Back

Коммуникацияларды түгендеу  – мемлекеттік қала құрылысы кадастрының цифрлық негізі

Республикада технологиялардың жылдам өсуінің негізі орта мерзімді перспективада цифрлық технологияларды пайдалану есебінен экономиканың даму қарқынын жеделдетуді және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуды, сондай-ақ елдің экономикасының ұзақ мерзімді перспективада болашақтың цифрлық экономикасын құруды қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа даму траекториясына көшуі үшін жағдай жасауды көздейтін «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы болды.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты цифрландыру негіздерінің бірі мемлекеттік қала құрылысы кадастрын – цифрлық өнімді құру және жүргізу болып табылады, ол экономиканың негізгі салалары мен тіршілік ету салаларының барлық жылжымайтын мүлік объектілері мен инфрақұрылымдарын жинайды, есепке алады және мониторинг жасайды.

Экономика секторларының негізгі бағыттары мен инфрақұрылымын бір ақпараттық алаңда біріктіру және цифрландыру құралдарын қолдану саланың жалпы жағдайын бағалауға және оны дамыту бойынша одан әрі қадамдар жасауға мүмкіндік береді.

«Мемқалақұрылыскадастры» РМК мамандандырылған мемлекеттік кәсіпорны мемлекеттік қала құрылысы кадастрын қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асырады. Бүгінгі күні экономиканың негізгі бағыттары бойынша деректермен республикалық деңгей құрылды (9 тақырыптық деректер қоры).

Қазіргі уақытта елді мекендердің электрондық картасын жасау мақсатында Шымкент, Көкшетау, Павлодар, Петропавл, Ақтөбе, Қызылорда, Тараз және Орал қалаларының құрылыс салынған аумағында жерасты және жерүсті инженерлік коммуникацияларын негізгі түгендеу бойынша жұмыстар жүргізілуде (1-сурет).

Аталған қалалар бойынша аталған мемлекеттік қала құрылысы кадастрын цифрландыру деңгейі 25 %-ға артты.

Тиісті атрибутивтік ақпараты бар ғимараттарды және инженерлік желілерді 3D-модельдеу

 

Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының деректерін түгендеу және цифрландыру құрылыстар мен коммуникациялар объектілерін ұтымды жоспарлау мен жобалауды, олардың орналасқан жерін және негізгі сипаттамаларын анықтауды қамтамасыз етеді. Әрбір ұйымдастырылған елді мекенде тұрақты негізде түгендеу жұмыстары жүргізілуі тиіс, олардың деректері мемлекеттік қала құрылысы кадастрының бірыңғай жүйесіне бірден енгізіледі.

Ағымдағы түгендеу туралы ақпаратты орталық және жергілікті атқарушы органдар, коммуналдық шаруашылықтар және уәкілетті кадастрлық және инфрақұрылымдық қызметтер береді. Қала құрылысы кадастры деректерінің цифрлық қоры қалыптастырылатын болады (2-сурет).

 Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының бірыңғай жүйесінің құралдары

 

2018-2019 жылдары республикалық бюджет есебінен 26,8 мың га түгенделді. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 10,6 мың га түгенделді. Соңғы 2 жылда еліміздің елді мекендерінің құрылыс салынған аумағы 37,4 мың га цифрландырылды.

Сәулет, қала құрылысы, құрылыс және жерге орналастыру қызметі, жоспарлау жобаларын әзірлеу және ел өңірлерінің аумағын дамытудың стратегиялық шешімдерін қабылдау саласында жедел басқару шешімдерін қабылдауға мүмкіндік беретін цифрлық технологиялардың көмегімен интерактивті кезекші жоспарға көшу қала құрылысы кадастры деректерінің қалыптасу шамасына қарай келесі кезең болып табылады.

Интерактивті кезекші жоспар онлайн режимде қала құрылысы кадастрының деректерін толтыру және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін қамтамасыз етуге қажетті мәліметтерді ұсыну үшін мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызметтердің өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді.

Цифрлық мемлекеттік қала құрылысы кадастрын құру және жүргізу:

елді мекендердің аумақтарын және жылжымайтын мүлік объектілері мен коммуникацияларды пайдалану туралы деректерді үнемі жаңартуға;

елді мекендерде инженерлік-геодезиялық жұмыстарды жүргізуге мемлекеттік бюджет шығыстарын қысқартуға;

инфрақұрылым объектілерін ұтымды орналастыруға;

төтенше жағдайлардың туындауына жедел әрекет етуге;

сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің құжаттарын дайындау мен беруді автоматтандыруға мүмкіндік береді.

IT-кадастр өңірлерде сәулет, қала құрылысы және құрылыс салаларында мемлекеттік органдар мен мүдделі тұлғаларды ақпараттандыру орталығына айналады деп күтілуде.

Т.Т. МҰСАБАЕВ,
«Мемқалақұрылыскадастры»
РМК Бас директоры,
техника ғылымдарының докторы,
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры,
ҚР ҰИА академигі,
Құрметті құрылысшы,
Құрметті сәулетші