Back

Ұлыбританияда Абай мұраларының көрмесі өтеді

Кембридж университетінің «Fitzwilliam» музейінде «Ұлы дала алтыны» көрмесі өтеді. Осы көрменің бір бөлігіне ұлы Абайдың мұралары қойылады. 

Бұл туралы ОҚК-да өткен брифингіде ШҚО әкімі Даниал Ахметов айтты. 

“Мемлекет басшысының “Абайдың 175 жылдығын мерекелеу туралы” Жарлығын жүзеге асыру үшін арнайы тұжырымдама және аймақтық іс-шаралар жоспары әзірленді. Ұлы ұстаздың тойын ойдағыдай өткізу жөнінде жұмыс комиссиясы құрылды. Комиссия құрамына әртүрлі қызмет саласының өкілдері – тарихшылар мен әдебиеттанушылар, қоғам қайраткерлері мен журналистер кірді», – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Әкімнің айтуынша, кешенді жоспарға кірген іс-шаралардың басты мақсаты – Абайдың мұрасын дәріптеу, оның шығармашылық ойларын жан-жақты ашу және мұны әлемге паш ету. 

«Абай жылы аясында бас-аяғы 560 шара өткіземіз. Бұдан бөлек келесі жылы Кембридж университетінің “Fitzwilliam” музейінде ауқымды “Ұлы дала алтыны” атты көрмесін ұйымдастырамыз.

Ол көрменің бір бөлігі – Абайдың мұрасы мен шығармаларына арналмақ. Көрме күндері келесі жылдың маусым айынан бастап тамызға дейін созылады. Осылайша ағылшындар мен музей қонақтары Ұлы даланың тарихымен танысады», – деді Ахметов.