Back

“Бұдан ары төзе алмаймын”. Тараздық ұстаз директордың былығын жайып салды

Тараз қаласы №43 орта мектепте шу шықты. Осы мектепте тәлім берген, 29 жыл өтілі бар тәжірибелі ұстаз Күнсұлу Бөрімбекова директордың қудалауына ұшырап, жұмыстан қуылыпты. 

Әлеуметтік желіде жанайқайын жеткізген ұстаз халықтан, президент Тоқаев пен Білім министрі Аймағамбетовтен араша сұрады деп хабарлайды Dalanews.kz. 

“Мен Жамбыл облысы, Тараз қаласы №43 орта мектепте осы күнге дейін еңбек еттім. 29 жыл өтілім бар. 29 жыл бойына білім саласының отымен кіріп, күлімен шығып келемін.  

Соңғы жылдары мектебімізде заңсыз әрекеттер, адам құқығын аяққа таптау, жемқорлық секілді кесел белең ала бастады.  Өз жұмысын жетік білмейтін басшы білгенін жасап, төбемізде әңгіртаяқ ойнатып, билеп-төстеп отыр.

Мұндайлардың дерлігі өз қызметіне тамыр-таныс, аға-көкенің арқасында келгендер. Көпшілігі креслосына қонжиып алғаннан кейін ойына келгенін істейді. Оларға “қой, дер қожа, әй, дер әже жоқ”. 

Бұған дейін Тараздағы №25 орта мектепті былыққа батырып, елге дөрекі басшы ретінде танылған Эльмира Өмірбекова №43 орта мектепке директор боп келгеннен кейін баяғы әдетіне қайта басты. Ол өз қызметін асыра пайдаланып келеді”, – дейді Күнсұлу Бөрімбекова. 

Айтуынша облыстың білім саласына жауапты тұлғалар әлгі директордың бұған дейін №25 орта мектепті ойрандап кеткенін біле тұра, 2017-2018 оқу жылында №43 орта мектепке әкеп отырғызған. Эльмира Өмірбекова білім ордасының тізгінін қолына алғалы айрандай ұйыған ұжымның берекесі қашқан. Оған жақпаған мұғалімдер жұмыстан қуылған, 20-25 жыл еңбек өтілі бар ұстаздардың қыр соңына түскен. Ақыры қызметінен кетуге мәжбүрлеген. 

“Бүгінгі күні осы директордың талапайына ұшыраған ұстаздың бірі – менмін. Мені ақпан айының 17-інде ешбір себепсіз жұмыстан шығарып жіберді. 

Бұдан екі күн бұрын директор мектептегі мәжіліс залында бүкіл мұғалімнің басын қосып, ешбір жоспарсыз жиналыс өткізген. Сол жиналыста: “Мына мен ешқайда кетпеймін. Кетсеңдер мына сендер кетесіңдер! Бұл арадан кеткеннен кейін сендерді ешкім жұмысқа алмайды…”, – деп орнымызға енді ғана отырған біздерді қорқытып үркіткен еді. 

Соның алдында мектебіміздің 7-8 сынып оқушылары төбелесіп, айғай-шу болған. Әлгі жиналыста Эльмира Өмірбекова бұған жол берген сынып жетекшілерін орнынан тұрғызып, ескерту жасады. Сол арада бірнеше мұғалімге сөгіс берді. Ең қызығы менің де есімімді атады. Ал мен 11 сыныптың жетекшісімін…” , – дейді Күнсұлу Бөрімбекова. 

Айтуынша бұл дауға қалай ілігіп кеткенін өзі де түсінбепті. Өзіне не себепті сөгіс бергеніне алғашқыда аң-таң болған.  Әлгі жиналыста директор ағылшын пәнінен сабақ беретін ұстазды орнынан тұрғызып тілдеп тастапты. 

“Шыршаға жиналған ақшаның қайда кеткенін мына менен сұрайтын сен кімсің өзі?” деп әкіреңдеді.  Сол арада мен сөз алып, маған не себепті сөгіс бергенін сұрадым. Директор үндеген жоқ,  орнына орынбасары сөйледі. 

“Сен мұғалім ретінде өзіңе тиісті жұмысты атқармадың. Сыныбыңды мектептен жөндеп шығарып салмадың” деп жауап берді.  Мен оларға қайтара сауал қойдым. 

“Әріптесімнің сұрағы орынды. Мектепке деп түрлі себеппен ақша жиналады. Сол ақшаның қайда жұмсалғанын айтып, есеп беріп отырғанының айыбы жоқ” – дедім. 

Директор долданып кетті. “Мен үстіңізден арыз жолдап, жұмыстан шығарамын. Жауап бересіз бұл сөзіңізге! 17 ақпаннан бастап… боссыз”, – деді. 

Сөзінде тұрды. Мені жұмыстан қуып жіберді. Сыртымнан бұйрық шығарып, болмағанды болғандай етіпті.  

Бұйрықпен танысқан кезде директордың ешнәрседен тайынбайтын адам екеніне көзім жетті. 

Сынып жетекшісінің жұмысын дұрыс атқармағаным үшін бір сөгіс беріпті. Оған қоймай қаңтардың соңғы күнін белгілеп тағы бір сөгіс жариялапты. Егер мұндай сөгіс жарияланса маған неге көрсетпеген? 30-31 күні директор мектепте мүлде болған жоқ. Менде бұған дәлел бар”, – дейді ұстаз. 

Жұмыстан қуылған мұғалім директордың басқа да былықтарын әшкерелеген екен. Айтуынша директор мұғалімдердің үстінен күн көреді, декретке шыққандар директорға үлес береді.

“Желтоқсан айының 27-інде бүкіл Қазақстан қара жамылып, аза тұтқан күні біздің директор мектебімізде дискотека жасап, әр баладан 200 теңгеден ақша жинатып, той-думан қылды. Жаңа жылды атап өтті. 

Болмашы нәрсені желеулетіп ай сайын ақша жинайтын мінезінен мезі болдық. Мектебімізде ақылы кабинеттер бар. Оның ақшасы мұғалімге тиесілі, алайда бұл ақшаны бізден тартып алады. 

Бұл бергі жағы. Мектеп мұғалімдері декреттік демалысқа шыққанда әр ұстаздан 50 мың мен 100 теңгенің көлемінде “ұстап” қалады.

Облыстан, прокуратурадан комиссия келеді деп әр мұғалімнен 1000-2000 теңгеден жинайтыны тағы бар. Жыл басында сынып ашамын деп жінігіп біздің жалақымыздан 2000 теңгені жырып қалды. 

Осындай жемқор адамды мектепке директор ету ақылға сия ма?

29 жыл ғұмырымды шәкірт тәрбиелеуге сарп еткен мені жұмыстан қуып жіберді. Мен бұған төзе алмаймын. Сіздерден көмек сұраймын. Мен енді қайда барамын? Маған қолдау көрсетіңіздерші. 

Өзімнің әріптестерім, мұғалімдер, сіздер де үнсіз қалмаңыздар. Президент Тоқаев, Білім министрі Аймағамбетов осы істі әділ тексеріп, мен өз қызметіме қайта алуды сұраймын. Сіздер қол ұшын созады деп сенемін”, – дейді Күнсұлу Бөрімбекова. 

30 жылдық еңбек өтілі бар маманның сөзін әріптестері де қолдап отыр. Ұстаздар “директор мектепті меншігіндей көреді” дейді. 

Осы видеүндеуден кейін атышулы директор жұмыстан кетті. Дауға Білім министрі араласып, істің ақ-қарасын анықтауға уәде етті. 

Аймағамбетов білім ошағының басшысы педагогикалық этикаға қайшы әрекет жасағанын мойындады. Әйткенмен экс-директорың өзі кінәсін мойындаған жоқ, керісінше елден араша сұраған ұстазды кінәлап отыр. 

“Біздің мектебімізде 100-ден аса мұғалім бар. Солардың үшеуі менің үстімнен шағымданды. Шағымдансын. Құқы бар. Әйткенмен қаржы мәселесіне қатысты айыптаулары негізсіз. Олар мұны дәлелдеуі керек. Маған жала жапқаны үшін сотқа сүйреймін”, – дейді Эльмира Өмірбекова. 

Ол бұған дейін де осындай дауға қалған. 6 жыл бұрын №25 мектепті басқарған тұста білім ошағының ұжымы дәл бүгінгідей қарсы шыққан еді.