Back

Тілтанымдық әліпби туралы не білеміз?

Соңғы уақытта әліпби тақырыбына қатысты тілтанымдық әліпби деген термин жиі айтылатын болды. Әліпбилердің ішінен осы әліпби түрін ерекшелеп айтып жүрміз. Неге?

 «Тілтанымдық әліпби» дегеніміз қандай әліпби? Қазақ грамматологиясындағы тілтанымдық әліпби дегеніміз – әліпбидегі әріптер тілдегі дыбыстардың негізгі реңкін, мағына ажырататын түрін таңбалайтын, әліпбидегі әріптің мазмұнына фонема мазмұны сәйкес келетін, негізінен, бір дыбыс бір әріппен (таңбамен) берілетін әліпби.

Тілтанымдық әліпбидің ерекшелігі неде? Басты ерекшеліктері– ортақ түркі әліпбиі негізінде жасалғандықтан түрік, әзербайжан, түрікмен әліпбилеріне ұқсас (1), бір дыбыс бір әріппен таңбаланады (2), тілдің фонологиялық жүйесіне латын әліпбиінің графикалық мазмұны сәйкес келеді (3), бір не екі айырым белгілері бар фонемалардың таңбасы өзара ұқсас, бірінен бірі шығарылады: дауысты дыбыстар жүйесінің жіңішке жұбы ұқсас фонемадан умлаут арқылы ажыратылады (а-ä, о-ö, u-ü, і-ɪ) (4), дауыссыздардың жұбы «айшық», «седиль» белгілерімен айырылады (g-ğ, s-ş, n-ŋ) (5), сондықтан сауат ашуда, тіл үйренуде таңбалардың бұл жүйесі жеңілдік туғызады (6).

Тілтанымдық әліпбидің авторлары кімдер? Ең алғашқы авторы филология ғылымдарының докторы, академик Ә. Қайдар (1991ж.) (Қайдаров Ә. Латын әліпбиінің болашағы зор // Ана тілі. 24.10.1991.), одан кейінгі жетілдірген нұсқасын ұсынған профессорлар Әлімхан Жүнісбек, Көбей Хұсайын және Нұргелді Уәли (1995ж,), одан да жетілдірген нұсқасын профессор Әлімхан Жүнісбек (1999ж.) және одан әрі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары ұсынған жобалар (2007, 2016ж.) (Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі: тарихы, тағылымы және болашағы А:Арыс, 2007. 410б. 233-237бб., сондай-ақ «Жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын реформалау» Алматы, 2016ж.395б.монографияларында көрсетілген).

Тілтанымдық әліпбидің неше нұсқасы бар? Кейбір айырмашылықтарын есептемегенде, дәл қазіргі уақытта тілтанымдық әліпбидің 2 жобасы бар. Басты айырмашылығы: академик Ә.Қайдаровтан бері келе жатқан 1-жобада w әрпі қазіргі y дыбысын (taw, uwaq, tuwɪs), ал у таңбасы қазіргі й дыбысын береді (say, ɪyɪq, kiyim), ал 2-жобада бұл әріптер u және і немесе нүктесіз і-мен беріледі: tau, uaq, tuɪs; saі, іyq, kiɪm, Бітіспес дау осы екі әріпте! Басқа әріпке қатысты тілтанушылар ішінде алауыздық жоқ. Сонда бұл әліпбиді барлық тілтанушы ғалымдар бірауыздан қолдайды деуге болады.

Тілтанымдық әліпбидің екі жобасы:

1-жоба.  

A a

Ә ә (ә)

B b

Ǧ ǧ (ғ)

G g

D d

E e

Іɪ (ы)

İi (і)

J j

Q q

K k

L l

M m

N n

Ŋŋ(ң)

O o

Öö (ө)

P p

R r

S s

Şş (ш)

T t

U u (ұ)

Üü (ү)

W w (у)

Y y (й)

Z z

 

2-жоба

Әріп Дыбыс Әріп Дыбыс
A a [а] N n [н]
Ä ä [ә] Ŋŋ [ң]
B b [б] O o [о]
    Ö ö [ө]
D d [д] P p [п]
E e [е] Q q [қ]
F f [ф] R r [р]
G g [г] S s [с]
Ğğ [ғ] Şş  [ш]
H h [х], [һ] T t [т]
I ı [і] Ū ū [ұ]
İ i [и], [й] U u [у]
J j [ж] Üü [ү]
K k [к] V v [в]
L l [л] Y y [ы]
M m [м] Z z [з]

 

Тілтанымдық әліпби жобаларындағы у мен и.  Даудың шешілмей тұрғаны аталған екі дыбыстың әу бастан қандай дыбыс екені анықталмай келгенінен. Бірде  дифтонгоид дыбыс (В.В.Радлов), бірде дауыссыз дыбыс (Н.И.Ильминский, Е.Омаров, Қ.Досмұхамедұлы), бірде шала дауысты (А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбанов), бірде дауысты дыбыс (Т.Шонанұлы, Р.Сүгірұлы, Н.Зәлиұлы), кирил әліпбиін қабылдағаннан кейін у әрпі бірде дауыссызды, бірде дауыстыны таңбалайтыны белгіленді, ал и әрпінің екі таңбасы болды. Алайда профессор Ә.Жүнісбек аталған дыбыстарды даусыз дауыссыз, (Джунисбеков А. Гласные казахского языка. Алматы, 1972.), сондықтан тек дауыссыз әріп ретінде ғана таңбалануы қажет деді. Яғни у дауыссызының алдынан ұ немесе ү дыбысы, й дыбысының алдынан ы немесе і әрпі қосылып жазылуы тиіс деді.

Жақсы! жазбаса да айтылатын немесе естілетін дыбысты таңбалайық. Жақсы! сөзді буынға бөлуде, тасымалдауда, филолог студенттерге  морфологиялық талдау жасауда бұ-уын, тұ-уыс, ы-йық, і-йә, ый-ман, ұ-уыл-ды-рық, о-құу-шы, ба-йұ-уы, тұ-уы-уы деп жазылып тұрған сөздер оңайлық етеді.

Бірақ жазу – миллионның құралы ғой! Миллионның бәріне сөздің түбірін таптыру шарт емес қой. Сөзді буынға бөлу сауат ашудан кейін өміріміздің қай кезеңінде қажет болды? Сол миллионға й дауыссызының алдынан айтылатын қысаң езуліктердің бірін (ы мен і) немесе у дауыссызының алдынан айтылатын қысаң еріндіктердің (ұ, ү) бірін қалдырмай, жалықтырмай жаздырта аламыз ба?

Жалықтырмай деп отырғанымыз қазіргі кирилдің и, у таңбасы әлі санамызда жоқ кезде, 20 ғасырдың басында М.Дулатұлы бұлар дауыссыз болғанмен, бір таңбамен беру қолайлы, яғни «бір дыбыс болып естілетін ұзын у мен и-ді бір әріппен жазатын болсақ, жазу жеңілденеді» (Г.Мамырбек Артық әріптің қажеті бар ма?// Ана тілі, 2018. қазан) деп, «ұу, ыу-лар бір дыбысқа ұқсап естіледі. Оны екі әріппен балаларға түсіндіргенде де, жазғанда да ауыр болады, сондықтан ұу, ыу-ларды бір әріппен жазатын ереже шығару керек» (Сонда) деген. Яғни қазіргі «орыстанған» біздің «санамызбен бірдей (?) ойланды». М.Мырзаұлы да «сұу, бій сықылды сөздердегі у мен и-ді дауысты дейміз, олардың алдында құлаққа естілмейтін ұ, і бар деп әуреленбей, сұу, бій сықылды сөздерді су, би деп жазамыз, сонда жазу жеңілденеді, мұны балаларға үйрету де жеңіл болады» деді (сонда).

Қосар таңба сол заманның өзінде машақатты болғанын, Ж. Аймауытовтың мына сөзінен байқауға болады: «Таластың үлкені ұу туралы. Жаңа оқығандар түгіл, оқығандарымыз да бұған төсеніп кете алмай жүр. Сөздің буынын ашқанда кейде ы, кейде ұ шығады. Ы шықса жалғыз у жазылады. Және сөздің түбіріне сүйенеді: оқу, жору, танудың түбірінде ы дыбысы бар оқы, жоры, таны. Сондықтан жалғыз у жазылуы тиіс. …Ал енді түбірінде ы дыбысы жоқ алу, бару, асу, табу, татуларға келгенде тағы тайқып кетеміз. Буындарын ашамыз да алыуы, барыуы, асыуы, табыуы, татыуы болады дейміз. Бұлардың түбірі ал, бар, ас, тап, тат болған соң алұ – уы, барұ – уы, асұ – уы, табұ – уы, татұ – уы болып неге жазылмайды. Бұл жерде не естілуге, не түбіріне сүйене алмай қаламыз. Онан да етістік болса жалғыз у жазылады деген ереже болса дау аз болар еді. Әйтпесе, алұ – уы, барұ – уы, асұ – уы, табұ – уы, татұ – уы деген сөздерде кейде ұ, кейде ы естіледі деп қалай айта аламыз? Бәрінде де у естіліп тұрған жоқ па?», – дей отырып: «сұу, бұу, құу, тұу сықылды у ұзын естілетін орындарда жалғыз ақ у жазылсын деймін. Қайтсе де жұуу керек, ай тұууға таянды, сағым құуу жарамайды дегендегі қаздай тізілген көп ұуу-ларды қолайлы деп айтуға болмайды. Жазу оңайласын десек, у-ларды қысқарту керек»  (Ж.Аймауытұлы. Емлені өзгертуге жоба // Еңбекші қазақ 1924 ж. 7 қаңтар). Міне, бұл – кирил әліпбиіне өтпеген, қазіргі дауыстыны да дауыссызды да бір у әрпімен таңбалаған, «орыстанған» сананың ауылы алыс заманда айтылған сөз.

Сол 20 ғасыр басында арыстарымыз тағы: «Емлеге салқын ақыл, саналы ой керек. Емлеге әркім әр жақтан қарайды. Біреу тіл тарихынан, біреу нағыз грамматика жағынан» (ХХ ғ. басындағы қазақ тілі жөніндегі зерттеулер 2-кітап. Астана, 2018. 23,27бб) деген екен. Міне, біз әлі отырмыз: біріміз фонетиканың ұғымдарын іздеп, біріміз морфологиялық тұлғаларды жоғалтып…

Бірақ біздің алғашқы әліпбилеріміз фонетикалық болды. Ый, ій. Ұу, үу дыбыс тіркестерін қалдырмай таңбаладық. 1929ж. латын графикасына көшкенде у дауыссызын – v таңбасымен, й дауыссызын j таңбасымен жаздық. Сөйтіп, төл сөзде де, кірме сөзде де ьj, ij, uv, yv әріп тіркестері болды: kylyv, qьluv, sijstema, barijant, tijgen, eluv, buvaz, suv, quvgan (С.Мұқанов, Қ. Бекқожин. Әдебиет хрестоматиясы. 1936ж.). Бірақ 1933ж. көп ұзамай әліпбидің осы тұсын жeтілдіру қажеттігі шыға бастады. Қ.Жұбанов: “уу, үу, ұ, ү, у әріптерімізбен таңбалап жүрген түрлі дыбыстардың бәрі де жалғыз у-мен көрсететін жерлері болушы еді. …Бұл үлкен шатақ еді. Осы шатақтан құтылмақ болғандағы қарманғаны әлгі қосар әріптер болады. Бірақ шатақтан құтқару орнына әлгі қосар әріптер одан әрі қосарлана, шатақты шиеленістіре түсті” деді. С.Аманжолов и, у таңбаларының  салдарынан миссисипи, миссури сияқты сөздердің  mijssijsijpij, mijssyvrij деп 6, 7 әріптің онына, 13-9 әріпке дейін жазылуы дұрыс болмағанын айтты. Ғалым и, у әріптерінің жуан-жіңішкелігін түбір не қосымша ажыратып тұрады; ал жуан-жіңішке пары бар сөздердің жіңішкесін таңбалауға болады деді: ti-tji, tyu-tu (Аманжолұлы С. Жаңа әліппенің кейбір дыбыстарын өзгерту, емле мен терминді дұрыстау туралы // Социалистік Қазақстан. 23.08.1933.; Аманжолов С. Орыс графикасына негізделген қазақтың жаңа алфавиті мен орфографиясы. Алматы, 1940.-30 б. 17б.). 30 жылдары Ғ.Ниязұлы деген автор “Социалистік Қазақстан” газетінің төрт бетінде 700 жол басы артық ы, і таңбаларын салуға кеткенін айтады.

Сонымен, Қ.Жұбановтың, кейін С.Аманжоловтың ұсынуымен 1938ж. 2 қаңтарда қабылданған “Қазақ тілінің орфографиясын өзгерту” туралы қаулыда uv (ұy), уv (үу) қосар әріп u таңбасымен ауыстырылады: uvagьt-uаgьt, uvьq-uьq, yvәdе-yәdе, kеlуv-kеlu, quvus-quьs. Мынадай ескерту болды: y (u), түу (tyv), sуv (сүу) сөздерін екі әріппен беру ыңғайсыз, әрі сөз мағынасын айыруға кедергі келтіретіндіктен (ту мен түу деген одағайлар) қосар әріппен жазу. Сол сияқты ьj (ый), ij (ій) қосар дыбыстарының орнына бір ғана і  таңбасы алынды. Тек тый, сый сөздерінде бұрынғы емле сақталатыны туралы ескерту болды (Академик Н.Сауранбаевтың еңбектері. І том. Алматы, 2000,-400б.). Сөйтiп, ұу, түу, сый, тый сөздерінен басқалары бір әріппен жазылатын болды.

Орыс әліпбиі негізіндегі қазақтың жаңа алфавиті мен орфографиясының жобасы СССР Ғылым академиясының Қазақстандағы филиалының қазақ тілі секторы С.А.Аманжоловтың басшылығымен жасалады да, 1940ж. емле ережелері жарық көреді. Емле ережесінің талқылауға ұсынылған ресми нұсқасы 1953ж. газет бетіне жарияланады. 1957ж. үкіметтің арнайы қаулысымен қабылданғанға дейін аталған жоба қалың жұртшылықтың талқысына түсті. Пікірталастар әсіресе “Қазақстан мұғалімі”, “Социалистік құрылыс” мерзімді баспасөздерінде үзбей басылып отырды. Мақалаларға зер салсақ, мұндағы пікірдің көбі и әрпінің емлесіне қатысты (у әрпін қосармен жазу тіпті сөз болмаған). Барлық буындағы ый, ій әріптерін қысқартып жазу ұсынылған. и-ді ки дегенде бір әріппен, қи дегенде екі әріппен (қый, қыйын) жазу, сөз басы мен терминдерде бір әріппен (иық, ғылми), тіпті болмағанда екі вариантпен де жаза беру, оны қатеге санамау (қағида//қағыйда) сияқты әртүрлі жолдар ұсынылған (Кеңесбаев І. Өңделген қазақ жазуы // Социалистік Қазақстан. 9.06.1957).

1956ж. Тіл және әдебиет институты емле ережесін талқылауға шақырылған жиналыста профессор М.Балақаев қосар ый, ій таңбаларының орнына и әрпін жазуды ұсынады. Осы жиналыста «жазудағы ала-құлалықты» жою үшін қосарлы дыбыс естілетін жерлерде жалаң и жазуды ұсынған оқу-педагогика баспасының редакторы Р.Сыздықованың сөйлеген сөзі үлкен себеп болған (Қуанов Е. Қазақ алфавиті мен орфографиясын жетілдіре түсейік // Қазақстан мұғалімі. 12.01.1956.)

Бұл емле жұртшылық тарапынан бірден қолдау табады. Қарсы пікір болмаған сыңайлы. Сөйтіп, жазудағы экономия, жазу мен ауызша тілдің арасындағы параллель түзілім қазақ жазуына табиғи жолмен, өз қалауымызбен осылай келген еді. Бұл қазірде көп айтылатын «орыс әліпбиінің кесірі», «қызыл саясаттың» қырғыны, «орыстақы қоғамның» жемісі емес. Және Байтұрсын әліпбиін қолданатын қытай қазақтарының қазіргі жазуының өзінде 1954 жылы ый, ій тіркестерін бір таңбаға ауыстыруға орыс әліпбиінің «кержақтылығы» себеп болмады.  

У, и әріптерінің жиілігі жоғары емес қой деген де пікір бар, иә, жиі емес, бірақ «Қазақ сөзформа құрылымының жиілік сөздіктері» атты 2018 жылы жарық көрген еңбекте сөз соңында кездесетін у әрпі 10-орында, ал и әрпі 18-орында, яғни барлық мәтіннің 2,7767% у әрпі сөз соңында жазылып жүр екен (аталған еңбек,19б). Яғни мұны тұйық етістіктің белсенді қолданысы көрсетіп тұр.

Біз қазір 1-жобаны қолдағанмен миллион қолдамайды. Миллионның қолындағы қаламды не пернетақтаны біз жазып бермейміз. Әліпбиді бір қабылдап, біршама уақыттан кейін өзгеріс енгізетінімізге көзіміз жетіп отырып, бекітуге біздің құқығымыз жоқ! 2016 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұжымдық зерттеуі барысында 250 респонденттен алынған ақылы сауалнамада (сауалнама ақылы болса, жауап шынайы, жанашыр болады) берілген 3 түрлі әліпби жобасында да аталған әріптер дыбыс тіркесімен берілген еді. Бірақ сауалнама нәтижесінде 3 жобада да ый, ій, ұу, үу әріп тіркестерін бір таңбамен жазып, қателесу барлық жазба жұмыстың 30%-нан асты. Бұдан «ешқандай жоба оң нәтиже берген жоқ» деген қорытынды шығарылған (Жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын реформалау. Теориясы мен практикасы. Алматы, 2016. 296, 342б.).

Дұрыс әліпби ұсыну –  тілшілердің міндеті. 20ғ басында айтып кеткен «көбінесе іске қолайлы (практика), жеңілдік, қала берсе, естілу, аз сөз, көп мағына керек. Аз әріп, көп дыбыс – жақсы хат шарты. Сөздің ықшамдығы – тез оқу шарты. Ежелеп оқымаймыз – суретін танып, тұлғасын танып оқимыз. Тұлғаның тұрқы неғұрлым қысқа, ықшам болса, оқуға да жеңіл болады» (ХХ ғ. басындағы қазақ тілі жөніндегі зерттеулер 2-кітап. Астана, 2018. 23,27бб) деген әліпби шарты, 21 ғ. ұрпағы үшін тіптен өзекті.

 

Қ. Күдеринова

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі

институтының бас ғылыми қызметкері, 

ф.ғ.д., профессор