Back

Түркістан – қазақ руханиятының ордасы

Түркістан хақында бүгінде ой толғап, пікір жазбаған адам некен-саяқ. Халқымыздың рухани астанасы осы күні бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болып, өңірде Түркістан облысы деп қайта аталғанына бір жылдың жүзі болыпты. Аз ғана уақыт аралығында тындырылған іс те жетерлік, атқарар жұмыс та баршылық. Дегенмен, қазіргі Түркістан хақында түрлі сала мамандарының пікірін жиып, өзіндік бағасын бергенді жөн санадық. Қабыл алыңыздар.

 

Батыл шешім

Саят БАТПЕНОВ, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты, Нұр-Сұлтан қаласының триатлон Федерациясының бас хатшысы:

 – 2018 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Түркістан қаласына көшіру және өңірді Түркістан облысы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл тарихи шешім еліміз үшін ерекше толғаныспен қабылданған болатын. Себебі Түркістан мемлекетіміздің рухани астанасы, түркі дүниесінің мәдени орталығы болып саналады.

Бұл шешім өз кезегінде өте орынды деп білемін. Біріншіден, Шымкент қаласы өткен бес жылдық уақытта өзінің республикалық маңыздағы шаһар атана алатындығын дәлелдеді. Оған қаладағы халық саны, экономикалық-әлеуметтік даму тенденциясы және сол сынды бірнеше алғы шарт себеп бола алады.

Екіншіден, облыс аумағындағы аудандарға жаңа тыныс берді. Ендігі кезекте олар дамуға жаңа дем алып, ілгері жылжуға мүмкіндіктер туды. Бір жыл ішінде облыста жаңа бес ауданның ашылуы соның бірден бір дәлелі деп білемін.

Үшіншіден, Түркістан қаласы саяси, әрі стратегиялық тұрғыдан қолайлы аймақ. Бұл қала логистикалық тұрғыдан Батыс пен Шығысты ғана емес, оңтүстіктегі көршілес елдермен тығыз қарым-қатынас орнатуға ерекше оңтайлы саналады. Мұнан бөлек жол көлік қатынасы мен әуе және темір жол тораптары бойынша да өте ыңғайлы деп есептеледі.

Төртіншіден, қаланың тарихи болмысы бұрыннан оған дара қолдау қажеттігін сұранатындай еді. Ондаған ғасыр бойы бабаларымыздың алтын қазық тіккен ордалы мекені болған шаһарда халқымыздың тарихы үшін аса маңызды шешімдер қабылданған. Бір ғана Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің өзі күллі түркі жұртын біріктіре алатын ерекше құдіретке ие. Сондықтан қаланың қайта ажарланып, көріктене түсуі әуелі тарихқа құрмет, кейін елге мәртебе.

Қорыта келе, Түркістанның облыс орталығы болып, әрі сол облыс атауын иеленуі орынды және батыл шешім деп білемін.

 

Түркістан – халқымыздың тарихы

Данияр УАЛИЕВ, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты:

– Түркістан – ұлтымыздың бойтұмары, рухани ордасы, түркі дүниесінің мәдени астанасы. Бұл шаһармен халқымыздың ондаған ғасырлық тарихы сабақастып жатыр. Ежелде Әбу-Насыр Әл-Фарабилерден бері Қожа Ахмет Яссауилермен сабақтасқан құтты мекен еліміздің мәдени айнасы саналады. Кейінгі хандарымыз бен сұлтандарымыз, билеріміз бен бектеріміз мекен етіп, туын тігіп, ел тағдыры үшін аса маңызды шешім қабылданған бұл даланың әр төбесі бір тарих.

Тіпті, атақты Ұлы Жібек жолының соңы көрінбес керуендері тоқтау салып, сауда-саттық жасаған. Бұл дегеніміз шаһардың өз дәуіріндегі өркениет көшін бастағандығын дәлелдей түспек.

Өткен жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Түркістан қаласына көшіру және облысты Түркістан облысы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойды. Мұндай шешімге қуанған азаматтардың қатарында өзім де болдым.

Себебі мұны елге деген құрмет, тарихқа деген көрсетілген мәртебе деп білемін. Аз ғана уақыт аралығында Түркістан қаласы ерекше түрленуде. Үкімет пен облыс басшылығының тікелей қадағалауымен өңірдің және қаланың даму жоспары бекітілді. Ол алдағы он жылдықта Түркістанның жетекші шаһарлар қатарынан көрінуіне жол ашпақ.

Бүгінде Түркістан қайнаған құрылыс орталығына айналған. Қаладағы көне ғимараттар күрделі жөндеуден өтіп, жаңа рең иеленсе, сәулетті әрі заман талабына сай нысандар ерекше ажар бере түспек.

Жастарға арналған орталықтар, саябақтар мен спорт кешендерін де салу жоспарлануда. Басты жаңалықтардың бірі Халықаралық Әуежайдың құрылысының басталуы қаланың жаңа бір сатыға көтерілуіне мүмкіндік берсе, су жаңа темір жол бекеті мен сапаржай туристердің келуіне жол ашпақ. Дәл осындай қарқынмен ұлтымыздың тарихында ерекше орынға ие Түркістан алдағы уақытта халқымыз мақтаныш етер қалаға айналарына сенімім мол.

 

Түркі дүниесінің темірқазығы

Гүлжаухар БОЛАТОВА, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР Білім беру ісінің үздігі:

Түркістан – күллі түркі xалықтары тариxынан сыр шертетін киелі мекен. «Түркістан ер түріктің бесігі ғой» деп бекер айтылмаған болса керек. Қазақ xандығының астанасы болған бұл қаланың мәдени мұрасы, тариxи деректері, руxани әлемі, көз тартар сәулет құрылысы xақында айтқанда тыңдаған жан таңданбай қоймайды. Қала туралы әрбір дерек ғажайып аңыз әлеміне сапар шеккендей күй кештіріп, тылсым дүниеге жетелейді. Құлақпен естіген адам көзбен көруге құмартады.

Бүгінде 1500 жылдық тариxы бар қасиетті өлке оңтүстік шаһардың, тарихи қойнаудың облыс орталығы атанып отыр. Бұл қуаныш тағылымды тариxтың қадірін парақтаған әрбір жан үшін ұлы той.

Ендігі кезекте, осындай мәртебеге ие болған Түркістан қаласы «Қазақстанның руxани астанасы» деген атына сай болуы үшін көптеген шаралар жүргізілуде. Қаланы көркейту мақсатында жоспарлар да құрылды. «Ақылды қала» жобасы аясында жаңа теxнологияларды кеңінен пайдалану қарастырылған. Қожа Аxмет Яссауи кесенесі аумағында да өзгерістер  болатыны тілге тиек етілуде.

Алайда, барлық өзгерістер тариxи құндылықтарымызды сақтауға бағытталғанына сәулетшілер кәміл сендіреді. Түркістан тек облыс орталығы ғана емес, түркі тілдес елдердің мәдени орталығы саналады. Осыған байланысты барлық жүргізілетін жұмыстар сүзгіден өтіп, жан-жақты қарастылған.

Қалада заманауи құрылыс нысандарын салып, игі бастамаларды жүзеге асыруға қазақстандықтардан бөлек, шетелдік мамандар да тартылуда. Түркі дүниесінің темірқазығы, облыс орталығы боп белгіленген көне қаланы оң өзгерістер күтіп тұр. Өлкенің жаңа даму жолын қалыптастыру мақсатындағы  әрбір жүргізілген шара Түркістан облысының одан әрі гүлденіп дамып, оның орталығы Түркістан қаласының еліміздегі іргелі мекенге, ірі сәулетті қалалардың біріне айналуына алып келетіні хақ.

 

Түркістан – Батыс пен Шығысты жалғар алтын көпір

Ерлан МҮСІП, «Visit Aqmola» Ақмола облысының туристік ақпараттық орталығының басшысы:

– Түркістан – қазақ халқының ғана емес, бүтін бір түркі дүниесінің рухани ордасы, мәдени орталығы. Ондаған ғасырдан бері небір хандықтар мен елдердің астанасы болған көне шаһардың қойнауы қазынаға, даласы берекеге толы. Бұл далада әлемді аузына қаратқан ұлы ойшыл, философ Әбу-Насыр Әл-Фараби, жұрт арасында Әзірет Сұлтан атанған Қожа Ахмет Яссауи сынды ұлылар ғұмыр кешкен. Орта Азияны мойындатқан Әмір Темірдің өзі мұнда қоныс тігіп, ұлы бабаға құрмет көрсеткен.

Қазақ хандығының атақты хандары мен билерінің, сұлтандары мен батырларының пантеоны атанған мекен қашан да маңызға ие болған. Тіпті, Ұлы Жібек жолының өзі осы бір аймақта түйісіп, Батыс пен Шығысты жалғар алтын көпір атанған. Сондықтан да Түркістанды киелі өңір атайды.

Өткен жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Түркістан қаласын Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы етіп, облыс атауын Түркістан облысы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойды. Мұндай шешім көптің көңілінен шығып, дүйім жұртты бір қуантқан болатын. Себебі Түркістан ерекше қолдау мен өзіндік мәртебені қажет етеді.

Мұның бірнеше артықшылығы да бар. Солардың бірі ретінде, Шымкент қаласының республикалық маңызға ие қала статусын алуы оның одан әрі дамып, орныға түсуіне жол ашса, Түркістан қаласы өзге аудандардың тынысын кеңейтіп, жаңаша бағытта дамуына мүмкіндік бермек. Енді бір артықшылығы, көне қаланың қайта түрленіп, жаңаша болмысқа ие болуына, оның жан-жақты дамып, замана көшіне ілесуіне мүмкіндік ашады деп білемін. Санамызға сілкініс берер мұндай бастама алдағы уақытта киелі Түркістанның туризмнің орталығы атануына жола асады деп ойлаймын. Бастысы ұлтымыздың қастерлі мекені қайта түлеп, мемлекетіміздің мақтанышына айналса екен деймін.

 

Тарихтан сыр шертетін қала

Бақытжан ТҰРСЫНОВ, «Северный Фестиваль» ЖҚБ төрағасы, «Ұлттық Мұра» пікірсайыс орталығының төрағасы, гуманитарлық ғылым магистрі:

– Елбасы Н. Назарбаев: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы Түркістан».  Иә, қасиетті  мекеннің  рухани орталық атануы бекерден емес. Тарихы тереңнен сыр шертетін Түркістан тек қазақ елінің ғана емес, барша түркі халықтарының тарихи астанасы.

«Рухани орталық» атанған қала, бүгінде елбасының көрегендігімен  салт-дәстүрді сақтаған, әдет-ғұрыпты жаттаған, қасиетті зәм-зәм суымен сусындап  құнарлы топырағынан нәр салып өскен оңтүстік жұртшылығының облыс орталығы болды. Бұл кезінде қазақ хандығының астанасы болған қала үшін жаңа серпіліс.

Бүгінгі зайырлы, егемен елде өмір сүріп жатқанымыз тарих беттерінен ойып тұрып орын алған қаншама ұлы күрестердің, ірі істердің арқасы. Туған жерге деген махаббат пен адалдық, жалынды жігер мен қара аспанды қақ жарар қайсарлық, даналық пен шешендік бойында қатар өрілген ата-бабамыздың болашақ ұрпаққа қалдырған мұрасы.

Себебі, ұланғайыр қазақ даласына, жазира алқабына, сары жайлауына, заңғар таулары мен өзен-көлдеріне аш қасқырша анталап, көз алартпаған ел жоқ. Күллі түркі халықтарына ортақ, әлемге әйгілі қасиетті де киелі мекен, Еуразия кіндігінде орналасқан, Ұлы Жібек жолының дархан даласына айналған рухани өлке Түркістан да тарихи кезеңдердің куәсі болды.

Қаланың көне атауы – Яссы болды. Яссы Ұлы Жібек Жолының сауда орталығы  және округі болған қала. XIV ғасыр аяғында Түркістан Ұлы Әмір Темірдің арқасында Қожа Ахмет Яссауи кесенесі салынған соң аты шартарапқа таныла түсті. Күні бүгінге дейін мұсылман әлемінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесі екінші Мекке болып саналып кетті.

Жоталы жерлер мен өнегелі өлкелер тоғысқан мәрт табиғаттың мекені – Түркістанның ұлы дала топырағында шертілген сырлы тарих түркі халқының ғасырлар көші ілгері озса да ұмытылмас шежіресі.

 

 

Дайындаған Бекарыстан НҰРЛАНҰЛЫ