Cоңғы жаңалықтар
Back

Амандық Баталов: «Журналистер жұмысымды жеңілдетіп отыр» (фото)

Елдің мүддесін, қоғамның даумы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істеп жүрген жандардың қатарына журналистерді де қосуға болады. Қолына қалам ұстап, ұлт мұратын жоғары қойған журналистер қауымының еңбегін бағалап, қоғам тарапына лайықты бағасы алса, есіл еңбектің ақталғаны емес пе? Міне, бірнеше жылдан бері Алматы облысы тілшілер қауымы арасында «Самғау» сыйлығын ұйымдастырып келеді. Бүгін біраз әріптестеріміз Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың қолынан марапат алып, бір жасап қалды. Байқауға қалыптасқан дәстүр бойынша қалалық, аудандық, облыстық, республикалық БАҚ-тың журналистері, фототілшілері мен операторлары, блогерлер қатысып, 11 номинация бойынша марапатталды.

ында өткен салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Амандық Баталов:

– Міне, үшінші жыл қатарынан біз осындай кездесу өткізіп, журналистер арасында «Самғау» облыстық байқауының жүлдегерлерін марапаттап келеміз. Бұл байқау Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отыр. Бағдарламаны одан әрі жүзеге асыруға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдау көрсетуде.

Алматы облысында жасалып жатқан істерді, әлеуметтік-экономикалық дамудағы барлық жетістіктерімізді республика жұртшылығына, сіздер, журналистер қауымы жеткізіп отырсыздар. Сіздердің жұмыстарыңызда ең бастысы – объективті жазып, көрсету.

Маған сіздердің тек жағымды жаңалықтарыңыз ғана емес, сын материалдарыңыз да көмектеседі. Мен күнделікті жұмысымды ақпарат құралдарында Алматы облысы туралы шыққан материалдарды оқып-танысудан бастаймын.

Жақсы жаңалық оқысам, қуанамын, проблемалар жайлы білгенде, бірден тапсырма беріп, мәселені бақылауыма аламын, қажет болса, сол жерге барып көремін. Сіздердің маған көп көмектеріңіз тиеді. Себебі барлық жерге барып, көріп, білуге менің мүмкіндігім бола бермейді, көп нәрсені сіздердің ақпараттыңыз арқылы оқып-біліп отырамын.

Алда үлкен мереке келе жатыр. Тәуелсіздік күніне орай салнататты жиын өтеді, кезекте тұрған азаматтарға 100-ден астам пәтердің кілтін береміз. Яғни сіздерге жазып-көрсететін тақырып жеткілікті. Баршаңызға шығармашылық табыс, тілеймін! Қызықты материалдарыңыз көп болып, халықтың ықыласына бөлене беріңіздер, – деді А. Баталов.

Байқау 11 номинация бойынша өтіп, жеңімпаздар марапатталды. Солардың қатарында «Үздік журналист», «Үздік оператор», «Үздік блогер», «Үздік қалалық, аудандық газеттің тілшісі», «Үздік монтажер», «Үздік фототілші» т.б. бар. Жеңімпаздардың әрқайсысына арнайы статуэтка, дипломдар мен 200 мыңнан 500 мың теңгеге дейінгі ақшалай сыйлық берілді.

Бірінші орын иелерінің қатарында «Хабар» телеарнасының меншікті тілшісі Әділхан Сахариев, блогер, «Время» газетінің меншікті тілшісі Сандуғаш Дүйсенова, фотограф Жеңіс Ысқабай, «Жетісу шұғыласы» аудандық газетінің тілшісі Зейнегүл Жұмабекова, дизайнер Айжан Сәдуақасова болды.

Үздік желілік басылым ретінде облыстық «Огни Алатау» газетінің сайты жеңімпаз деп танылса, екінші орынды облыстық «Жетісу» газетінің сайты алды. Үшінші орын «Заман жаршысы» аудандық газетінің Karasayinfo.kz сайтына берілді.

«Жетісу» телеарнасының қызметкерлері де бірқатар жүлдеге ие болды. Мәселен, Мадина Айтқалиқызы – үздік тележурналист, Шалқар Құсайынов – үздік монтажер, Айдос Қалиев үздік оператор атанды. 2 және 3 орындарға редактор Назгүл Аязбаев, операторлар Қайрат Қазтұрғанов, Мәди Байбосынов, бейнеинженер Александр Белов, режиссер Данияр Мұстафаев лайық деп танылды.

Облыс журналистикасына қосқан үлесі үшін «Хабар» телеарнасының меншікті тілшісі, ардагер журналист Тілеуқабыл Мыңжасар марапатталып, облыс басшылығына алғысын білдірді.

– Алматы облысында 20 жылдан астам тілші болдым. Әрқашан облыста атқарылып жатқан істерден хабар болып отырдым. Қазір Алматы қаласында тұрамын. Бірақ әлі күнге дейін Талдықорғанды, осы жердің халқын сағынамын. Талдықорғанға жол түскенде, ризашылықпен келемін, өңірдің жақсылықтарына сіздермен бірге қуанып жүремін, – деді Т. Мыңжасар.

Журналистер атынан Қарасай аудандық «Заман жаршысы» газетінің бас редакторы Атлана Исаева сөз алды.

– Аудандық басылымдардағы әріптестерімнің атынан осындай сыйлық беріп жатқандарыңыз үшін ең алдымен, Амандық Ғаббасұлы, сізге зор алғыс айтамын. «Самғау» сыйлығы – бұл Алматы облысындағы ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби тұрғыда одан әрі ізденуі, өсуі үшін ынталандыратын шара. Бұл байқауға өңірліктен бастап орталық басылымдарға дейін, желілік, электрондық ақпарат құлдарының да қатысуына мүмкіндік жасалғаны қуантады. Бұл әрбір журналист үшін өзінің кәсіби машығын дамытуға, талантын ұштауға берілген қосымша мүмкіндік, – дей келе А. Исаева жеңімпаз әріптестеріне құттықтау тілегін білдірді.

Шара соңы мерекелік концертпен түйінделді.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Тағы оқыңыз;

Баталов желтоқсаншыларға құрмет көрсетті