Back

23 ақпанды тойлау – Тәуелсіздікке жасалған қиянат

23 ақпан кеңес әскерінің құрылған күні екенін бәріміз білеміз. Демек, бұл мерекенің тәуелсіз Қазақстанға түк қатысы жоқ. Өкінішке орай, еліміздегі көптеген ер-азаматтар стақандарын қағыстырып, баяғы мерекені атап өтті. Әлеуметтік желіде бірін-бірі құттықтады. Осылайша олар ескі кеңестік жүйенің сарқыншағынан әлі арыла алмағандарын тағы бір рет дәлелдеді.

Әлдекімдер «Бәріміз Кеңес заманында әскерге барып, отан алдындағы борышымызды өтедік. Мерекемен құттықтағанда тұрған не бар екен?» деп өз ойларын айтты. Оларға бұл мерекенің Тәуелсіз Қазақстанға ешқандайда қатысы жоқ екенін айтқанымызда, ащы суды жұтып алған ағаларымыз «Мен өлгенше осы мерекені тойлаймын!» деп ашуға булыққанын көргенде не жыларымызды, не күлерімізді білмедік.

Ең сорақысы ел-жұртқа танымал кейбір ағаламарымыздың аузынан да осыған ұқсас сөздер естідік. Ұят-ақ.

Олардың 23 ақпанды мереке ретінде қабылдауына кезінде Кеңес армиясының қатырында әскери борышын өтегендері себеп болыпты. Ал, орыс тілді қазақтар стақандарын қағастырып, 23 ақпан күні тельняшкаларын киіп алып, ішімдікке бас қойды.

Бұдан нені байқауға болады? Бұдан көптеген азаматтардың әлі күнге дейін құлдық санадан арыла алмағанын байқауға болады.

23 ақпанда Кеңестер Одағының мұрагері Ресей тойлайтыны белгілі. Соларға бірқатар Қазақстан азаматтары қосылып, осы бір күнді атаусыз қалдырған жоқ. Бөтен елдің мерекесін тойлау бұл – тәуелсіздікке жасалған опасыздық емес пе? Бұл ретте «Мерекеде тұрған не бар» деген сөз ақтау бола алмайды.

Кеңестік жүйенің құрамында болған Украина, Белорусь, Өзбекстан, Грузия, Әзірбайжан сынды елдердің ер-азаматтар 23 ақпанды естеріне де алған жоқ. Әйтпесе солар әскерге бармады дейсіз ба?

23 ақпанды той-томалақ десе далақтап жүре беретін баяғы қазақтар ғана тойлады.

23 ақпанды мереке санайтын ер-азаматтар осы жастар Әулие Валентин күнін тойлағанда оларға ақыл айтып, әлеуметтік желіде бір-бірінен асырып пост жазатынын бәріміз білеміз.

Осы ақылман ағайлардың келмеске кеткен Кеңес армиясының мерекесін тойлағанын жастарға қалай түсіндіруге болады?

Әдетте бүкіл адамзатқа ортақ мереке Жаңа жыл мерекесі жақындағанда әсіредіншілдер мен өздерін ұлтшыл санайтындар ағалар Жаңа жылдың христиандардың мерекесі екенін «дәлелдеп» әлеуметтік желідегі парақшаларына көлдей-көлдей жазба қалдыртын дәстүр қалыптасқан.

Одан кейін 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесі жақындағанда тағы да баяғы әлеулайларына басатынын білеміз.

Жақсы, біз Ислам діні үшін Жаңа жыл мен 8 наурыз мерекесін тойламайық. Ал Тәуелсіздігімізді, жеке мемлекет екенімізді жастарға сезіндіру үшін 23 ақпан күні бір-бірімізді құттықтамай, артымызды қысып, арақ ішпей 7 мамырға дейін шыдауға болады ғой. Бірақ көптеген ағаларымыз резвасы кеткен бұрандадай, жылда ескі әдетіне басады.

Қазақ жастарының Әулие Валентин мерекесін тойлауын – ақымақтық деуге болатын шығар. Ал дардай азаматтардың 23 ақпан Кеңес әскерінің құрылған күні арақ ішіп, бірін-бірі құттықтауы – бұл барып тұрған сатықындық.

Құдай бетін ары қылсын, күні ертең Украинадағыдай жағдай орын алатын болса, 23 ақпанды төл мерекесіндей тойлап жүрген ағаларымыз арағы мен тұздалған қиярын алып, орыстардың алдынан шығуы әбден мүмкін.

Нұрлан ЖҰМАХАН 

Тағы оқыңыз: 

Петр Своик: “Шындығында Қазақстанның мемлекеттік тілі – орыс тілі”