Back

Мұхтар Тайжан: “Биліктегілердің бала-шағасы ата-анасынан өткен ашқарақ”

“Еңбексіз келген аста-төк табысы бар, әй дер әже, қой дер қожасы жоқ, қара мерседесі мен қалың дуалдың аржағында халыққа мұрнын шүйіре қарайтын біздің элита кімнің есебінен шалқып жүргенін естен шығарды”, дейді саясаткер Мұхтар Тайжан.


Саясаттанушының айтуынша биліктегілердің балалары да бұзылған.

“Әке-шешесінен тәрбие көрмеген олар халықтан қайдан қаймықсын. Арақ-шараптың тұзағына түскен, есірткіге салынған, арамтамақ, жатып ішер – ел алдында есеп беруді ұмытқан элитаның бүгінгі үрім-бұтағы осындай. 

Жастайынан не ішем, не кием демей, қарны тоқ, уайым-қайғысыз өмір сүрген осы ұрпақ ақыр соңы азып-тозып тынады. Психикасы бұзылады, депрессиядағы түседі, соңынан өзіне қол салуы да ғажап емес. 

Совет үкіметі кезінде сондай еді, қазір де солай. Элитаның бала-шағасы ата-анасынан өткен ашқарақ. Еңбексіз келген есіл ақшаны лақылдатып төгіп шашып жүр. Мұндай байлардың балалары ұшақта эконом-класс дейтін сіз бен біздей қарапайым адамдарға арналған орын бар екенін білмейді де. 

18-ге толғанда жастайынан үлде мен бүлдеге оранған әлгі есерсоққа ата-анасы қымбатты көліктің кілтін сыйлайды. Қымбатты дегеніміз бергі жағы, әлгіндей көлікке сіз бен біздей қарапайым адамдар ғұмыр еңбек етсек де қолымыз жетпес еді. 

Еңбексіз келген темір тұлпарға өле мас күйінде мінеді, есірткіге лықа тойып түнімен көз ілмейді, ойында ештеңе жоқ қаперсіз адамды қағады, түнгі клубтарға баса-көктеп кіріп, оқ атады, онысын әлеуметтік желіге жүктейді. Сөйте тұра жазасыз кетеді. Мұндай байлардың еркетотайлары абақтыға қамалды дегенді естімейсің бізде елде. 

Елге тиесілі несібені шайнамай жұтатын тойымсыз элитадан өзінен де сорақы ұрпақ өсіп шығады.

Галина Брежнева, Гүлнәр Кәрімова және дәл қазіргі жағдай соған дәлел. Табиғат тамағында тұрып қалған мұндай күл-қоқыстан тез арылады.  

Анығында нағыз элита өз ұрпағын өзгелермен тең дәрежеде тәрбиелеген. Бала-шағасының қиындықты еңсеріп, өмірдегі мақсатына өз еңбегімен жетуіне көңіл бөлген. 

Балаңды еңбекке баулу, өмірдің сынағынан өткізу, жақсы менен жаманды айыра білетін есті азамат етіп тәрбиелеу аса маңызды. 

Бірақ біздің элита мұны түсінген жоқ. Қайдан түсінсін? Тәуелсіздіктің арқасында аспаннан қарша жауған аста-төк ақшаның астында қалды. Сонда да тойған жоқ. Бөгіп, борсып жатыр. Тәубе дегенді ұмытты. Оларды, олардың балаларын тегін келген есепсіз байлық аздырды. 

Байлық деген жеңіл жүк емес, оны көтере алмайтын отбасыларын езіп тастайды”, – дейді Мұхтар Тайжан.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ

Тағы оқыңыз:

Ай сайын шашын бояйтын Түркіменстан президенті елді әбігерге салуда