Back

“Қазақта мемлекет болмаған” деген Путинге Назарбаев жауап қатты

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев instagram-дағы парақшасында қазақтың тарихына қатысты ойын жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

“Менің замандастарым, одан кейінгі ұрпақ қазақ тарихы Қазан төңкерісінен басталады деп есептедік. Біз үшін қазақтың басқа тарихы болмағандай еді. Алайда қазір оны терең зерттеуіміз қажет.

Біздің ата-бабамыз – ғұндар, одан жақындау келсек – Ұлы Түрік қағанаты. Біздің жеріміз әрқашан сол мемлекеттердің орталығы болған. Сондай-ақ Алтын Орда мемлекеті бар.

Осының барлығын қорытындыласақ, біздің тарихымыз екі мың жылға жалғасады. Алуан түрлі заманды бастан өткере отырып, біз өз тілімізді, дінімізді және өзіндік ерекшелігімізді сақтай алдық. Біз жастарымызды осы рухта тәрбиелеуіміз керек”, – делінген жазбада.

Өз кезегінде желідегі жұрт мұны Назарбаевтың Ресей президенті Путинге қайтарған жауабы деп жорамалдады.

Путин бұған дейін “қазақтарда ешқашан мемлекет болмаған” деп мәлімдеген болатын.

“Ақ патшаның оралуы” деген мақала жариялаған Economist журналының мұқабасы. Франция, Страсбург. 28 қазан, 2017 жыл

2014 жылы жастар форумы кезінде Путин “Назарбаевтың ешқашан мемлекеті болмаған қазақтарға мемлекет жасап берген” айтқан.

– Ол ерекше нәрсе жасады. Ол ешқашан мемлекет болмаған аумақта мемлекет құрды. Қазақтарда ешқашан мемлекеттілік болмаған, – деген еді Ресей президенті.

Путиннің сөзі Қазақстандағы әлеуметтік желілерде наразылық туғызды. Twitter-дегі «Путинге тарих оқулығын жібер» акциясы басталғанын хабарлаған жазба жүз шақты рет көшіріліп жарияланған.

Кейіннен “Қазақ хандығы” сериалы түсірілді.  Сериалды түсіруге Владимир Путиннің сөзі себеп болған. 

“Естеріңізде ме, Путин қазақтарда ешқашан мемлекет болмағанын, кейін Назарбаев құрғанын айтып еді ғой. Бұл біздің сериалды түсірумізге үлкен себеп болды”, – дейді кинотуындының продюсері Арман Асенов.

Ресей президентінің ТМД кеңістігіндегі елдерді “кемсітуі” бірінші рет емес.

Былтыр ресейлік тілшілерге сұхбат берген ол “18 ғасырдың соңы – 19 ғасырдың басында Грузия деген мемлекет болмаған, оның орнында Тифлис губерниясы болған” деп мәлімдеген еді.

Сарапшылар пікірінше Путин осы арқылы Кремльдің геосаяси мүддесін алға тартуды көздейді.

Тағы оқыңыз:

Министр Нұрымбетов: “Халықтың әдемі қартаюға ақшасы жетпейді”