасалып отыр.

Тағы оқыңыз:

Мұнай бағасының құлдырауы теңге бағамына әсер етті