Back

Павлодар облысында бастауыштың оқушылары тегін тамақтана бастады

Павлодар облысындағы барлық мектептердің 1-4 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылды. Тегін тамақпен қамтылған оқушылардың жалпы саны 50 мыңнан астам баланы құрайды.

Өткен жылдың қазан айында өңір мектептерінің қамқоршылық кеңестерінің өкілдерімен кездесу кезінде Павлодар облысының әкімі 2020 жылдан бастап өңірдің бастауыш сыныптарында оқитын балалар тегін тамақпен қамтылатынын айтқан еді. Осы мақсатқа облыс бюджетінен бір миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Сонымен қатар, қаржыландыру жаппай оқыту қоры, аудандық бюджеттер және демеушілер қаражаты есебінен жүргізілетін болады. Екінші оқу жартыжылдығының алғашқы күнінде өңір журналистері облыс орталығындағы №25 жалпы орта білім беру мектебіне барып, мән-жаймен танысты.

– Қазіргі кезде облыстағы барлық мектептер бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақ ұйымдастыруды бастады, – дейді Павлодар облысы білім беру басқармасының бас маманының м.а. Абаева Айнагүл. – Бұл қолдау әлеуметтік мәртебесіне қарамастан барлық бастауыш сынып оқушыларына қатысты болады.  

Айнагүл Абаеваның айтуынша, бұл жаңашылдық алдымен оқушылардың дұрыс тамақтануына септігін тигізіп, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына ықпал етеді. Ас мәзірі бойынша оқушыларға бірінші, екінші тағамдар, нан және сусын, 5 грамм бал беріледі. Аудандық жерлерде аптасына бір рет салаттар мен жемістер беріледі.

– Әр балаға бюджеттен 300 теңге бөлінеді. Біздің мектепте бастауыш сыныптарда 842 оқушы білім алады, – дейді №25 мектептің қоғамдық тамақтану технологы әрі асхана меңгерушісі Бақыт Әбдірахманова. – Біз бұл нарықта бұрыннан жұмыс істеп келе жатырмыз. Тауар жеткізушілер сапалы өнімдер әкеледі. Әр айдың соңында бізге атқарылған жұмыстың көлеміне қарай тиісті қаржы аударылады. Ашық сатылымда ыстық тамақтың құны 450-500 теңгені құрайды. Біз жылдың соңына дейін жұмыс істейміз. Сәйкесінше бағалар да бұрынғы деңгейде қала береді.

Павлодар облысында 40 мыңнан астам оқушы облыстық бюджеттің есебінен тамақтанады. 500 оқушы шаруа қожалықтарының демеушілігінің арқасында тегін тамақпен қамтылады. Демеушілердің қатарында  «Луганск» ӨК, «Победа» және «Галицкое» ЖШС-тері, «Надежда», «Арман», «Шкурко» және «Родник» шаруа қожалықтары бар.  

– Менің жалғыз қызым осы мектептің бірінші сыныбында оқиды, – дейді ата-аналардың бірі Алтын Ысқақова. – Бұрын қызыма аптасына тамаққа екі мыңға жуық ақша беруші едім. Біз үшін бұл аса қомақты қаражат болмаса да, отбасылық бюджетіміз үнемделетін болды. Облыс әкімі уәде еткендей балаларымыз тегін тамақтана бастады. Ас мәзірі жақсы әрі тағамдар өзгеріп тұрады. Ата-аналардың атынан аймақ басшысына алғыс білдіремін.

2019 жылы өңірде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде Павлодар қаласының 11 мектебі қатысқан екі жоба жүзеге асырылды. Осы жобалар бойынша мектеп асханаларын жаңғыртуға жеке инвестициялар тарту көзделді. Инвесторлар асханаларға жаңа құрал-жабдықтар сатып алып, олардың ішін жөндеді. Облыстық білім беру басқармасының мамандары бұл жоба өңірдің өзге мектептерінде жалғасатынын атап өтті.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген Алексей Кияткин