Back

Әбіш Кекілбайұлы ұлттық идеологияны қалыптасушылардың бірі

Бүгін елордада Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының туғанына 80 жыл толуына орай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Әбіш Кекілбаев және Ұлы дала руханияты» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтті, – деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Алқалы жиында сөз сөйлеген Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қаламгердің ел тәуелсіздігін орнықтырудағы еңбегін айрықша атап өтті.

– Тәуелсіздіктің елең-алаңында Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктерінің біріне айналған Әбіш Кекілбайұлы ұлттық идеологияның қалыптасуында өз қолтаңбасын қалдырды. Осылайша, халқына жасаған қызметі жоғары бағаланып, Қазақстанның Еңбек ері атанды. Кезінде Парламент Сенатында қызметтес болып, жақын сыйласқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш мерейтойының шымылдығын ашқан сөзінде сан қырлы суреткер туралы «Әбіштану дәуірі енді басталды» деген еді. Ал қаламгердің ойшылдығын арқау еткен Сауытбек Әбдірахмановтың «Абыз Әбіш» атты зерттеу кітабының алғысөзінде Президент «Әбіш Кекілбайұлы – халқымыздың рухани әлеуетін әлем алдында ұғындырып беретін алып тұлғаларымыздың бірі де бірегейі» деп айшықтап берді. Түптеп келгенде, Әбішті тану – оның терең ой-парасатына сүйсіндіретін, отансүйгіштік рухын түйсіндіретін ғибраты мол шара. Әбіштанудың терең тағылымы осында жатыр, – деді мемлекеттік хатшы.

Конференцияға «Әбіш Кекілбаев – мемлекет және қоғам қайраткері», «Әбіш Кекілбаевтың көркемдік-эстетикалық әлемі және қазіргі қазақ әдебиеті», «Әбіш Кекілбаев және ұлттық дүниетаным», «Әбіш Кекілбаев және жалпыадамзаттық құндылықтар» тақырыптары өзек болды.

Спикерлер ретінде ҚР ҰҒА академигі Жабайхан Әбділдин, мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов сөз сөйледі.

Шақырылған қонақтар қатарында Испания Корольдігінің Білім министрлігінің жетекші маманы Хулио Новилло Санчес де Педро болды.

«Жастар» театрында Әбіш Кекілбайұлының «Нартәуекел» халықтық қаһармандық дастаны қойылады. Ертең, тұлғаның дәл туған күнінде елордада атына берілген көшенің салтанатты ашылуы өтіп, Ұлттық пантеондағы бейтіне гүл шоқтары қойылып, құран оқылады, рухына ас беріледі. Кешке қарай Бейбітшілік және келісім сарайында қаламгерді еске алу кеші өтеді.