Back

Нұр-Сұлтанда жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасына қатысуға өтінімдер қабылдау басталды (видео)

Бүгін Smart Astana порталында елорданың жұмыс істеп жүрген жастарына жалға берілетін тұрғын үйге қатысу үшін өтінімдер қабылдау басталды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Өтінімдерді қабылдау 10 қарашаға дейін жалғасады. Жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасына сатып алу құқығынсыз 29 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады.

Өтінім беру және оны қарау кезінде қатысушылар 29 жастан кіші болуы тиіс. Сондай-ақ, ІІМ жас қызметкерлері мен тұрғын үй төлемдерін алмайтын әскери қызметшілер де қатыса алады.

Сонымен қатар астаналық Тұрғын үй қорының хабарлауынша соңғы жарты жылда еңбек демалысына немесе сырқатына байланысты демалысқа шығып, соның әсерінен алты айдың біріндегі табысы азайып қалған жастар да құжаттарын тапсыра алады.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында 1050 пәтер беріледі. Олар 5 жылға жалға берілетін болады. Осы уақыт ішінде өз баспанасын алу үшін депозит шотына ай сайын ақша аударып отыру кеңес етіледі.

Жалға беру шаршы метрге байланысты айына 5-тен 15 мың теңгеге дейін болады. Айта кету керек, жоғарыда айтылған бағдарлама бойынша жастарға арналған жалдамалы пәтер келесі жылы да беріледі.