Back

Жергілікті және шетелдік жұмысшының айлығының айырмашылығы қанша?

Күні кеше ғана ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Атырау қаласындағы «Болашақ – Атырау» мұнай өңдеузауытында болып, жергілікті және шетелдік жұмысшылардың айлығының арасындағы алшақтық жайында айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz сайты.

Министр өзі басқаратын министрлік пен ҚР Бас прокуратурасымен тізе қосып сырттан жұмыс күшін тартқан кәсіпорындарда тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде біраз заң бұзушылықтар әшкере болыпты.

Бүшінде белгіленген квотаға сай елімізде жұмыс істейтін 2 425 компания сырттан жұмыс күшін тартқан екен. Өз кезегінде министр аталған компанияларда 531 мың қазақстандық жұмысшылар да еңбек ететінін тілге тиек етті.   

– 8 қазан күні еліміздегі 49 кәсіпорында тексеру жұмысы аяқталды. Тексеру нәтижесінде еліміздің еңбек және көші-қон заңын бұзған 791 факт тіркелді.  Оның ішінде 24 компанияда еңбек ақы мен сыйақы төлеуде 476 заң бұзу фактсі анықталған. Айталық,

Атырау облысындағы «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС жергілікті инженерлердің бір сағаттық жұмысына 568 теңге төлесе, дәл осындай жұмысты атқаратын шетелдік маманның бір сағаттық жұмысына 6 500 теңге төлеген.

Бұл барып тұрған сорақылық.  Жұмыс беруші еңбекақы тағайындауда заң талабын ескеріп, жергілікті және шетелдік жұмыс күшіне тең қарауы тиіс, – деп министр қазақстандық жұмысшылардың бекерге шырылдап жүрмегенін алға тартқандай болды.

Сонымен қатар министрлік бір ғана Атырау облысында жыл басынан бері 364 жұмыс күшін сырт елдерден тартқанын алға тартты.

Министрліктің бастамасымен қолға алынған тексеру біраз жайтты су бетіне шығарғандай болды.

Жұмыс берушілердің жергілікті мамандарды бұлайша төмендетуі қоғамда әлеуметтік араздық тудыратыны жасырын емес. Сондықтан мұндай тексреулерді министрлік құзырлы органдармен бірлесіп алты ай сайын өткізіп, нәтижесін жұртшылыққа жариялап тұрса, бетімен кеткен компаниялар тәубасына келері анық. Бұл бір жағынан елімізде әділдік орнап, жергілікті жұмысшылардың құқының қорғалуына негіз болар еді.

Н.ӘУБӘКІР