Back

Қазақстаннан құралақан қайтқан кәріс фильмі АҚШ-та “Оскар” алды

“Оскар-2020” жүлдесінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі мәресіне жетті. Жылдың “Ең үздік фильмі” номинациясында Оңтүстік Кореяның “Паразиттер” фильмі топ жарды. 


“Паразиттер” осынау сыйлы жүлденің тарихындағы “Оскарды” жеңіп алған, шет тілде түсірілген алғашқы туынды.

Фильмді түсірген Пон Чжун Хо “Үздік режиссер” атанды.

Былтырғы жылдың мамырында “Паразиттер” Канн фестивалінде үздік шыққан болатын.

Одан беріде Голливудтың “Алтын глобусын” алды, Британияның кино және телеөнер академиясы да кәріс фильмін шет тілде түсірілген үздік фильм деп таныды. Ал Американың киноактерлер қауымдастығы “Паразиттерге” үздік актерлік құрамы үшін премия табыстады.

Кәріс фильмі көрермендер мен сыншылар тарапынан да оң бағаланды.

Кино желісі мен актерлік құрамның шеберлігі біте қайнасқан туынды өмірден өзінен алынған.

“Сеулде жертөледе өмір сүретін кейіпкердің ғұмыры бүтін бір киноға арқау болды”, – дейді режиссер Пон Чжун Хо.

Бай мен кедейдің арасындағы теңсіздікті, әлеуметтік әділетсіздікті, жоқшылықты, шетелге еліктеушілікті және сол арқылы жалпы қоғамдық-саяси жүйедегі олқылықты жантүршіктірер хоррор және астарлы әзілмен астастырып көрсеткен кинокартина Қазақстандағы “Еуразия кинофестивальінде” бақ сынаған еді.

Қазақстаннан қанжығасын майлап қайтпақ болған “Паразиттер” Кореяға құр алақан оралады. Кәріс фильмі байқаудағы бәйгеге таласатын 12 туындының ішіне кірген.

“Еуразия” кинофестивалінде қазақстандық режиссер Фархад Шәріптовтың “Тұлғалық өсу тренингі” фильмі бас жүлде алды. Фильм орыс тілінде түсірілген. Басты рөлде танымал актер – Дулыға Ақмолда ойнайды.

Тағы оқыңыз:

“Расист, русофоб…”. Танымал сенаторға кімдер өшігіп жүр?