Back

Прагада «Абай» орталығы ашылды

Алты Алаштың емес, адамзатқа ортақ ойшыл хакім Абайды ұлықтау – бұлжымас парыз! ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында айрықша атап өткен еді. Әрі ақын мұралары республикада ғана емес, шетелдерде де кеңінен насихатталғаны дұрыс. Ұлттық академиялық кітапхана Мәдениет және спорт, Сыртқы істер министрліктері өзге елдердің елшілігімен бірлесе «Абай» мәдени-ақпараттық орталығын ашу жобасын қолға алды.

Таяуда “Абай” мәдени-ақпараттық орталығы Чех астнасы Прага қаласында ашылды. Орталықты ашудағы мақсат қазақтың бас ақыны Абай орталығының міндеті – қазақ әдебиеті мен руханиятының дамуына үлес қосу, ойшыл шығармаларын оқу мәдениетін қалыптастырып, ақын мұраларын шетелдердегі ғалымдардың зерттеуіне және ғылыми еңбектердің көптеп жазылуына түрткі болу. Бірегей орталықта сан түрлі туындылар мен электронды ақпараттық ресурстар жинақталған. CD-дискілер, ақпараттық және мерзімді басылымдар, ғылыми әдебиеттер бар.

Бұған қоса, Абай және оның шығармасы жайлы қазақстандық Ұлттық электронды кітапханада 800-ден астам басылым топтасқан. «Абай» мәдени-ақпараттық орталығы ақынның даналық дүниетанымын саралау, жекелеген ғибратты ой түйіндерін, өлеңдері мен қара сөздеріндегі философиялық тұжырымдарына түсінік беруді көздейді. Сонымен бірге, «Абай» романының шыққан алғашқы басылымдары, Абай туралы шығармалар мен суретшілердің құжаттары, мұражайлар және ескерткіштер туралы мәліметтер, ұлы ақынның бейнесін салған белгілі суретшілердің репродукцияларының көшірмелері мен иллюстрациялық кітап және фото көрмелері кітапсүйер оқырман назарына ұсынылған. Орталық жайлы ақпарат Мәдениет және спорт министрінің сайтында жарияланған.

Айта кетейік, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы салтанатты түрде Елордада ашылған болатын. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бұл шаралар ақын рухын асқақтату үшін ұйымдастырылғанын айтқан.

– Ұлы ақынның мерейтойында халықаралық, республикалық және облыс, аудандық деңгейде 500ден астам іс-шара жоспарланған. Маңыздыларының бірі – тамыз айында Семей қаласында өтетін ғылыми-тәжірибелік конференция. Сонымен қатар, қазанда Елордада ауқымды халықаралық конференция өтпек. Ақынның өлеңдері мен қара сөздері әлемнің он тіліне аударылады. Аударма сапасына баса мән беріледі. Абай туралы бірнеше деректі фильм және телесериал түсіру жоспарда бар. Шетелдердегі Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтары» ашылады. Бұл – әлемге ақынның еңбектері мен ұлттық құндылықтарымызды қатар таныту деген сөз. Ақынның ғибратты ғұмыры халқымыздың төл өнері – айтыс арқылы да кеңінен насихатталады, – деді министр.

 

Тағы оқыңыз:

Экономика министрі: “Дубайдағы ЭКСПО-ға жөнсіз ақша шашпаймыз”