Back

Мұхтар Тайжан: “Біз елдің көзіне ұялмай қарай аламыз”

Саясаткер Мұхтар Тайжан биылғы жылды таразылап, Ұлттық кеңестің атқарған жұмысын былайша түйіндеген екен.

Кеңестен кейінгі абыр-дабыр басылып, ел аптығын басқанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен оның командасын арнайы құттықтағым келеді: жариялаған маңызды шешімдері үшін!

Бұл ретте өз алғысымды білдіремін. Өйткені қазіргі жағдайда бұл оңайға түспеген шаруа болғанын жақсы білемін. Бірақ бұл шараларды оппозиция бірнеше онжылдық бойына талап етіп келген, ұзаққа созылып кеткен мәселе еді.

Айтқандай, оны айтасыз, «оппозиция», «оппозиционер» деген сөздердің өзі осы ондаған жылдар бойына балағат сөз секілді қабылданып келді емес пе. Өз басымнан өткен, кезінде менің оппозициялық көзқарастарым үшін кейбір іскер достарым менімен байланысын үзген, ал қазір олар менің сол кезде айтқандарымның дұрыстығын мойындап жүр.

Сіздің «қарсыластар жау емес» деген жаңа саяси мәдениет туралы көзқарасыңызды қолдаймын.

«Парламенттік оппозиция туралы» заң жобасын әзірлеуге қолдау көрсеткеніңіз үшін қуаныштымын.

Біздің мақсатымыз – жастар алдында ыңғайсыз күйге түсіретін жалған дүниені емес, қазіргі заманға лайық табысты мемлекет құру. Оның үстіне, не істесеңіз де істегеніңізді жаратпайтын, сөге жамандайтын оппозиция әрқашан болады.

Менің өзімнің де виртуалды әлемде осындай адал «жанкүйерлерім» бар, бұл да қалыпты жағдай. Адамдардың билікті немесе жеке өзіңді жек көруге құқығы бар, бұл олардың өз таңдауы, жеке құқығы.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің қоғам алдында үлкен жауапкершілігі барын өзіңіз де жақсы білесіз, бізді де аяп жатқан жоқ, неше түрлі айып тағуда, әсіресе жазда солай болды.

Бірақ кеше Сіз біздің көптеген ұсынысымыз қоғамның билік алдына қойып, ондаған жылдар бойына күткен мәселесін оң шешті деп айттыңыз.

Міне, осыдан кейін біз елдің көзіне ұялмай қарай аламыз деп ойлаймын, Астана төрінде үш ай уақытымыздың бекер өтпегенінің көрсеткіші – бұл.

Әрине, біз өз көзқарасымызды ұсынып, оны белсенді түрде дәлелдеуге тырыстық, бірақ, әрине, соңғы шешімді өзіңіз командаңызбен қабылдадыңыз. Сондықтан осы атқарылған жұмыстар мен тәуекелге бас тіккен Сіздің командаңыздың мүшелері – Ерлан Қошановқа, Қырымбек Көшербаевқа, Дархан Калетаевқа және әрине, Ерлан Қаринге алғыс айтқым келеді.

Олар осы уақыт бойына Ақорда мен біздің арамызды тиімді байланыстырушы звено бола білді.

Жаңа қызметке тағайындалған Мәулен Әшімбаев қолға алған реформаны ары қарай жалғастырады деп сенемін. Сондай-ақ барлық ауыр жұмысты атқарған  мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне алғыс айтамын, олардың жұмысынсыз кешегі нәтижеге біз оңайшылықпен қол жеткізе алмас едік.

Сонымен қатар, Сіздің командаңыздағы адамдарға мейілінше ашық болуды тілеймін, халыққа жақындап, көп сұқбат беріп, өңір-өңірді аралап, жергілікті тұрғындармен кездесіп дегендей.

Тек Nurotan жиналыстарында ғана емес, сонымен қатар халықпен жүзбе-жүз кездесулерге қатысса, көріп отырғанымыздай, билік пен қоғам арасындағы диалогтың кеңеюінен барлығы пайда таппаса, одан ешкім ұтылмайды.

Кеше жиналыста айтқанымдай, халық бізден нақты әрекеттерді күтеді.

Кеше жарияланған барлық қажетті шешімдер заңды болған кезде ғана оны халық нақты сезінеді: партиялар, митингтер туралы, Қылмыстық кодекстің 130 және 174-баптарына қатысты өзгерісті, парламенттік оппозицияны және тағы басқасын.

Әрине, кеңестің барлық мүшелері осы және өзіміздің өзге де ұсыныстарымызды Үкімет, Мәжіліс және Сенат қабырғасында барынша қорғауға дайын екеніне бек сенімдімін. Бізге, шын мәнінде, елде нақты өзгерістер болғаны қажет, сондықтан біз одан сайын күшімізді салуға дайынбыз.

Сондықтан, кешегі, яғни 2019 жылдың 20 желтоқсаны Қазақстан тарихына біздің халқымызға бақ-қуаттылық әкелген, ел көптен күткен саяси және экономикалық қайта құрулардың бастамасы болған күн ретінде кіреді деп сенемін.

Біздің халқымыз мұны ұзақ күтті, оған әбден лайық! Оның үстіне, Сіз бұл қабылданған реформалардың алғашқы легі деп айтып отырсыз. Ендеше барлығымызға 2020 жыл сәттілік әкелсін! Аман болайық!

Тағы оқыңыз:

Дана Ерланова. Google байқауының финалына өткен қазақ қызы