Back

Тазабеков: “Шаханов пен Мағауинді табыстыратын бір қазақ табылмай тұр”

Ақын Мұхамеджан Тазабеков бүгінгі қоғамда аяқтан шалу, тобықтан тарту секілді сүйкімсіз қылықтар қалыпты құбылысқа айналған деп есептейді. 

Бұл туралы ақын “Сөккен әңгіме” бағдарламасында айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Ақынның пікірінше бүгінгі өмірде көкірегінде көзі бар кісіні қынжылтатын кесапаттар көбейген үстіне көбейіп келеді. 

“Ілгеріде бір хан өзінің баласын ұстазға оқуға берген екен. Ханның баласы ерке болып, ұстаз білімін сіңіре алмай қояды.

Сол кезде ол балаға ренжіп: «Оқы әкең сияқты, есек болма» деп айтады. Әкесі білімдар, соның арқасында хан болған адам ғой. Бала оны үйіне барып «Ұстаз маған ренжіді, бірақ сіз жайында айтқан сөзі көңіліме тиді» дейді.

Мен жайында не айтты дегенде: «Оқы, әкең сияқты есек болма» деп айтты дейді. Бір ғана үтірді басқа жерде қойғаннан адамның тағдыры шешіліп кетеді кейде”, – дейді ақын. 

Тазабеков қазақ ортасында жүріп, қазіргі қазақ қоғамының бояу-болмысын зерттей келе “қазақ әлі саяси балаң халық” деген ұйғарымға келіпті.

“Біз кез келген істі жүрекпен, сезіммен қабылдауға дайынбыз. Әлемдегі озық елдер бар, сол елдерде кейбір шерулер өтіп жатады. Мен тіптен куә болғам Лондонға барғанымда.

Ол жерлер сағат 2-де басталып 6-да аяқталуы керек болса, дәл солай өтеді. Ал енді тіптен бізде қандай да бір адамдар шеруге шығатын болса, шерудің басынан не деп айғайлап, соңында не деп айғайлап кететінін болжаудың өзі қиын.

Сондықтан мен керісінше, қазақтан алаңды қызғанғандықтан немесе билікті жақтағандықтан емес, бұл біздің халыққа зиян көрініс, бұл біздің табиғатымызға зиян, қазақтың мінезі мен табиғатына сәйкес келмейтін бір іс-шара деп есептеймін”, – дейді ол. 

Оның пікірінше бізде қазір екі адам дауласып қалса, достастыратын адам табу қиын, ал екі адам қастасып қалса, оларды әрі қарай ренжітетін мыңдаған адам табылады.

“Сондықтан бізге қазір бір-бірімізбенен тәжікелесіп қалатын, билік пен қауым болып бір-бірімізді түсініспей қалудан өзімізді-өзіміз қатты сақтандыруымыз керек.

Жәй ғана айтайын, Шаханов пен Мағауин бір-біріменен келіспей қалып еді, соларды татуластыратын, абыройы бар, ділмарлығы бар бір адам табылмай тұр ғой қазақтан.

Ал керісінше, орталарына от жағатын, олардың кемшілігін бір-біріне ашып беретін мыңдаған адам табылып тұр. Бұл бейбіт өмірдің өзінде…”, – дейді Тазабеков. 

Әзірлеген Арайлым БИМЕНДИЕВА