Back

Әскери операцияны сынаған 24 адам қамалды

Түркияда әлеуметтік желілер арқылы Анкараның Сириядағы әскери операциясын сынаған 24 адам қамауға алынды. Бұл туралы өлкенің мемлекеттік Anadolu агенттігі хабарлады.

Reuters агенттігінің мәліметіне қарағанда, Анкара әскери операция туралы қарсы пікір білдіргендерді, оның ішінде күрд депутаттарын тергеуге ала бастаған.

9 қазанда Түркия Сирияның солтүстігіндегі күрдтерге қарсы әскери операция бастаған.

Түркияның бұл әрекетін АҚШ, Еуропа одағы және Араб елдері айыптап жатыр.

Сирияның адам құқықтарын бақылау орталығы Түркия әскери операция бастағалы бері кемінде 70 бейбіт тұрғынның қаза болғанын, олардың арасында 21 бала бар екенін мәлімдеді. Ұйым мәліметіне қарағанда, 300 мыңға жақын адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.