Back

Жастар санасына рухани жаңғыру кодын сіңіру басты мақсат

Елордада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның мәдени мұрасы әлеміне саяхат» атты жаңа жоба қолға алынды, – деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жаңа жоба қазақтың мәдени мұрасын сақтап, насихаттауға бағытталған.

– Бүгінгі шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Осы бағдарлама аясында қаншама асыл мұраларымыз танылып та, табылуда. Қазақ мәдениеті ғасырлар бойы ұрпақтар арасындағы сабақтастықты жалғасып келеді.

30 жылға жуық тәуелсіздік тарихымызда да ұлттық құндылықтарымыз аз дәріптелген жоқ. Жобаның көздегені – жас ұрпаққа төл мәдениетімізді таныстыра отырып, олардың санасына рухани жаңғыру кодын сіңіру. Және әлемге қазақстандық мәдениетті жаңа тұрпатта таныстыру.

Жоба аясындағы шаралардың алғашқысы – бүгінгі тұсаукесер. Одан әрі жоспарға сай түрлі бағыттағы тарихи-мәдени іс-шаралар ұйымдастыруды көздеп отырмыз, – деді ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.

Оның айтуынша,  жоба 1 жылға арналған. Жоба жетекшілері оны Тәуелсіздіктің 30 жылдығына дейін жалғастырмақшы. Белгілі болғандай, жоба аясында елордалық оқушылар тарихи-мәдени орындармен танысып, ғылыми зерттеулер жүргізеді.

– Оқушыларға арналған бұл шараның басты мақсаты – оқушыларды тарихи жәдігерлер мен ескерткіштер туралы терең танып білу мен оны құрметтеу. Сондай-ақ, ел өңірлерінің мәдениетімен таныса отырып, оқу-танымдық бағдарламаларды әзірлеу.

Жоба 2019-2020 оқу жылына арналған. Бір жыл бойы оқушылардың қатысуымен түрлі бағыттағы шаралар ұйымдастырылады. Оның ішінде, танымал тұлғалармен кездесу, әдеби кеш, түрлі байқау және ғылыми жобалар жазу.

Сонымен қатар, көрмелер мен ашық сабақтар өтеді. Жобаны Білім басқармасының бастамасымен қаладағы 5 мектеп бірігіп жүзеге асыратын боламыз, – деді қалалық №15 мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ғалия Омашева. Айта кетейік, «Қазақстанның мәдени мұрасы әлеміне саяхат» атты жобаға қаланың №15, 18, 19, 21, 35 мектеп ұжымы мен оқушылары қатысып жатыр.