Back

Нұр-Сұлтанда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырмдамасы қалай іске асуда

Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінде өткен кеңесте халықпен кері байланысты нығайту мәселелері талқыланды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында қоғаммен кері байланысты нығайтуды тапсырған болатын.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына көшуді тапсырған-ды. Елорда әкімі Алтай Көлгінов халықпен кері байланыс динамикасы айтарлықтай жақсарғанын айтты.

Қала тұрғындары әлеуметтік желілер арқылы, «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында, сонымен қатар iKOMEK109 мониторинг және жедел әрекет ету орталығында сұрақтарға жауап ала алатынын атап өтті. Алайда әлі де жұмыстану қажет. Алтай Көлгінов осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

– Тұрғындарды толғандыратын сұрақтарға уақтылы жауап беру – ең маңызды әрі басты жұмыс, – деді қала басшысы.

Үш ай ішінде қала әкімі 500-ден астам адамды қабылдады, 1400-ге жуық сұрақ түсті. Сұрақтардың 89% өз шешімін тапты. Тұрғындарға заң аясында көмек көрсетіліп, кеңестер берілді. Сондай-ақ, азаматтарды қабылдауды әкімнің орынбасарлары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары жүргізеді.