Back

Даниал Ахметов: “Елден биік емеспін. Халықтың талабы орынды”

ШҚО әкімі Даниал Ахметов Зайсандағы ахуалға қатысты пікір білдіріп, жағдайдың бақылауға алынғанын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

“Бүгін күні бойы халықпен бірге болдық, халықпен жүздестік. Арыз-шағымдарын тыңдадық. Әлбетте жұрттың сөзі жөн. Коронавирус, Қытай азаматтарына қатысты қауіптің бәрі орынды. Осы мақсатта 15 адамнан тұратын арнайы комиссия құрамыз.  Бұл комиссияның құрамына тек зайсандықтар кіреді. Қатарына қарапайым халық кіреді.

Қай жерде оқшаулау, қадағалау пунктері болады, Қытайдан келген өз азаматтарымызды бақылауға алу қалай жүргізіледі, шекарадағы бақылау шаралары, Қытай компанияларымен қалай жұмыс істейміз мұның бәрін комиссия мүшелерімен бірігіп талқылап, ортаға саламыз.

Халық биліктің қауіпті індетке қатысты қандай шара қабылдап жатқанын білу керек және соның бел ортасында жүруі тиіс. 

Дәл қазір шеруге шыққан жұрт тарқады. Олардың барлық сұрағына жауап бердім. Шешілмеген мәселелер күн тәртібіне қойылды, оларды кешіктірмей қолға аламыз”, – деді Даниал Ахметов.

Айта кетелік бұған дейін әлеуметтік желіде “қауіпті індет жұқтырған қытай азаматтары Зайсанға жеткізіліп, жергілікті ауруханаға жатқызылды” деген қауесет тараған. Мұны естіген Сартерек және Айнабұлақ ауылының халқы көшеге шығып, жергілікті әкімдіктен мән-жайды түсіндіруді және шекараны жабуды талап еткен.

Бұл мәліметті облыс әкімдігі жоққа шығарды.

Күршім ауданына жоспарланған сапарын кейінге шегерген өңір басшысы шекарадағы ахуалға алаңдаған Зайсан ауданының тұрғындарымен кездесіп, шекараны бірде-бір шетелдік кесіп өтпейтінін айтты.

“Қытаймен арадағы шекара жабық. Барлығыңызды сабырға шақырамын. Қытайдан келген бес адам өз азаматымыз. Студент жастар. Біз оларды шекараны ашпай, шеттетіп жібергеніміз дұрыс болар ма еді? Олар бірден карантинге жабылды, өзгелерден оқшауланды”, – деді өңір басшысы

Жергілікті жұрт өз кезегінде: “Өз азаматымыз болса қарсы емеспіз, тек шетелдіктерді кіргізбеңіздер”, – деген талап қойды.

Кеше өңір жұртшылығына есеп берген Даниал Ахметов өңірде коронавирустың таралуына жол бермеу үшін жедел штаб құрылғанын айтқан.

Есеп беру кезінде Зайсан ауданының тұрғыны Бақыт Сырбаева шекарадағы жұрт Қытайда тараған қауіпті вирустан қорқып отырғанын жеткізген еді.

Ахметов бүгінгі таңда жағдайдың қатаң бақылауда екенін айтып, халықты сабырға шақырды.

“Елімізде бұл инфекцияны жұқтырған ешкім жоқ. 17 ақпаннан бастап Қытайдан келген әрбір азамат 2 аптаға обсервациялық бақылауға жатқызылады. Өңірдің медициналық мекемелерінде коронавирусқа қарсы препараттар қоры жеткілікті. Баршаңызды үрейленбеуге шақырамын. Жағдай қатаң бақылауда”, – деді Даниал Кенжетайұлы.

Даниал Ахметов Зайсандағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады

Даниал Ахметов Зайсандағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады

Опубликовано Dalanews.kz ақпараттық агенттігі Четверг, 20 февраля 2020 г.

Тағы оқыңыз:

Даниал Ахметов: “Зайсан? Бірде-бір шетелдік шекарадан өтпейді” (видео)