Back

Елордада жедел жәрдем бригадасының саны 20-ға дейін артты

Елорда әкімі Алтай Көлгінов пен ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жаңа жедел жәрдем машиналарының параметрлерімен, стансаның жабдықталуымен және байланыс орталықтарының жұмысымен танысты.

Желіге 52 жедел жәрдем көлігі шықты, жаңа жылдан бастап тағы 22 жедел жәрдем көлігі алынады. Көлік саны 64-тен 138-ге дейін, екі есе артады.

Президент медицинаның дамуына, медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және сапасын жақсартуға, жедел жәрдем қызметін жаңғыртуға ерекше көңіл бөлген болатын.

ШЖҚ «Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы» МКК директоры Мұрат Оразбаевтың айтуынша, машиналардың басым бөлігі қарқынды терапия, мониторинг және шұғыл медициналық көмекті қажет ететін пациенттерді тасымалдау мүмкіндігі бар реанимобильдер.

Бұл көлік дефибриляторлармен және жүрек ырғағына толық мониторинг жасайтын жүйемен жабдықталған. Сондай-ақ әр көлікте өкпені жасанды желдету аппараты, оттегі баллоны, жасанды қанайналым аппараты бар.

– Медициналық көмек көрсету сапасын арттыру мен еңбек жағдайын жақсарту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Біріншіден, автокөліктер санын екі есеге арттыру нәтижесінде жедел жәрдем бригадасының келу уақыты – 10 минут болды. Жедел жәрдем бригадалардың саны 20-ға дейін артты.

Екіншіден, денсаулық сақтау басқармасымен және ikomek109 байланыс орталығымен бірлесе мемлекеттік медициналық мекемелердің жұмысына талдау жасадық. Тұрғындарды толғандыратын 4 басты мәселе анықталды. Олар дәрігердің қабылдауына жазылу, емханалардағы кезек, медицина қызметкерлерінің әдептілік нормалары мен мінез-құлық қағидаларын ұстанбауы мен біліксіздігі.

Қазан айынан бастап медициналық ұйымдардың бірінші басшыларының ұялы телефондарына мобильдік қосымшалар орнатылды. Бұл 3 ай ішінде тұрғындардың өтініштерін орындау уақытын 5-6 күннен 1-2 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берді.

Үшіншіден, пациенттердің өтінішіне сәйкес 2, 6 және 9 емханаларда электрондық кезек жүйесі енгізілді. Жаңа жылдан бастап аталмыш жүйені барлық медициналық мекемелерде енгізіп бастаймыз.

Төртіншіден, келесі жылдан бастап  мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Сарыарқа ауданында орналасатын жаңа медициналық мекеменің құрылысы басталады.

Бесіншіден, елімізді цифрландыру аясында 2019 жылдың сәуір айында “iKOMEK” орталығы базасында “iKOMEK112” бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл жоба 101, 102, 103 қызметтеріне келіп түсетін қоңыраулар жүктемесін  81%-ға жеңілдетуге мүмкіндік береді, – деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлер барлық жағынан ыңғайлы болуы қажет. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек кабинеттері халыққа 20 минуттық уақыт ішінде қолжетімді болуы керек.  Жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында емхана, балабақша, оңалту орталықтары, полиция пункті сияқты әлеуметтік нысандар ашылады. Осы жылы халықаралық стандарттарға сай реанимация және қауіпсіз жүргізу бойынша 700 қызметкер оқудан өтті.