Back

Жетісу жастары Қаратал жағалауында фестиваль ұйымдастырды

Елімізде Жастар жылының жариялануы Мемлекет басшысының жас буынға деген қамқорлығының жарқын үлгісі десек болады. Осы бағдарлама аясында елімізде әртүрлі шаралар өтіп жатқаны белгілі.  Cоның бірі Талдықорған қаласында өткен «JETISÝ ETNO STYLE» облыстық жастар фестивалі.

ҚР Тұңғыш президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде «Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады» деген болатын.

Осыған орай, жастар жылы аясында өткізілген «JETISÝ ETNO STYLE» облыстық жастар фестивалінде тарих пен дәстүр сабақтасып, көшпелілер мәдениетінің айшықты көріністері заманауи қоғамда жарасымын тапты.

Кіреберісі саясаткерлер аймағынан бастау алатын алаңның соңы қазақ үйлермен жалғасын тапқан. Өзенді көбелей орналасқан үлкен керуеннің ішінде асық ату, қол күрес, жілік тартыс, балалар алаңы, қолөнер бұйымдарының көрмесі, жастар театрының аймағы, армандар тақтасы, спорт алаңы орналасқан. Керуеннің ішінде ауданнан келген шаруашылық иелері қонақтарға арнайы қымыз, шұбат құйып, бауырсақтан дәм татқызды. Талантты қолөнер шеберлері мен зергерлер өздерінің көрмелерін көрсетіп, көптің көңілін баурады.

Фестивальға қатысу үшін Қаратал жағалауына облыстың түкпір-түкпірінен 200-дей талантты жас жиналды.

Жетісу жастарының ауқымды шарасын облыс әкімі А.Баталов та тамашалады. Өнерпаздардың өнеріне тәнті болған облыс басшысы  алдымен оқушылардың «Әлқисса» күйін тыңдап, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жастардың әскери шеберлігін көрді. Аймақта алғаш рет құрылған «Мизам» жас әдебиетшілер мен еріктілер театрының тұсауын кесіп, ақ батасын берді.

– Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде «Елбасымыз жария еткен Жастар жылының ең басты мақсаты – өскелең ұрпақтың барынша сапалы өмір сүруіне қажетті жағдай жасау, жастар – бұл мемлекетіміздің күш-қуатын еселейтін ең негізгі, мықты буын екенін» атап өтті. Осы мерейлі жылда Жетісу жерінде жастар фестивалін өткізудің біз үшін маңызы зор.

– Жастар – қоғамдағы ең белсенді буын. Олардың рухани адамгершілігі, ғылымдағы интеллектісі, саяси сауаттылығы – тәуелсіз елдің жарқын

болашағының кепілі. Сондықтан мемлекетімізде жас буынның тегін білім алуына, шет тілдерін үйренуіне, техника тілін меңгеруіне, жаңа жобалармен жұмыс істеуіне толық мүмкіндік жасалып отыр. Жалпы, облыста жыл басынан бері жастар арасында мәдениетті дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау бағытында 450 мың жасты қамтыған 1500-ге жуық шара өткен болатын.  Бүгінгі фестиваль жастарға әрі демалыс, әрі тәрбие, әрі өзара пікір алмасу алаңы ретінде пайдалы болады деп есептеймін, – дей келе Амандық Ғаббасұлы ел экономикасына сүбелі үлес қосып жүрген аудан жастарын марапаттады.

Тағылымы мен тәлімі мол дәстүрлі шараны  Алматы облысының жастар саясаты  мәселелер басқармасы ұйымдастырды.

– Өздеріңіз де көріп отырған шығарсыздар, тарих пен дәстүрді қатар ұштастыра отырып, ұлттық құндылықтарымызды жастардың бойына сіңіру мақсатында осындай шараны өткізуді қолға алдық. Әр алаңда орналасқан бұйымдардан қазақтың иісі шығып тұр. Осы орайда қолдау танытқаны үшін облыс әкіміне алғысымды білдіргім келеді. Себебі жастар мемлекеттің моторы. Келешектің алтын көпіріне арқау болар дарын иелері. Сондықтан бұл фестивальдің берері мол деп ойлаймын, – деді Алматы облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Жомарт Мандатұлы.

Тартысты додалар мен қызықты көріністерге толы шара соңы эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концертке ұласты.

Балжан ЖҰМАНБЕКОВА, Алматы облысы.