Back

Тоқаев партия мүшелері санының төменгі шегін 20 мыңға дейін азайтуды ұсынды

Біздің қоғам партия құрылысының жаңа сапалық кезеңіне өтетіндей дәрежеге жетті. Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің  екінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

– Қазір саяси партияны тіркеу үшін оның кем дегенде 40 мың мүшесі болуы керек. Бұл норма ұзақ уақыттан бері сақталып келеді және өткен кезеңнің талабына сай болды.

Енді жаңа саяси жағдайда бір жағынан азаматтардың талап-тілектеріне, екінші жағынан ықтимал тәуекелдерге лайықты үн қатуымыз қажет. Біздің қоғам партия құрылысының жаңа сапалық кезеңі өтетіндей дәрежеге жетті, – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Қ.Тоқаев тіркеу үшін партия мүшелері санының төменгі шегін екі есеге азайтуды ұсынды, яғни 20 мыңға дейін. «Бұл айтарлықтай маңызды өзгеріс. Бұл азаматтық белсенділікті арттыруға қосымша мүмкіндік береді. Жалпы, біз партияларға және сайлауларға қатысты заңдарды бірте-бірте өзгертуіміз керек», – деді Президент.