Back

Діни ағымдар саясатқа ашық араласа бастады

Мұхамеджан Тазабек дегеннің күштік құрылым қызметкерлерінің алдында сөйлеген сөзінен бірнеше ой түйіндеуге болады, дейді желіде Мұхтар Түменбай.

Ол кісі мынадай пайымға келеді:

1. Діни ағымдар, әбден күш алғаны сонша, ашықтан-ашық саясатқа араласа бастады. Биліктегі ауыспалы кезеңді пайдаланып қалғысы келетін сыңайлы. Тіпті алдағы парламенттік сайлау алдында саяси партия ашып алса да таң қалмаймын. Оған олардың күш-қайраты да, қаражаты да жетеді. Оның арты неге алып келерін менсіз де болжап отырған боларсыздар.

2. Діни ұйымдар әртіс пен спортшыларды жайғап болып, хұқық қорғау органдарына ықпал етуге көшті. Билікті қорғап қалатын да, төңкеріп аудара салатын да бірден-бір күш – армия мен полиция екенін олар да жақсы түсінеді. Бізден ақымақ емес.

3. Биліктің дін адамдарын әкеліп күштік құрылымдарға уағыз оқуға рұқсат беруі бұл органдарда елдегі қалыптасқан ахуалға риза емес топтардың көбейіп келе жатқанын көрсетсе керек. Демек полиция мен армияда божырау бар.

4. Тазабектің бұл сөздері – полиция мен армияны халыққа қарсы айдап салу. Ашық конфронтацияға шақыру. Наразыларды басып-жаныштауға үгіттеу. Бұл жерде де олардың өз ойлағаны бар. Халық пен полиция арасында қақтығыс бола қалған жағдайда, кім жеңіске жетсе де, діни ағымдардың ұпайы түгел. Билік наразыларды күштеп басса, ең алдымен сол биліктің өзінің абыройы құлайды. Халық наразылығы одан бетер арта түседі. Бұл аксиома. Ал егерде ереуілге шыққандар жеңген болса, онда діни ағымдар үшін билікке тікелей жол ашылады.

5. Дін уағызшылары әзірге биліктің сөзін сөйлеп, солардың сойылын соққан болып жүр. Оның да өз есебі мен логикасы бар. Кімде күш болса, соған жақтасу керек. Соның шашбауын көтерген жөн. Сенікі дұрыс, сен данышпансың деп көпшік тастап қойып отыру керек.

Тіпті заңсыз әрекеттерін де қолпаштап қойған артық болмайды. Сөйтіп билікті әбден азғырып, өз халқына қарсы айдап салуға болады. Екінші жағынан жәбірленгендерді бауырға басып, басынан сипап өз қатарларын көбейтуге де мүмкіндік туады. Ал ертең билік әлсіреп жатса, ал халық наразылығы өскен болса, көр де тұр, сол діни ағымдар алдымен қол бастап шығады. Осыны билік неге түсінбейтініне таңым бар.

Тағы оқыңыз:

Алматы облысы шикізаттық емес инвестиция тартуда көш бастап тұр