Back

Семейге ҚР Парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин келді


Шығыс Қазақстан облысына жұмыс барысымен келген Парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин ең алдымен Семейге барып қайтты.

Парламент мәжілісінің төрағасы «Жидебай-Бөрілі»  мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінде болды.

Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы ақынның туғанына 95 жыл толу қарсаңында  Қазақ ССР-нiң Халық Комиссарлар кеңесiнiң 1940 жылдың 1 сәуiрiнде құрылды.

Сөйтіп, 16 қазанда музей келушілерге есігін айқара ашты. Қазіргі таңда музей қорында 21 мыңнан астам экспонат бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар тарихи және мәдени 5 ескерткіш пен жергілікті деңгейдегі маңызы бар 10 ескерткіш сақталған.

Қонақтар «Абай дәуірі» және «Абайдың шығармашылық айналасы» мен «Көненің көзі» атты экспозициялық залдардың жұмысымен танысты. Онда келушілерге музей директоры мұнда құнды  жәдігерлердің сақталғандығын атап өтті.

Осы залда Абайдың 1885 жылы досы Н.Долгополов арқылы беріп жіберген заттары бар. Оның ішінде әртүрлі тұрмыстық заттар, жиһаздар, тіпті фотосуреттер бар.

Мәселен  аңға шығуға арналған белдік, қазақ зергерлерінің қолынан шыққан торсық, музыкалық аспаптар және тағы басқалар.

Залдардың бірінде Абайдың ұлдары Ақылбай және Тұрағұлмен түскен суреттері сақталған. Бұл сурет 1896 жылы түсірілген. Суретті музей қорына Мұхтар Әуезов өткізген. Тағы бір залда келушілердің назарына сол замандағы көлік түрлері ұсынылған. Залдан Жидебайда тұрған тарантастың көшірмесін байқауға болады. Бұл заттың көшірмесі ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойына орай 1995 жылы әзірленген.

Оны кезінде Абайдың екінші әйелі Әйгерім Ырғызбайдың ауылына келін болып түскен Батет Әзімханқызына тарту еткен. Музей қорындағы қобдишаны Айдар Кенжетілеуұлы әкеп берген.

Экскурсия соңында ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы музей қызметкерлеріне алғысын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.

Айта кетейік, Нұрлан Нығматулин Семейге ең алдымен арнайы келді.

Ол Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ұлы ақынның туып өскен жері мен шығармашылығынан мол ақпарат алды.

Осыған дейін Нұрлан Нығматуллин халық әртісі Бибігүл Төлегеновадан поэтикалық эстафетаны қабыл алып, «Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас» атты өлең жолдарын жатқа оқыды.

Семейге жұмыс сапарымен келген Нұрлан Нығматулин Қарағайлы ықшам ауданындағы көпфункционалды мәдени-спорттық кешенге бас сұқты.

Аталмыш нысан Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қолданысқа берілген болатын. Кешен барлық халықаралық стандартқа сәйкес салынған. Онда әртүрлі спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастыруға болады.

Бассейнде турнирлер өткізіп, жүзумен және аквааэробика, суға секіру сынды басқа да спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік бар. Ауқымды спорттық кешеннің жалпы аумағы 33,8 мың шаршы метрді құрайды. Оның құрылысын Семейдегі «Фирма Азия» ЖШС отандық компаниясы жүргізді.

Жобаның жалпы құны  26 миллиард теңгені құрайды. Нұрлан Нығматулин бұл кешеннің әлемдік стандарттарға сәйкес салынғанын және мұнда ауқымды шараларды өткізуге барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

Бұдан соң ҚР Парламент мәжілісінің төрағасы Семейдегі жедел жәрдем ауруханасына ат басын тіреп, жұртшылықпен кездесу өткізді.