Back

«Хабар» ертегі айтуды доғарды ма?

«Хабар» телеарнасының төрағасы Ерлан Бекқожин «ендігәрі ертегі айтылмайды» деп сендірген еді түнеукүні. 

Онысы орынды да. Өмір өзгергенмен, «Хабар» өзгермеген еді осы күнге дейін. Халықтың «Хабардың» «қырық өтірігіне» иланатын өткелден өтіп кеткенін Бекқожин білмеуі мүмкін емес.

Біркездегі беткеұстар арнаның контенті соңғы жылдары тым сұйылып, сапасызданып, сүреңсізденіп кеткені сондай халық «Хабарды» қараудан қалған еді, ең ақыры соңғы тіреуіші болған ауылдағы ағайын теріс айналғасын «Хабардың» өзгергеннен өзге жолы жоқ деп түсіндік.   

«Хабар» көрсететін Қазақстанда өмір сүргіміз келеді». «Шындықтың қас жауы – «Хабар», «Мақтау мен мадаққа келгенде «Хабар» қамшы салдырмайды» дейін көрерменнің сөзі обалы не керек, рас.

«Білемін, бәрін де білемін. Ендігәрі ертегі айтылмайды. «Хабар» халықтың сөзін сөйлеп, жоғын жоқтайтын болады бұдан былай. Мақтау мен мадақтың қамытынан босап, шындықтың шырағын ұстаймыз. Уақыттың талабы мен таңдауынан кейіндеп қалмай, жаңарып жатқан дүние керуенге ілесуіміз керек.

Әзірдің өзінде қоғамдағы қаны сорғалаған мәселелерді қаймықпай, қоясын ақтарып айтатын бірнеше жоба көрерменге жол тартып үлгерді. Қазіргі «Хабар» үшін жабулы, табу тақырып жоқ. Біздің сын садағымыздан жемқор шенеунік те, жауапсыз әкім де, әділетсіз сот та жалтара алмайды бұдан былай. Иә, енді ертегі айтылмайды…», – дейді жаңа төраға.

Ертегі айтуды доғару елге емес, «Хабардың» өзіне керегін Ерлан мырза ескерер деген ойдамыз. Көрерменін қайтаруға «Хабардың» өзі мүдделі болуға тиіс-ақ. Көрермен «Хабарға» мұхтаж емес өйткені, ал «Хабар»…

Әрбірден соң Тоқаев айтатын әділеттілік те «Хабар» ертегі айтуды доғарған күні орнайтындай көрінеді бізге…

«Хабар» ертегі айтуды доғарған күні – Тоқаев Тұңғыш Президенттің сара саясатынан бас тартуға жүрегі дауалап, өз соқпағымен жүреді деуге негіз бар.

Иә, «Хабар» өзгеруі керек. Мемлекеттік арнаның жағымды жаңалықты сап тыйып, Үкімет жұмысына сын көзімен қарауы жоғалтқан көрерменін қайтарудың жалғыз жолы.   

Алдағы жылы «Хабардың» құрылғанына 25 жыл толады. Осы бір дүбірлі датаға «Хабар» қандай кейіпте келмек? 25 жасын қалай атап өтеді ол? Осы уақыттағы биліктің бұлбұлы болған образын «ендігәрі ертегі айтпаймыз» дейтін Ерлан Бекхожиннің сөзі жуып-шая ала ма, жоқ па?  

Бұдан 4 жыл шамасы бұрын «Қала мен Дала» «Хабарды» қатты сынаған еді. Ауылдағы ағайынның сәлемін қағазға түсірген біз «Хабарға» сол кездің өзінде «өзгеруге» кеңес берген едік.  

Сол мақаланың үзіндісін қайыра жариялап отырмыз. «Хабардағылар» оқып қалар…

Сонымен, осыдан тұп-тура 4 жыл бұрын «Қала мен Дала» «Хабар» туралы не деп еді?

«Хабарды» көрмегелі көп болды. Өзімізге керектіні ала алмағасын  «Хабар» көзден де, көңілден де өшті. Кезінде ғой халық «Хабарды» көретін. Ал қазір кім көреді? 

 «Хабардың» контенті сізге қаншалықты қызықты? Одан бұрын «Хабар» таратқан хабарға сенесіз бе? 
Қойыңыз, «сенемін» дегенге сенбейміз. Айналаға қарасақ, «Хабар» ертегі айтып жатқандай көрінеді. Болашақта болуы мүмкін, орындалып қалуы кəдік армандар…

Енді ше, мемлекетіміздің өзі бізді соған иландырып, сабырға шақырып отыр ғой.
Бізге бүгінгі күнмен өмір сүруге болмайды, əсте. Біз бақытқа, бақуатқа бүгін емес, ертең кенелеміз. Күнде ертең. Қарыштаған Қазақстан. Қарқынды даму үстіндегі Қазақстан. Тағы қандай теңеу бар еді? 
Анығында, «Хабар»  көрсететін Қазақстан шынайы өмірде жоқ. «Хабар» көрсететін Қазақстанда өмір сүргім келеді» дейтін сарказм (айтпақшы, сарказм əзіл емес) содан қалған. 

Биыл «Хабардың» құрылғанына жиырма жыл толды. Өзгерген дүние көп. Біз өзгердік. Сіз өзгердіңіз. Ой, орта, өлшем өзгерді. Бірақ «Хабар» өзгерген жоқ.

«Хабардың» кешкі жаңалығындағы Қазақстан шынымен де жұмақ мекен.  Иə, қала халқында таңдау бар. Ал ауылдағы ағайын бертінге дейін айналдырған төрт телеарнаны талғажау етіп келді.

Интернетке қолы жеткені кеше ғана олардың. «Хабардың» жаңалықтарын екі бөлікке бөлуге болады, біздіңше. Шетел жаңалықтары шылғай негативтен тұрады.

Мәселен:
«Грекия құзға құлағалы тұр», «Қара құрлықтың түгенбай деген елінде жарылыс болды» болмаса «Колумбияның халқы ереуілге шықты», – дейді телерна. 

Сөй деп көсілетін «Хабардың» Қазақстандағы жағдайды боямасыз көрсетуге дәті дауаламайды. 
Дағдарыс тереңдеді. Теңге құнсызданды. Бюджет ортайды. Айлық па? Айлық азайды. Жер-жерде қысқарту үдеп тұр. Үнемдеу үйреншікті іске айналды. 25 жыл бойы ертегіге алданған ел аласапыранға түсті.

Бұлай деуге «Хабардың» қақысы жоғын білеміз. Басшылық бар, бақылау бар дегендей үлкен-кіші себеп көп.

Алайда асыра мақтау мен артық пафостан көрерменнен бұрын, арнаның өзі жапа шегіп жатқанын əлгі «Хабар» басшылығы білмеуі мүмкін емес.

«Хабар» көрерменінен әлдеқашан айырылған, анығы. Көзі қарақты көрермен «Хабардан» әлдеқашан теріс айналған. 

Халық қазіргі Қазақстанның қандай күйде екенінен жақсы хабардар. «Хабардың» кешкі жаңалығын көрсе, күледі де, қояды көрерменнің көпшілігі. Елдің әжуасы «Хабарға» шығарылған үкім іспетті.

Өмір өзгергенмен, «Хабар» өзгерген жоқ. Айтпақшы, «Хабарды» көрмегелі көп болды.

 

Думан БЫҚАЙ

Тағы оқыңыз:

Досым Сәтпаев: “Халықты тұншықтыра бергеннен түк шықпайды”