Back

Мәдениет министрлігі Сәбит Әбдіхалықовты қызметінен ала ма?

Алматыда Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртістері директор Сәбит Әбдіхалықовты орнынан алуына қарсы. Мұнда соңғы бес жылда үш рет басшы ауысыпты. Әбдіхалықовтың да әкем театрдың директоры болып тағайындалғанына небәрі бір жыл болған. Әртістердің айтуынша, Мәдениет министрі енді оны қызметінен алмақ, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртістерінен маза қашқан. Айтуларынша, «өнер ордасының басшысы Сәбит Әбдіхалықов ауысады» деген сыбыс шыққалы ешкімнің жұмыс істеуге құлқы жоқ.

– Сәбитті ауыстыруға қандай себеп бар? Соны бізге айтыңыздаршы? Ауыстырады деп естіп жатырмыз. Ол кісі бірдеңе жеді ме? Ол кісі зейнетке шыға ма? Жоқ! Қандай себеп? Бізге неге айтпайды? – дейді актриса Рашида Хаджиева.

Соңғы  бес жылда әкемтеатрда үш мәрте басшы ауысыпты. Сондықтан көпшілік құзырлы ведомостваның қазіргі директорды қызметінен алу туралы идеясын қолдамайды.

– Тағы бір бастық келіп, тағы талан-таражға салса, не боламыз? Біз театрда әр бастықтың жағдайын ойлап, әркімнің көңіліне қарап жүргенде, өнер қайда қалады? Сәбит – керемет менеджер. Көрермен мен ақшамызды қайтарды, – дейді  актриса Нұржан Бексұлтанова.

Ұжымдағылар Сәбит Әбдіхалықовтың жұмысына разы. Бір жылда жаңа қойылымдар мен көрермен көбейген. Сәйкесінше, кассадағы табыс молайыпты. Ең бастысы, театрдың талай жылғы қордаланған 10 млн теңгеден астам қарызы толық өтелген.

Қазір театрдың басшысы жүрегіне ота жасатып, шетелде ем алып жатыр екен. Ал оның орынбасарына вице-министр қысым жасағанын айтады.

– Министрдің атынан Дәуешов мырзаның өзі маған «арыз жазып, өз еркіңмен кетіңдер» деп жазып жатыр, – дейді М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директорының орынбасары Әлібек Әмірсейітов.

– Бізде «астыртын ойындар» жүйкемізге тиді. Жаңадан келіп жатқан жастардың  тұратын орны жоқ. Аш-жалаңаш жүреді, таңнан келеді, биі бар, вокалы бар. 12 сағат жұмыс істейді, – деді ҚР Халық әртісі Гүлнәр Жақыпова

Жаңа жылдан бастап әртістерге түрлі сахна киімін тігіп, сахнаны безендіретін қызметкерлердің жалақысы қысқарған. Осылайша сахна майталмандары министр басшы тағайындаудан гөрі, жастарға жағдай жасап, жалақыны көбейтсе деп тілегін айтуда.

Ал министрліктің берген жауабы мүлде басқа.

– Тетар директорын жұмыстан босату біздің ойымызда жоқ. Бірақ жұмыстың тиімділігіне қарай, оның іскерлігіне қарай, ары қарай «бұл жұмысты алып кете ала ма, алып кете алмай ма?» деген мәселе туындауы мүмкін. Сонымен қатар ұжымның пікірі бізге маңызды, – дейді ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова.

Өнер ұжымы театр директорының ауысуына қатысты әңгімені алдағы болатын күрделі жөндеумен байланыстырып отыр. Жаңа маусым аяқталса, әкем театр 2-3 жылға күрделі жөндеуге жабылады екен. «Бұл дегеніміз қыруар ақша» дейді әрітстер. Сондықтан өнер ұжымы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловамен жүзбе-жүз кездесуді талап етуде.

Әсем ҚАБЫЛБЕК

Тағы оқыңыз:

Сәбит Әбдіхалықов шаңырақ көтерді