Back

Тазабеков: “Халық неге алаңда жүр? Себебі тұлғалар жоқ…”

Ақын, “Асыл арнаның” директоры Мұхамеджан Тазабеков қазақ халқы тұлғалар тапшылығына ұшырағандықтан қоғам мен биліктің арасында араздық туындады деп есептейді.

Бұл туралы ақын “Сөккен әңгіме” бағдарламасына берген сұхбатында айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

“Атқа мінген қазақ атасын танымайды дейді. Біз өте батыр халықпыз, біз қаны бойында ойнаған көшеге шықса жарып өтетін, тіліп өтетін қасиетке ие батыр елдің ұрпағымыз. Сондықтан біз салқынқанды 100 жылдан бері қарай Ата заңмен өмір сүріп келе жатқан, енді қалыптасып жатқан, құндылықтарына енді оралып жатқан халықпыз.

Қазақтың дәстүрлі тарихына қарасаң әйелдің, отбасының мәселесін дипломатиялық жолмен, келісім жолыменен дастарқан басында отырып шешкен халықпыз.

Біз кез келген мәселені диалог арқылы шешкен халықпыз. Сол себептен де басымдықты соған беру керек деп мен әрдайым шырылдаймын.

Мәселен, әр халықтың өзінің жаратылыс ерекшеліктері бар. Мәселен, еврейлерге білім берілген, олар білім саласында озық жүреді. Жапондарға тән тиянақтылық бар. Немістерге тән дәлдік бар. Еуропаның басқа халықтарына тән салқынқандылық бар.

 Олар әсіресе мына жүйелі жұмыстарда, командалық жұмыстарда өте көп нәтижелер көрсетеді. Спорттың  өзінде де көрініп тұрады, – дейді Тазабеков. 

Оның пікірінше шығыс халықтары, оның ішінде қазақ халқы жекпе-жектерде, жеке тұлғаның ерлігінде жеңістер мен нәтижелерге көбірек жетеді.  Командалық ойындарда көбінде ақсап жатады, ал күреске, боксқа, зілтемір көтеруге келгенде алда жүреміз.

“Демек, біз жүйелі, командалық шаруалардан гөрі тұлғаға қарап қаттырақ бой түзейміз, тұлғаларды көбірек тыңдаймыз.

 Біздің қазіргі проблемаларымыздың көбінде шешілмей жатқандығы тұлғаларымыздың жоқтығы.

Билік пен халықтың мұңын уақытында жеткізіп, биліктің бетін тез арада халықтың жағдайына бұрып отыратын зиялы қауымның, көрнекті тұлғалардың жоқтығынан халық пен билік бір-бірімен келіспеушілікке түсіп қалып жатыр”, – деп есептейді ақын.

Оның айтуынша бұрынырақ халық пен биліктің арасындағы дауды Бұқар жырау, Ақтамберді, Шалкиіз, Досмамбет секілді немесе кешегі атақты Алаш қайраткерлері секілді ұлы тұлғалар шешіп беріп отыратын. Ал кеңестік кезең қазаққа тұлға тәрбиелеуге мүмкіншілік бермеген. 

“Тұлғалар жоқ болған жетімдіктің себебінен біздің басымыз қазіргі уақытта алаңда кездесіп жатыр. Мен қазақтан алаңды қызғанбаймын.

Алаң – ол біздің алаң, балаңды қыдыртып жүрсең, сол жерде қандай да бір өзіңнің шат-шадыман көңіл күйіңді паш етіп жүрсең, алаңда жүргенге не жетсін!

Ал алаңда жүріп тыныштығыңа алаңдап жүрсең, онда ол өте қауіпті. Кез келген дамыған елдерде оларға сырттан ықпал етуші күштер жоқ немесе арандатушы топтар оларға тырнағын батыра алмайды.

Біз енді-енді ел болып келе жатқандықтан, бізді арандататын күш те көп, біздің өзіміздің арамызда да сол шеруге шығуды дұрыс түсінбейтін адам көп.

Сондықтан мен қазақтан алаңды қызғанбаймын, біз арандап қаламыз ба екен деп уайымдаймын.

Алаңда тұрып бейбіт сөйлескен халықты білмеймін қазір өз басым. Міндетті түрде эмоция болады, алаңда адамның сөзінің тоны жоғары болады. Алаңда бір-біріне деген көзқарасы мен жүзінің суықтығы болады. Сондықтан ол билік тарапынан болсын, халық тарапынан болсын, міндетті түрде артық-ауыс сөздер, әрекеттер кетеді.

Ал ойы арам адам ол жерде полиция мен халықтың арасын ушықтыратын болса, ол жерде білмейсің ғой полицияның қаны төгіле ме, халыққа қиянат жасала ма? Сондықтан алаңға шыққаннан бір жақсы нәтижеге кепілдік болмағандықтан, алаңға шыққанды қолдамаймын”, – дейді Мұхамеджан Тазабек.

Әзірлеген Арайлым БИМЕНДИЕВА

 

Тағы оқыңыз:

Тазабеков: “Шаханов пен Мағауинді табыстыратын бір қазақ табылмай тұр”