Back

Экс-прокурор Тасмағамбетовке тіс батырғысы келген бе?

Бас прокуратураның бұрынғы қызметкерлері Бауыржан Ғаббасов және Олеся Кексель өздері жүргізген тергеу ісі бойынша күдіктіні азаптаған деп күдіктелуде.

“Время” газеті хабарлағандай бұлай деп әзір тергеліп жатқан экс-энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаның адвокаты Хамида Айтқалиева мәлімдеген.  

Оның айтуынша Олеся Кексельден әзір куәгер ретінде жауап алынған, ол қорғаушының көмегіне жүгіне алады.

Айта кетсек, бұған дейін Кексель Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметін басқарды, оған дейін Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро тергеу департаменті басшысының орынбасары болды.

Экс-премьер Серік Ахметов және экс-экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық істе тергеу тобына жетекшілік еткен де осы – Кексель.

“Ахметов пен Бишімбаев ісі оның мансабының өсуіне баспалдақ болды”, – деп жазады kz.expert.  

Forbes дерегінше Кексель бұрынғы Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың адамы. Президент бұйрығымен Қожамжаров сенатор болғаннан кейін Кексель Қазақстаннан Германияға қоныс аударған және сонда біржолата тұрақтаған.

“Ғаббасов пен Кексельдің тергелуіне қорғауымдағы кәсіпкер Е.И.Нәбиевтің арызы түрткі болды” – дейді адвокат Айтқалиева. Ол соттан тергеу кезінде азап көрген Нәбиевті ақтауды сұрайды.  

Бұған дейін өзге қылмыстық істің адвокаты Жан Күнсеркин арнайы прокурорлар қызметіне жетекшілік еткен тұста Олеся Кексельдің күдікті Гүлнәр Мұсабаевадан Иманғали Тасмағамбетовке қарсы куәлік етуді талап еткенін мәлімдеген.

Кексель қызметінен кету туралы арызды мамыр айында жазған. “Время” газетінің мәліметінше Қожамжаровтың басқа қызметке ауысары белгілі болғанда Бас прокуратураның 100 тарта қызметкері жұмыстан кету туралы арыз жазған.

Оның орнына келген Ғизат Нұрдәулетов ведомстваны Қожамжаровтың кадрларынан “тазартып”, прокуратурадағы бірқатар басқарманы қайта құрылымдаған. Атап айтқанда Кексель басшылық еткен Арнайы прокурорлар қызметін таратып жіберген.

Кексель Тасмағамбетовке қарсы куәлік етуді талап еткен Гүлнәр Мұсабаева ғарышкер Талғат Мұсабаевтың туысы. 2016 жылы оның үстінен ҚазКомБанктен заңсыз жолмен қайтарымсыз несие алды деген айыппен іс қозғалады.

Мұсабаеваның қорғаушысы Жан Күнсеркин бұл іс қазір тергелу үстіндегі Олеся Кексельдің бақылауында болған дейді.

Кексель Мұсабаевадан елдегі танымал тұлғаларға, оның ішінде Қазақстанның Ресейдегі елшісі Тасмағамбетовқа қарсы куәлік етуді талап етіп, қысымға алған.

“Біз оның Германияға не себепті кеткенін және біздің аргументімізге қарсы не айтарын білгіміз келеді”, – дейді Мұсабаеваның адвокаты.

“Кексельдің елден кеткені тегін емес. Ол өзіне тықыр таянғанын сезді. Қазақстанда қалғысы келмеді. Оның шетелге шығуына шектеу қойылмауын бұл дауға үшінші тараптың араласқанын аңғартады”, – дейді өз кезегінде kz.expert. 

Ал Қазкомнан қайтарымсыз қомақты несие алған Гүлнәр Мұсабаева өткен айда бостандыққа шықты.