Back

Назарбаева Еуразиялық одақты сынап тастады

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Еуразия экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Михаил Мясниковичпен кездесті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Кездесу барысында ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттердің одақ аясындағы келісімдердің орындалуын қамтамасыз етудің өзекті мәселелері мен Еуразиялық одақ елдерімен сауда барысында қазақстандық бизнес тап болатын кедергілер талқыланды.

Сенат басшысы бүгінгі таңда ЕАОЭ-ның ішкі нарығы аясындағы кедергілерді жою үшін жоспарлы түрде ілгерілеу керектігін атап өтті.

“Атқарылған жұмыстарға қарамастан, кедергілер мен тосқауылдар азайған жоқ, қайта көбейе түсуде. Бүгінде келісілген кедергілер тізілімі 66 тармақтан тұрады. Кезінде бұл тізілім 60-тан басталатын. Бұл көрсеткішті азайтудың орнына, біз жыл санап жаңа кедергілер жасап немесе бұрынғыларды жоя алмай, санын көбейтіп отырмыз”, – деді Назарбаева.

Қазақстан тауарларының Ресей нарығына қол жеткізудегі кедергілер, қазақстандық бірқатар тауар өнімдері транзитіне тыйым немесе шектеу қою, электронды декларациялау қағидатының сақталмауы, белгілі бір тауарларды жеткізуде түрлі талап қою арқылы кедергілерді техникалық реттеумен бүркемелеу мәселесі отандық бизнестің алдындағы негізгі қиындықтардың бірі ретінде атап өтілді.

Михаил Мясникович Еуразиялық экономикалық одақ аясында қол қойылған 25-ке жуық келісім мен шарттар бүгінгі күнге дейін ратификацияланбай отырғанына назар аударды. Сонымен қатар алқа басшысы экономикалық дауларды шешу үшін ЕАЭК-ның сотқа жүгіну құқығының болуы керектігін және ЕАЭК арбитражын құру қажеттігін атап өтті.

Дариға Назарбаева аталған бастамаға қолдау білдірді және шешімдерді қабылдау рәсімі тым бюрократияланғаны мен оның ұзақ уақытқа созылатынын айтты.

Сенат төрағасы сондай-ақ қазақстандық ауыр жүк көліктерін жүргізушілердің Ресей-Беларусь шекарасындағы проблемаларына ерекше тоқталды.

“Одақтық мемлекеттердің іс-қимылы бойынша бұл шекарада халықаралық тексеру бекетінің болмауына байланысты шекарадан тек Ресей және Беларусь елінің азаматтары ғана өте алады. Бүгінгі күні қазақстандық жүргізушілерге шекарадан өтуге уақытша рұқсат бар, дегенмен оның өзі реттелмеген түрде”, – деді Д.Назарбаева.

Тағы оқыңыз:

Атырауда Қытай азаматы көз жұмды