Back

Павлодар. Май ауданының 15 ауылына ауыз су келді

Павлодар облысында Май топтық су құбырының құрылысы аяқталды. Құрылысы он жылға созылған топтық су құбыры осылайша халықтың пайдалануына берілді. Алдағы уақытта тұрғындардың бәрі үйлеріне су құбырларын тартып болған соң, құрбырға таза ауыз су жіберіледі деп күтілуде.   

Май ауданында өткен ғасырдың 90-жылдарында жұмыс істеген су құбырын қайта құру жобасы 2010-шы жылы қолға алынған болатын.

Құрылыс жұмыстарына Су ресурстарының комитеті тапсырыс берген-ді. Алайда, алғашқы мердігер  «Центрстрой-комплект НС» ЖШС-і жұмысты созбалаңға салған соң арадағы келісімшарт сот шешімі бойынша бұзылғаны есімізде.

Бұдан кейін жұмысқа кіріскен «Лига-Финанс» ЖШС-і де осындай жағдайға ұшырады. 2015 жылы Ертіс өзенінің тасуы кезінде су құбырының біраз бөлігіндегі жолдар шайылып, скважиналар тасқын су астында қалды.

– Май ауданындағы ауылдар саны азайғандықтан 2017 жылы жобаға түзетулер енгізілді, – деп атап өтті жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мамандары. – 2018-2019 жылдар аралығында құрылыс жұмыстарын «Қазсушаруашышылық» республикалық кәсіпорны жүргізді. Нысанның құны 5,4 миллиард теңгені құрады. Қазіргі кезде су құбырын іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Топтық су құбырына Май ауданының 9,7 мың тұрғыны бар 15 ауылы қосылатын болады. Жұмыскер, Көктөбе және Бозша ауылдарында кентішілік су желілері салынып бітті. Жыл соңына дейін тағы да 11 ауылда су бөлетін құбырлар тартылатын болады. Осы мақсаттарға 2019 жылы 3,2 миллиард теңге қаржы бөлінген.

Топтық су құбырына Май ауданының 9,7 мың тұрғыны бар 15 ауылы қосылатын болады. Жұмыскер, Көктөбе және Бозша ауылдарында кентішілік су желілері салынып бітті. Жыл соңына дейін тағы да 11 ауылда су бөлетін құбырлар тартылатын болады. Осы мақсаттарға 2019 жылы 3,2 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл соманың 2,7 миллиарды республикалық бюджеттен, қалған 518 миллион теңге облыстық қазынадан бөлінді.

Май топтық су құбырына Ақсу қаласының ауылдық аймағының елді мекендері де қосылуы мүмкін. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов ағымдағы жылдың тамыз айында құрылыс учаскелерін аралау кезінде осындай ұсыныс жасады.

– Төрт мыңға жуық тұрғыны бар Мәмәйіт Омаров, Құркөл және Еңбек ауылдарында су құбырларын тарту жобасы әзірленді, – деді аймақ басшысы. – Егер әр ауылдың өзінде скважина бұрғылап, сорғы станцияларын салып, өзге де инфрақұрылымды тартатын болсақ, бұл жұмыстарға бюджеттен 1 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалады. Ал, осы ауылдарды Май топтық су құбырына қоссақ, бірталай қаржы үнемделер еді, судың кірісі де артар еді. Су желісіне қызмет көрсететін мамандардың еңбекақысы көтеріліп, су бағасының тарифі төмендейді.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі