Back

Ішімдік ішіп, қылжақтаған жас шенділер оқудан шығарылды

Сот төрелігі академиясында оқып жатқан қазақстандық сегіз магистрант оқудан шығарылғанын “31 арна” хабарлады. Олардың барлығынан Германияда тәжірибеден өтуге жұмсалған мемлекет қаражаты өтемақы ретінде алынған. 

20 қаңтарда Қазақстан Жоғарғы сотының жанындағы Сот төрелігі академиясының сайтында жарияланған бұйрыққа сәйкес, екінші курс магистранттары – Басқанбаева Дамира Бекболатқызы, Жұмағұлова Айзада Бөгенбайқызы, Ескен Аян Ынтымақұлы, Жеренширинова Асель Маликовна, Жолдасбаев Алишер Канатович, Касымова Зарина Ермековна, Кенжебаев Әділет Оралбекович, Өтепбаева Гүлжан Маратқызы оқудан шығарылған.

Құжатта студенттердің «моральдық-этикалық нормаларды сақтамағаны» және Қазақстан заңнамасында қарастырылған «міндеттемелерді бұзғаны үшін» оқудан шығарылғаны көрсетілген.

Ал Бисембаев Арсем Дәулетұлына, Жаңаев Ерлан Дулатұлына және Мамырайымова Асель Сайлаубекқызына қатысты «моральдық-этникалық нормаларды сақтамағаны» үшін сөгіс жарияланған.

Бұған дейін YouTube-те бір топ жас алкоголь ішімдіктерін ішкені түсірілген видео пайда болған еді. Осылайша объективке сот төрелігі академиясының қазақстандық магистранттары түсіп қалған болатын. Олар Германияда халықаралық тәжірибеден өту кезінде осындай қылыққа жол берген-ді.

Бұдан басқа академия өкілдері дастархан басында отырғандардың ЖОО-ға екі жыл бұрын түскенін және түрлі мемлекеттік органның, негізінен министрліктер мен ведомстволардың қызметкерлері екенін хабарлаған.