Back

Танымал кәсіпкерлер Алматы облысында 30 пәтерді тегін тарту етті

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қапшағай қаласының тұрғындарына 30 пәтердің сертификатын тапсырды деп хабарлайды Dalanews.kz облыстың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осы күні көп балалы отбасылар, жетім балалар мен І, ІІ мүгедектер сертификат алу қуанышына кенелді. «Teniz Towers» тұрғын үй кешенінде «7-20-25» бағдарламасымен салынып жатқан пәтерлерді бизнесмендер Болат Абилов пен Ораз Жандосовтар «Eneverse Kunkuat» ЖШС-ның жеке қаражатына сатып әперді.

Еске салсақ, бұған дейін бұл компания Қапшағай қаласының маңынан 100 МВт күн электр стансасын салған болатын.

Көпшілікті қуанышты сәтімен құттықтаған Амандық Баталов, облыста халықты қолжетімді баспанамен қамту бағытында едәуір жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті.

Бұл ретте меценаттар тарапынан да зор қолдау жасалып отырғанын тілге тиек етті:

– Елбасының сарабдал саясаты, оны лайықты жалғастырып келе жатқан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанған бағыты, соның негізінде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар ең алдымен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр. Осы мақсатта Алматы облысында үлкен жұмыстар атқарылуда.

Қабылданған шаралардың арқасында өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 4,5% өсіммен 3 трлн. теңгеге жетті. Әсіресе, халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге ерекше мән береміз. Тұрғын үйлер бюджет қаржысынан пайдалануға берілуде, бұл ортақ іске біздің меценат жерлестеріміз де зор үлес қосып келеді.

Өткен жылы облыста 894 мың шаршы м тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 25% артық. «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламаларының нәтижесінде 2443 отбасы баспаналы болса, соның 1779 отбасы – әлеуметтік әлжуаз топтар мен көп балалы отбасылар.

Жалпы өткен жылы облыста көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға 40 млрд. теңге бөлінсе, биылғы жылы осы мақсатқа бюджеттен 59 млрд. теңге қарастырылып отыр. Ал бүгін біз облысымызда ірі жобаларды жүзеге асырып жатқан бизнесмендердің көп балалы отбасыларға, жетім балаларға, мүгедек жандарға өз қаражатына 30 пәтер сатып алып бергенінің куәсі болып отырмыз. Бұл – бәріміз үшін маңызды әрі қуанышты жағдай. Шаңырақтарыңызға шаттық пен бақыт, құт-береке тілеймін, – деген А.Баталов, бизнесмендерге алғысын білдірді.

Мұнан соң меценаттардың өзі – Болат Абилов пен Ораз Жандосов құттықтау тілектерін айтты.

Бүгін – біздің компаниямыз үшін де маңызды күн. Біз жаңа үйден 30 пәтер сатып алып, сіздерді қуантқанымызға ризамыз. Жаңа баспана сіздерге тек қана қуаныш, мейірім мен молшылық әкелсін! Бақытты болыңыздар!, – деді Б. Абилов.

Өз кезегінде О.Жандосов қайырымдылық шаралары өткен жылы қыркүйек айында Қапшағай қаласының маңында бой көтерген күн электр стасасының құрылысы жобасын жүзеге асырудың арқасында мүмкін болғанын айтты:

  • Облыс басшысының, Қапшағай қалалық әкімдігінің қолдауының арқасында Қапшағай күн электр стансасы табысты жұмыс істеп тұр. Станса жұмысы сіздерге қуаныш сыйлау туралы ойға алған игі мақсаттарымыздың орындалуына мүмкіндік жасады, – деді О. Жандосов.

Облыс әкімі бизнесмендермен бірге «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасымен салынып жатқан 70 пәтерлі тұрғын үйдің 30 пәтерінің сертификатын қала тұрғындарына салтанатты түрде табыс етті.

Еске салсақ, «Eneverse Kunkuat» ЖШС компаниясы қуаты 100 МВт болатын күн элект стансасын салып, іске қосқан болатын. Сол кезде компания өкілдері түрлі әлеуметтік жобаларды іске асыруға Қапшағай қаласының әкімдігіне 250 млн. теңге сыйға тартқан еді. Осы сомаға қаланың әлеуметтік әлжуаз топтарына жататын тұрғындарына бүгін 30 пәтер сатып алынып отыр.

   Қапшағайлықтардың атынан «Қамқор жүрек» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ләззат Салықова мен көп балалы ана Светлана Кеулімжаева сөз алып, көрсетілген қолдауларға шын жүректен ризашылықтарын айтып, қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтады.

– Менің 7 балам бар, «Алтын алқа» иегерімін. 2008 жылдан бері мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін үй кезегінде тұрмын. Бүгін, міне, менің отбасым көптен күткен  жеке пәтеріне қол жеткізгелі тұр. Бұл мен үшін – зор қуаныш. Көп балалы отбасылардың атынан бізге көрсеткен қамқорлықтарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын, – деді көп балалы С.Кеулімжаева.

  • Біздің мемлекетімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалыларға, аз қамтылған отбасыларға, жетім балаларға зор қолдау көрсетіледі. Қапшағай қаласы, жалпы Алматы облысы маңызды әлеуметтік бағдарламаларды сәтті жүзеге асырып отырған алдыңғы қатарлы аймақ екенін атап өткім келеді. Бүгінгі қуанышты оқиға әрқайсыңыздың көңіліңізде жарқын сәт ретінде ұзақ сақталады деп ойлаймын. Шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын! Мұқтаж жандарға қол ұшын берген азаматтарға рахметімізді айтамыз, – деді Л.Салықова.

Атап өтсек,

«Teniz Towers» тұрғы үй кешенінің құрылысы 2019 жылдың қараша айында басталған болатын.

Биылғы жылдың мамыр айында пайдалануға беріледі. Мердігер компания – «Дрифт Групп» ЖШС. Кешенде 70 пәтерлі бес қабатты үй салынады. Онда жалпы алаңы 3915,2 шаршы метр болатын 16 бір бөлмелі, 40 екі бөлмелі және 14 үш бөлмелі пәтерлер бар.

Жалпы 2020-2021 жылдары Қапшағай қаласында 200 пәтерлі бес бес қабатты тұрғын үйлер құрылысы жоспарланған («Қапшағаймаржаны» ТК, құрылысын жүргізетін «Дифтгрупп» ЖШС). «7-20-25» бағдарламасымен «Balsu-Lux» тұрғын үй кешеніндегі үш көп пәтерлі тұрғын үйдің 54 пәтері пайдалануға қабылданып алынған. Сонымен қатар «Нұрлы жер» бағдарламасымен биылғы жылдың мамыр айында 30 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталады, бір жалгерлік, екі кредиттік үйдің құрылысы жүріп жатыр.

Алматы облысының әкімі Қапшағай қаласына жасаған сапарында «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасымен салынып жатқан «Balsu-Lux» тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстарын көрді.

Мұның құрылысын «Термомакс» ЖШС мердігер компаниясы 2017 жылдың сәуірінде бастаған болатын. Компанияның бас директоры Айбар Субаловтың айтуынша, бүгінгі күні құрылыстың І кезегі аяқталған, яғни 54 пәтерлік 3 үй салынып біткен.

Енді 36 пәтерлік 2 үйдің құрылысын қамтитын ІІ кезегі жүзеге асырылуда. Барлық жұмыстар биылғы жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс. Кешенде жалпы алаңы  6687,0 шаршы метр болатын 30 бір-, екі және үш бөлмелі пәтерлер болады.

Үйлер ерекше дизайнымен, пәтерлерінің жайлы жобалануымен және заманауи жоғары сапалы құрылыс материалдарының қолданылуымен ерекшеленеді.

Амандық Баталов өзінің орынбасары Батыржан Байжұмановқа осы компаниямен педагогтар мен медицина қызметкерлеріне арнап тұрғын үйлер салу туралы келісімшарт жасасуды тапсырды.

  • Үйлердің сапасы өте жақсы. Мұндай үйлерді облыстың кез келген ауданынан салуға болады. Ең алдымен осындай үйлерді кадр жетіспеушілігін шешу мақсатында дәрігерлер мен мұғалімдерді тұрғын үймен қамту туралы жоспарымызды жүзеге асыру үшін Талдықорған қаласында қолға алу мәселесін қарастыру қажет, – деді А.Баталов.

Сонымен бірге А.Баталов «Қапшағай қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ әкімшілік ғимаратына барды.

Бұл ғимаратта үкіметтік емес ұйымдарды қоса алғанда 12 ұйым орналасқан. Облыс әкімі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықтың жұмысымен танысып, «Қапшағай Самға» және «Қамқор жүрек» мүгедектер қоғамдық бірлестіктерінің өкілдерімен кездесті.

«Қамқор жүрек» МҚБ төрайымы Ляззат Салықова қоғамның қол жеткізген табыстары туралы, жүзеге асырып жатқан және жоспарланып отырған жобалары жайлы баяндап, жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілген қолдаулар мен мемлекеттік бағдарламалар аясында жасалған жағдайлар жайында ризашылықпен жеткізді.

– Сіздердің мейрімдеріңіз, өмірге деген құштарлықтарыңыз, қиындыққа төтеп беретін қайсарлықтарыңыз, еңбексүйгіш қасиеттеріңіз – барлық жастарға және жалпы қоғамға үлгі. Біз сіздерге өз тарапымыздан барлық қажетті қолдауларды жасаймыз, – деді А.Баталов.

Тағы оқыңыз:

“Мені босатыңыздар”. Жәкішев билікке үшінші рет өтініш түсірді