Back

Марғұлан Сейсембай: “Норвегтердің бәрі бай, біз неге кедейміз?”

Танымал кәсіпкер Марғұлан Сейсенбай мұнайға бай Қазақстан мен Норвегия экономикасын салыстырып, бізден озып кеткен норвегтердің менталитетін сөз етіпті. «Қарапайым норвегиялықтардың өмір сүру деңгейі әлемдегі ең жоғары деңгей болып есептеледі және бұл үздіксіз өсіп жатыр. Ал біз ше? Біз қайттік? 30 жылда не бітіріп, не тындырдық?» дейді ашынған кәсіпкер.

Мен жақында ғана Норвегия Тәуелсіз қоры басшысының қызметтен кеткенін және өзіміздің Ұлттық әл-ауқат қорымыздағы басқару сапасына қатысты мәселені көтергенім есіңізде болар.
Бүгін мен болашаққа деген біздің көзқарасымыз бен норвегтердің көзқарасын өзара салыстыруды жалғастырсам деймін.
Норвегиялықтар секілді, біздің де бағымыз бар екен, пайдалы қазбалардың аса үлкен қоры бар.
Бірақ бізге қарағанда олардың бағы 5 есе аз. Оларда 6.6 млрд. баррель, ал бізде 30 млрд. баррель мұнай бар, оған Менделеев кестесіндегі барлық элементті қосыңыз.
Сондай-ақ, олар 50 жыл ішінде өздерінің тәуелсіз қорына 1.1 триллион АҚШ долларын жинады, ал біз болсақ 30 жыл бойы тек 68 млрд. АҚШ долларын жинадық.
Норвегиялықтар бұған қалай жеткенін қарастырып көрейік.

Тәуелсіз қор құру арқылы олар не нәрсеге ұмтылды? Жауабы – ақша жинау, дұрыс, бірақ толық емес. Бұл туралы мәтіннен және қор декларациясынан оқуға болады.

Норвегтерді түсіну үшін тарихқа сәл тереңірек үңілу керек. Сонымен, бастайық (мәтінді оқу кезінде Қазақстанмен параллель қарастыруды ұсынамын).

Норвегтер – бұрынғы викингтер. Жаулап алушылар.
Олар өз мінезін, оңай ақшаға деген әуестік, өзгенің материалдық игіліктерін дөрекілік пен арсыздық арқылы иемдену сынды менталитетін жақсы біледі.(Бұл ешкімді есіңізге салып жатқан жоқ па? Көшпенділер, шапқыншылық, барымта, Абайдың қарасөздері).

Өздерінің мінездерін біле отырып, норвегиялықтар мемлекет бюджетінен түрлі секторларды қаржыландыру арқылы өз экономикасын әртараптандырудан саналы түрде бас тартты.

 Өйткені, бұл жолдың ақыр аяғында ұлтты тұйыққа тіреп тынатын жемқорлық алаңы екенін жақсы түсінді. Ақша талан-таражға түседі, ал ел құлдырайды.

 Норвегия экономикасы мұнайға (шикізатқа) негізделген.

Оның орнына норвегиялықтар елдің табысын әлемдік экономикаға инвестициялауды ұйғарды. НЕГЕ деген сұраққа жауап беру үшін нәтижелерге көз салайық.

Қаржы министрлігінен Норвегия Тәуелсіз мұнай қорына ең алғашқы ақша аударымы 1996 жылы 19 658 628 711 норвег кроны (NOK) көлемінде жасалды.
Норвегия өз капиталын бүкіл әлемге, әлемдік экономиканың барлық салаларына салып әртараптандырды. Осылайша, бүгінде бүкіл әлем бойынша 9000 компания Норвегия экономикасы үшін жұмыс істеп жатыр.

Ал Норвегияның өзінің экономикасы не болып жатыр? Ештеңе де болмай жатыр.

Норвегиялықтар 100 жыл бұрын майшабақтар аулайтын, әлі аулайды. Норвегия табиғаты қаз-қалпында – әлі бұзылмаған. Өзінің бар ерекшелігін болашақ ұрпақтары үшін сақтайды.
Осының арқасында Норвегиядағы туризм бюджетті толықтырудың негізгі көздерінің бірі болып отыр (мұнай өндірумен қатар).
Норвегиялықтар өз жерінде зауыттар салмайды. Неліктен?

Дүниежүзіндегі үздік 9000 (биржаларда листингтен өткен) компания (зауыттар мен фабрикалар) ел игілігі үшін жұмыс істейді.

Қарапайым норвегиялықтардың өмір сүру деңгейі әлемдегі ең жоғары деңгей болып есептеледі және бұл үздіксіз өсіп жатыр.
Норвегиялық кронның бағамы шетел валюталарына немесе тез құбылатын мұнай бағасына емес, әлемдік экономиканың жағдайына байланысты.

Осылайша, 23 жыл ішінде норвегиялықтар ел экономикасын көтеріп, ұлттық валютаның инфляциясын жеңіп, өздерінің табиғатын өнеркәсіптік ластанудан сақтап, бүкіл халық үшін пассивті кіріс көзін жасады.

Бәрі тамаша – қарапайым!
Ал біз 30 жыл бойы не істедік? Қандай жетістігіміз бар?

 

Тағы оқыңыз:

«Хабар» ертегі айтуды доғарды ма?