Back

Келесте көшпелі қоғамдық қабылдау өтті

Елбасы, Партия төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың Партияны қайта жаңғырту бағдарламасын іске асыру аясындағы тапсырмасына сәйкес, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлімінің ұйымдастыруымен облыстық филиал төрағасының Бірінші орынбасары Тәжібаев Бейсенбай Дәулетұлының қатысуымен Түркістан облысының департамент және басқарма басшылары Келес ауданы тұрғындарына арыз-шағымдары бойынша көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді.

Жалпы Қоғамдық қабылдау барысында әлеуметтік желіде берілген хабарлама негізінде қабылдауға жазылған 16 азамат жеке және аудан көлеміндегі шешімін таппай келе жатқан күрделі мәселелер бойынша арыз-шағымдарын жеткізді.

Атап айтқанда, hеспубликалық маңызы бар А-15​ «Жызақ-Жетісай-Қызыләскер-Абай-Сарыағаш-Жібек жолы» автомобиль жолын жөндеу жұмысының сапасыздығы мен тапсыру мерзімі келгенімен жөндеуге қажетті 31 шақырымның 15 шақырымын да жөндеп бітпегені, осы жолды жөндеу барысында жүк көліктеріне айналма жол ретінде берілген Ошақты және Бірлік ауылдық округтері аумағынан өтетін күре жолдың бүгінгі күні жарамсыз халге жетіп көліктердің жол апатына ушыруы жиілегені, ұрлық мәселесі бойынша құқық қорғау органдары тиісті деңгейде жұмыс жүргізбей отырғаны, Ақтөбе ауылдық округіндегі құрылысы тоқтап сақалды құрылысқа айналып отырған Р.Қошқарбаев орта мектебінің құрылысы жайлы, үш ауысымда оқып жатқан Ғ.Мұратбаев орта мектебіне жаңа ғимарат салу, 2-3 жыл алдын пайдалануға берілген Біртілек ауылдық округіндегі Жолбасшы және Т.Бегманов орта мектептерінің сапасыз құрылысы жайлы, «Оймауыт» су бөгетіне күрделі жөндеу қажеттігі, Ошақты ауылдық округі аумағындағы жайлым жер мәселесі, Сарыағаш ауданы тұсында 7-8 жыл көлемінде тұрғын үй кезегінде тұрып, кезегі жақындағанда Сарыағаш қаласынан пайдалануға беріуге жақын қалған 13 көпқабатты тұрғын үйден Келес ауданының тұрғындары ретінде пәтер ала алмау қауіптері, Атаулы әлеуметтік көмек алу мәселесі және Келес аудандық ауруханасында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы өз деңгейінде жүрмеуіне байланысты емделуші азаматтар әлі де болса қағазбастылық себебімен тиісті емдерін қабылдауда қиналып жүргені және емдеу порталына тіркелу бойынша қиындықтар туындап жатқаны жайлы күрделенген мәселелерді көтерді.

Ошақты ауылдық округінің тұрғыны Құнанбаева Ұлжан көтерген елді мекендегі оқушылар мен тұрғындардың қиыншылық көріп отырған көпірді қайта салу мәселесі бойынша, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Жаңабай Ағабеков арнайы техника бөліп көпір ретінде орнатылуға қажетті бетон плитаны бір апта мерзімінде орнатып беретінін жеткізді.

Қоғамдық қабылдау барысында көтерілген мәселелер бойынша тиісті департамент және басқарма басшылары мен аудан әкімінің орынбасары Жаңбырбаев Абай Данабекұлы, сондай-ақ аудандық дебес бөлім және мекеме басшылары түсініктемелер берсе, облыстық филиал Төрағасының Бірінші орынбасары Тәжібаев Бейсенбай Дәулетұлы көтерілген мәселелерді толық әрі сапалы шешу бойынша тиісті басшыларға нақты тапсырмалар берді.

Көшпелі қоғамдық қабылдау барысы “Facebook” әлеуметтік желісінде тікелей көрсетілді.