Cоңғы жаңалықтар
Back

Салтанат Байқошқарова: “Тойдағы дарақылықтан балалар да мезі болған”

Сонда баламның айтқаны: «Бір адамды неше рет үйлендіре беруге болады? Өзім мұндайға жол бермеймін: туған күнімде жасап, кешке дейін барлығын бітіремін».


 

“Той мен құдалықта отырып бос өткізген уақытымызды аяймын”, – дейді бедеулікті емдеу «Экомед» клиникалары желісінің жетекшісі Салтанат Байқошқарова. Бұл туралы ол Dalanews.kz-ке берген сұхбатында айтты.

“Туыстарымыздың үйлену тойының шығысын үнемдеуді, театрландырылған қойылым-көріністер қажеттілігінің жоқтығын түсіндірумен жүрмін

Бірде көршіміздің ұлының үйленуі шараларына қатыстық. Жақын араласатын болғандықтан, жұбайым екеуіміз 7-8 рет екі жақтың құда түсу, құдалық, сырға салу, ұзату той, үлкен той, ертеңіне құда күту кіші тойлары сықылды рәсімдеріне қатысумен қаладан-қалаға барып, бір аптадан аса жүріппіз.

Кіші ұлым болса қараусыз қалғаны.

Сонда баламның айтқаны: «Бір адамды неше рет үйлендіре беруге болады? Өзім мұндайға жол бермеймін: туған күнімде жасап, кешке дейін барлығын бітіремін».

Байқасаңыз, кішкентай балалардың өздері де қазақ тойының рационалды емесіне көздері жетті.

Сонша әуре болып жүріп үйлендірген жастарымыз 3 ай болмай мінездері келіспей ажырасып кетті, сонда іштей қынжылдым, баламды қараусыз қалдырып,  босқа өткен бекер уақытымызға”, – дейді ол.

Dalanews.kz-ке сұхбат берген Салтанат Байқошқарова қазақта көп бала туып, кейін бір-екеуіне барлық ауыртпалықты жүктеп қою дағдысы қалыптасқанын сынға алды.

“Қазағымызда әдетте отбасыдағы оншақты баладан жарамдысы – біреуі, әрі кетсе екеу-үшеуі.

Сөйтіп, олар өмір бойы бауырларын тартумен өтеді. Таныс жағдай ма?

Тәжірибемде жасы ұлғайған, үйленбеген, баласы жоқ біраз әйелдер кездесті. Жасы 40-45-тен асқан олар нәрестелі болуға ниетті екенін айтты. Жастық шағы қалай өтті десек, өзінен кіші бауырларының жағдайын жасаумен уақытты өткізіп алғандарын айтады. Басқа мысал.

Клиникаларымыздың бірінде қызметтегі 39 жастағы мейірбикенің жалғыз ұлы бар.

Бірде: «Клиника мүмкіншілігін пайдаланып, тағы бір бала туып алсаң қайтеді», – деп едім, – «Мен туып алғым-ақ келеді, бірақ күйеуім 13 баланың үлкені, отбасылық мәселелерден әбден шаршаған», деген жауап естідім.

«Өзің көтере қалсаң, ту, қарсылығым жоқ. Бала туу үшін ЭКО жасауға әдейілеп бармайсың. Ұлым бауырларын прицеп секілді тартып жүргенін қаламаймын. 5-6 баланы тауып, тауып, бірін біріне іліп қойғанды тек біздің қазақтан көрдім», деп ашық айтқан екен”.

Өз сұхбатында «Экомед» клиникасының басшысы көпбалалы отбасылардың көбейуіне қарсы емесін, алайда отбасын құрған жастарға баланы аяғынан тік тұрғызып жіберуге көз жеткізіп барып өмірге әкелуіне кеңес береді.

“Кейін балаларыңыз «Кедейлікке ұшыратқандарың қалай?» деп жүрмесін. Мемлекет ең қажетті нәрселермен ғана қамтиды, қалғаны – ата-ананың жауапкершілігінде.

Менің пайымдауым бойынша,  адам ұрпағы үшін жауапкершіліктің 30 пайызы  мемлекет, қалған 70 пайызы өз мойынында болуы тиіс”, – дейді ол.

Сұхбаттың толық нұсқасын мына арадан оқи аласыз:

Салтанат Байқошқарова: “Адам ұрпағымен мың жасайды”