Back

Орталық Азия басшылары Ташкентке жиналып жатыр

29 қарашада Ташкентте Орталық Азия басшыларының екінші консультативті кездесуі өтеді.

Жиынға қатысу үшін Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 28 қарашада кешкісін Ташкентке барды.

Ташкент халықаралық әуежайында Назарбаевты Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов күтіп алды.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон да Ташкентке барды.

Бірер күн бұрын ғана Түркіменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов жұмыс сапарымен Өзбекстанға барып, ел президенті Шавкат Мирзияевпен кездескен болатын. Әзірге оның Орталық Азия басшыларының жиынына қатысатыны, не қатыспайтыны белгісіз.

Қырғыз президенті Сооронбай Жээнбеков те Өзбекстанға ұшып барды. Оның өзбек президентімен екіжақты кездесуі жоспарланған.

2018 жылдың наурыз айында қазақ астанасында Орталық Азия елдері лидерлерінің алғашқы консультативті кездесуі өткен.

Екінші кездесу биыл наурыз айында Ташкентте жоспарланған еді. Бірақ Өзбекстан тарабы кездесуді күзге шегерді.

Бұл жиынды жүйелі түрде өткізуге бастама етіп көтерген өзбек президенті болған.