Back

Ғаббас Қабышұлы: “Олжас Иманғалидің шешіміне қарсы шықты”

 Жазушы зиялы қауыммен әңгімелесіп, сұхбат алатын дәстүріміз бойынша, Dalanews.kz белгілі жазушы-сықақшы Ғаббас Қабышұлын сөзге тартты. Әңгіме-сұхбатымыз әдебиет пен қоғамдық-әлеуметтік тақырыптар төңірегінде өрбіді. 

– Тәуелсіздік күні құтты болсын! Егемен ел болғанымызға 28 жылдан асты. Орда бұзар жігіттің жасы. «Елу жылда ел жаңа» деуші еді. Отыз жылда қалай жаңардық?

Ғ.Қабышұлы: Рақмет! «Тәуелсіздік күні» дегенді естіген сайын жаңа биліктің  ең бірінші айласы есіме түседі.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Советтік Қазақстанның тәуелсіз Қазақстанға айналғанын жариялап, шешім шығарып, қол қойды. 1991-жылғы желтоқсанның 10 күні. Бірақ алай-былай бір «дәлелмен» Парламент Тәуелсіздік күнін 16-желтоқсан  етіп заңдастырды.

Ол жастарымыздың 1986-жылғы Желтоқсан көтерілісі басталған күнді көмескілеу болды деп білемін. Олай болмаса, Тәуелсіздік күнін желтоқсанның 10-ына, немесе 20-сына белгілеуге мұрсат бермеген қандай кедергі болды?

Кедергі – сол жылдағы партия, үкімет басшыларының  жастарды қолдау орнына айыптағандары. Яғни көтеріліс күнін жылда атау олардың қитығына тиетін болды.

Отыз жыл десек, бұл мерзімде «бай – бай, кедей кедей болды». Иә, «жаңардық»: елімізді жаппай жұмыссыздық  жайлап, қымбатшылық қыспаққа алды.

«Реформалар» тайлаққа мініп тайраңдады. Ебін тапқандар екі емес, он-жиырма асады. Елуден астам миллионер, оннан астам миллиардер пайда болған елде қалталылардың жайлаулары – шетел, ал қарапайым халық жыл бойы қыстауда, не алдындағы асы, не үстіндегі киімі арзандаған емес, қалт-құлт тірлік.

Доллар келіп киліккен жылы оның құны 4 теңге 70 тиын еді, бүгінде – 385 теңге! Тілін жалдағыш жағымпаз «оқымыстылардың»: «Еліміздің экономикалық дамуына  шет ел  қызыға, таңдана  қарауда» дейтіндері – арифметиканың  төрт амалын ұмытқандары.

– Ғаббас аға, тағы бір жылды артқа тастап, 2020 жылдың есігін қаққалы отырмыз. Бұрынғылар кеш батса, күніміз өтіп жатыр деп жылап, қайғырады екен. Қазіргі жұрт келер күннен үміт күтеді, қуанады. Уақыттың қадірі қалмай бара ма, әлде тіршіліктен қажу ма, бұл?

Ғ.Қабышұлы: Жақсы жағдайда уақыттың өтіп бара жатқанына  қуанған адам болмаған, болмайды  да. Қазіргі  еңбекшіл жұрттың да қуанышы шамалы.

Ал келер күннен жақсылық, кеңшілік күтіп жүргені рас. Бірақ ол күнді «пәлен жылы келер» деуге менің де дәтім жоқ. Халықтың сенімін селкеулегіш жоғары жақтағылар тілін ұршық етіп, сылдыр сөзден шүйке жасап отырғалы қашан?!

 –Тәуелсіздік күніне орай, әдебиет пен өнер, мәдениет пен спорт, тағы басқа салалардағы біраз адам әртүрлі орден, атақ-даңқ алып жатыр. Жылдағы үрдіс.

 Алайда араларында аты-заты белгісіз де азаматтар бар көрінеді. Жалпы, осы орден, атақ беру адамның еткен еңбегін бағалай ма? Мұны сұраған себебім, әдебиеттің ақсақалы болып қалған өзіңіз, Темірхан Медетбек, Дулат Исабековты сияқты шындыққа жақын қаламгерлерді бұл тізімнен байқай алмадық. Ал алғандардың бәрінің ішкі мазмұны «Құрмет» пен «Парасатқа» сәйкес келе ме?

Ғ.Қабышұлы: «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса». Бүгінде тіпті шығармай қоюға да ерікті. Жазушылар одағымыздың, «Қазақ әдебиеті» гәзетінің 85 жылдығына арналған салтанатты пленумға баруға, біріншіден, денсаулығым рұқсат бермеді, екіншіден, қызыл сөздің қырманына қызығатын ғадетім жоқ.

Естуімше, бәз-баяғы мәнсіз мадақ сөз, марапат майқаны. Күлкімді келтірген бір «жаңалығы» бұрында «Қазақстанның халық жазушысы» атағы барлардың бірнешеуіне «Қазақстанның құрметті жазушысы» деген атақ беріліп, бөріктің үстіне тақия жапсырылыпты.

Назарбаевқа әу баста жазған хаттарымның бірінде: «Меніңше, «Халық жазушысы» деген арзан атақты тоқтату қажет. Ол атақты алғандар халық үшін жазып  жүргендер де, ондай атағы жоқтар халық үшін жазбағандар ма?» дегенмін. Хатым жеке мұрағатында жатқан шығар.

Тиылған сол атақты бүгінгі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңартқан сияқты. Биліктің өзіне қиыла қарайтын шашбаушыларды бауырына тартып, марапаттай беретіні, ал қырын қарайтындарды сыртқа теуіп, «айыбына»   қарай қудалайтыны, түрмеге тыға салатыны көпшілікке мәлім.

Маған қатысты сөзіңе назар аударсам, Жазушылар одағы құзырында 30 жыл болдым: әдеби апталығымыздың редакциясында, әдеби қорда, көркем аударма және әдеби байланыс алқасында, 1994-96-жылдары одақ басқармасындағы екінші хатшысы болып, жасым жеткен соң зейнетке шықтым. Сол жылдары Одақ басқармасының хатшылары Әнуар Әлімжанов, Қалаубек Тұрсынқұлов жасаған марапат тізімдерден өзімді төрт рет сыздырып тастадым.

Одан беріде орта деңгейдегі гәзет тілшісінің: «Алған бірде-бір орден-медаліңіз, атағыңыз  жоқ екен, ол қалай?» деген таңданыстарын көп естігем!

 – Солтүстік Қазақстан облысы мен шығыстағы елді мекендер жылданжылға кемуде. Мектептерге бала жетіспей жатыр. Мемлекет оңтүстіктегі ағайынды теріскейге көшіруді қолға алғалы 4-5 жыл болып қалды.

Бірақ теріскейге көшкен елдің саны әлі мың отбасыға жетпепті. Жұмыс неге жүрмейді: халықтың барғысы келмей ме, әлде осы шаруамен айналысқандар жұмыс механизмін дұрыс жүргізбей отыр ма?

Ғ.Қабышұлы: Шет-жағасын естуімше, көшіп барғандарға қолайлы баспана табылмайды, ал табылған күнде мамандығына, икеміне қарай жұмыс тапшы. Әрі-сәрілік, реніш, дау-дамай, тіпті қайтадан көшіп кету болады екен. Бізде жалған ұраншылдық басым.

Мысалы, «Дипломмен – ауылға!» деп аттандадық, әлі де аттандаудамыз. Оу, бірі қылаяғы ауызсуға жарымай, бірі емхана-ауруханасыз күн кешулі ауылға еркімен-ақ барған, айталық, жас мұғалім мен дәрігер үйсіз, жатақханасыз қайда тұрмақ? Оның үстіне, айлық еңбекақысы 60-70 мың теңгеден аспаса. Ұрандағыштар бір өзі он шақты дәрігер мен мұғалімнің айлығын алып отырған парламенттің, ассамблеяның басшы-қосшылары  ауылдың ауыр хал-жағдайын біле тұра селт етер емес.

Соңғы он жылда, егер жаңылыспасам, «ауылды қалпына келтіру» жөнінде биліктің үш қаулысы шығып, жүздеген миллиард теңге бөлінді. Ал қаңыраған ауыл-селоның нешеуі еңсесін көтерді? Қыруар қаржы ауылға неге жетпеді? «Ішің білсін, әлу-ай».

– Теріскейде өмір сүру, әрине қиын. Алты ай қыс. Алтай мен Арқаның  саршұнақ аязы. Бірақ Сібірде де адам өмір сүреді. Осы біз жеңіл өмірге үйреніп алған жоқпыз ба?

Ғ.Қабышұлы: «Жеңіл өмірге үйреніп алғанымызға» қатысты пікір айтылды-ау деймін. Бүгінгі кезеңде адал еңбек адамына солтүстікте де, оңтүстікте  де «жеңіл өмір» табылып жатпағаны сөзсіз. Ал «қарағайға талды жалғағыш» алаяқтар  жер таңдамайды.

– Сіз ШҚО-ның Ұлан ауданына қарайтын Ұранхай деген ауылда туып-өскен екенсіз. Былтыр күзде Күршім ауданының сол аттас Ұранхай ауылына жолымыз түсіп еді, көңіліміз құлазып, жанымыз жүдеп қайтты. Шекарадағы ауыл екен. Елдің шеті – шекара жалаңаш қалса, елдігімізге қауіпті емес пе?

Ғ.Қабышұлы: Е, біз шекарамызды ашып, байлығымызды ентелеп жетіп келген бөгделерге шашып, еншілес болып, «шалқып, шылқа байып» жүрміз. Қытаймен, Ресеймен, тағыда біраз елмен шекарадан рұқсат құжатсыз (визасыз) өтіп, барыс-келісті жеңілдету болады дегенді естідім.

Олай болса, сөздің қысқасы: бас бағдарламалы «2030-жылы Қазақстанда қазақ көп бола ма, қытай көп бола ма?» деген мәселе туындады дей берелік.

Біздің Ұранхайда ауылдың ешқандай белгісі қалмады. Осы орайда ауданымыздағы Асубұлақ ауылы туралы айтайын. Ол жерасты байлығы мол елді мекен еді. Кенді қазып алып өңдейтін рудниктері болды. Уран шахтасы бар-ды. Өнеркәсібі өркендеп, қала сипатты поселок деп аталды. 1991-жылдың бас шенінде тұрғындарының саны 15 мыңға жетіп, ресми түрде қалаға айналуына қажетті құжаттарын  жоғарыға жолдаған. Тиісті қаулыны күтумен  тәуелсіздікті қарсы алған.

 «Реформалау» жетіп, рудниктер жателдік қалталыларға сатылған. Сонымен айналасы 6-7 жылда рудник шахталарын тақырлаған пайдакүнемдер тайып тұрған.

Поселок халқы жұмыссыз қалып, тіршілік қамымен жан-жаққа бытыраған. Қазақтан өзге жұрт атамекендеріне көшіп кетті. Сөйтіп, осыдан алты жыл бұрын барғанымда сонау жылдары гүлденген Асубұлақтың орнында алқам-салқам шағын ауыл қалғанын көрдім. Көпқабатты үйлер соғыс болып өткен жердегідей. Асфальт көшелер жұлқа-жұлқа. Емхана-аурухана жабылған. Азық-түлік дүкен екеу ғана және жекеменшік. Қайран Асубұлақ – бүгінде зейнеткерлердің ауылы. Тұрғандарының саны – 1,5 мың.

 Ғаббас аға, сізге енді бір «қызық» сұрақ қойғым келіп отыр.

Ғ.Қабышұлы: Қорғанба, «шыжық» жауап естуің мүмкін.

 – Олай болса, айтыңызшы: соңғы кезде біздің зиялы қауымда Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов жайында бірі мен бірі қабыспайтын пікір айтылып жүр, сол туралы не дер едіңіз?

Ғ.Қабышұлы: Қоғамда, қауымда «жолыболғыштар» қашанда кездеседі. Сондайлардың бірі – ақын ағаң Олжас.

Тек құжат тілімен айтсам: ғарышқа адам ұшыру бәсекесінде мерейі үстем болған Совет Одағының сол ғылыми жетістік-жеңісін мадақтауға «Казахстанская правда» гәзеті редакциясынан тапсырма алып,  «Адамға табын, Жер енді!» деген саяси өлең жазған біздің ақын ықылым заманнан адамзат Ана деп ардақтап келе жатқан Жерге: «…Ты, Земля, поклонись Человеку, твой бог – Я!» – деді.

Астапыралла!.. Арзан қалжамен атағы шыққан Олжастың одан бергі «ұлылығы» өзі құрмаған, өзі атын қоймаған қозғалысқа ие болуымен, Семейге өз еркімен бармаса да, ондағы  полигонды «жабуымен» жалғасты.

Ол құбылыстар, мәселен: семейлік журналшы Владимир Пигаваевты, жазушы Әнуар Әлімжановтың, мәскеулік академик Евгений Велиховтың жазбаларында нақты айтылған.

Семей атом полигонын жабу күресін жанпидалықпен бастаған, мақсатына жеткен қайраткер Кешірім Бозтаевтың – бұрынғы Семей облыстық партия комитетінің  1-хатшысы – «Семей полигоны» атты кітабын оқыған адамға бәрі түсінікті болады.

Олжастың одан кейіндегі «ұлылығы» – қозғалысын акционерлік қоғамға айналдырып, Семей полигонынан тауқымет тартқандарға, басқа да мұқтаждарға көмек көрсетеміз деп арнаулы қор ашып, оған 2-3 жылда жиналған миллиардтаған доллардан семейлікке жарты доллар да бұйыртпай, өзара бөліске салып, қордың «қайраткерлері»: Машкевич, Шодиев, Ибрагимов, Беренбаум деген жемқорлардың миллиардер болып шығуларына жол ашқаны.

Қор тиісті орындардың тексеруімен, акт жасауымен ақырында жабылды. Бірақ ол акт зым-зия болды. Дегенмен ақын құрбымның еңбектері ескеріліп, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.

Тағы бір дерек: «Алма-Ата» «Алматы» болып дұрысталғанда, одан соң қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов Алматыда іс қағазын мемлекттік тілде жүргізу жайында шешім шығарғанда, Олжас аса маңызды ол екі шараға да  бірінші болып қарсы шықты.

Сонысы «ештен кеш жақсы» ескеріліп, қаланың жаңа әкімі жақында оған «Алматының  Құрметті  азаматы» атағын сыйлады.

– Кереғарлық деген осы шығар?

Ғ.Қабышұлы: Мұхтар Шахановты да атадың. Ол ақын інімнің мінезінде байқала бастаған аумалы-төкпелілік  маған да түсініксіз. «Уважаемый Геннадий Васильевич, мы называем Вас отцом двух языков», деп Колбинді қолпаштады.

Оның КСРО Халық депуттары құрылтайының мінберінен Желтоқсан зобалаңы туралы сөйлеуін Еркін Әуелбеков ұйымдастырды. Кәрішал Асановтың: «Ол сөздің тезисін Еркін Әуелбековтің қалауы бойынша мен жазып бердім» дегені бар.

Желтоқсан оқиғасын тексеретін комиссия Михаил Иванович Есенәлиевтің партия пленумында, Жоғарғы Кеңес сессиясында жазбаша талап етуімен құрылғаны – ақиқат.

Мұхтардың оны да мойындағысы жоқ. Соңғы кезде: «Қазақ тілін мемлекеттік тіл еткен – менмін!» деуін сөз тиген жерде қайталай беретін болыпты. Ана тіліміздің абыройын, мәртебесін  сақтауды көздеген дабылда белсенділік көрсеткені рас. Бірақ ол жалғыз болған емес-ті. Көп болып кіріскенбіз.

Ал қазақ тілінің мемлекеттік тіл екені Советтік Қазақстанның Конституциясында да, Тәуелсіз Қазақ Республикасының Конституциясында жазулы болды. Мұхтардың «үштілділікке» қарсы күресте де белсенділік көрсеткені рас.

Алайда онда да жалғыз шыққан жоқ. Билік болса, ол халықтың дабылына қыңбады. «Үштілділік» саясаты белең алды. Енді қытай тілі қосылып, төрттілділікке де көндігетін шығармыз.

Жарас мырза, әңгімемізді  осымен аяқтап,  маған ат басын бұрғандарыңа ризалық ниетпен баршаңа көп-көп жақсылық тілесем деймін.

– Рақмет, аға! Алдағы 85 жасыңызды шаршамай-шалдықпай тойлаңыз!

Ғ.Қабышұлы: Әумин! Қаламдарыңды нық ұстап, 100 жасаңдар!

Әңгімелескен Жарас Кемелжан

 

Ал Нұр-Сұлтанда ұлы Абайдың 175 жылдық тойы басталды:

Елбасы мен Президент Абайдың 175 жылдық мерейтойын бастап берді