Back

Семейде заманауи спорт кешені ашылды (фото, видео)

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне орай Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов пен облыс әкімі Даниал Ахметовтің қатысуымен бірегей мәдени-спорттық нысанның ашылуы өтті.

Архитектуралық құрылысы бірегей, 5000 орынға арналған заманауи үлгідегі көпсалалы мәдени-спорттық кешен халықаралық деңгейдегі спорттық-мәдени шараларды қабылдай алатын ғимарат болмақ.

Ол әлемдік талаптарға сәйкес салынып, тиісті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ғимараттың қасбетінде әсерлі бейнелік дисплей орнатылып, қала көркін ажарландыра түсуде.

Кешенде бір мезетте 120 адамды қабылдай алатын олимпиадалық бассейн мен 55 адамға арналған сауықтыру бассейні, заманауи фонтан кешені бар.

Аталмыш бассейндерде су спорты түрлерінен турнирлер, балаларға арналған кешенді сауықтыру шаралары өткізілетін болады.

– Бүгінгі егеменді еліміз қарқынды дамып, халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында саяси-экономикалық реформалар іске асырылуда. Бүгінде еліміз бойынша ШҚО-ның даму көрсеткіштері жоғары.

Республикадағы алғашқы роботтандырылған хирургия, гибридті операция ашылды. Екі жылдың ішінде облыстың барлық мектептері IT сыныптармен жабдықталды.

Осы даму қарқынын одан әрі жалғастыра беріңіздер. Киелі Семей жерінде, Ұлы Абайдың туған осындай кешеннің ашылуы өте орынды. Бұл шығысқазақстандықтарға жасалған үлкен тарту- деді Үкімет басшысының бірінші орынбсары Әлихан Смайылов өз құттықтауында.

Семей жұртшылығы өз алғыстарын жеткізіп, ризалықтарын білдірді.

– Елбасымыздың тапсырмасымен салынған нысанда талай спорт және мәдениет майталмандары қанаттанады деп ойлаймыз. Семей қаласына ұдайы көңіл бөлініп, соңғы жылдары бірқатар ірі нысандар ашылуда. Семей халқының алғыстан басқа айтары жоқ, – деді Семей қаласының құрметті азаматы, филология ғылымдарының докторы Арап Еспенбетов.

Құрылысы екі жылға созылған спорттық нысанның жалпы аумағы – 33,8 мың шаршы метр. Ірі кешеннің құрылысын отандық «Фирма АЗИЯ» ЖШС жүргізіп, жалпы құны 26 млрд теңгені құрайды.

Тағы оқыңыз:

Тәуелсіздік күні қарсаңында Семейде 40 отбасыға баспана берілді (фото)