Back

Асқар Мамин келіп, «Эко сағат!» акциясын бастап берді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан облысын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша өңірге жұмыс сапарымен барды.

Үкімет басшысы Түркістан қаласын жаңғыртудың 1-кезеңі аясындағы жұмыстар барысын тексерді, оның ішінде әкімшілік, әлеуметтік және тарихи-мәдени маңызы бар нысандар: әкімдік, басқармалар және департаменттер ғимараттарының, медиа орталықтың, «Нұр-Сұлтан» алаңының, Олимпиада реверві спорт мектебінің, Халыққа қызмет көрсету орталығының, музыка мектебінің, аттракциондары бар қала саябағының, неке қию сарайының, визит-орталықтың, Шығыс моншасының, амфитеатр мен қалалық Арбаттың құрылысын тексерді.

Түркістан – келешек жасыл желекті қалаға айналмақ. Шаһар көркіне көрік қосу үшін көптеген тындырымды жұмыстар қолға алынуда. Түркістан облысына жұмыс сапармен келген еліміздің Премьер-министрі Асқар Мамин мен аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев «Нұртас Оңдасынов» аллеясында ағаш отырғызып, еліміздің барлық өңірлерінде болатын экологиялық сағат  – жаңа республикалық акцияны бастап берді.

Түркістанда аптап ыстықтан сая болатын жасыл белдеу жұмысы барысында аудан мен қала жұрты асарлатып, 220 мың түп ағаш егуді жоспарлап отыр.

Қазақта «Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді» деген тәмсіл сөз бар. «Эко сағат!» республикалық акциясы аясында мұнда 20 түп каштан, 30 лип ағашы мен 50 түп арша бой көтермек.

– Мақсатымыз – өзіміз өмір сүріп жатқан көне шаһар Түркістанды көгалдандырып, көркейту. Оңтүстік өңірі ағаш өсіруге өте қолайлы аймақ. Айналамызды жасыл желекке бөлеп, қоршаған ортамыздың көгалдандыруға бәріміз атсалысуымыз керек. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде дені сау ұрпақ, баянды болашақ қалыптасады, – деді Өмірзақ Естайұлы аталған шараның маңыздылығын алға тарта.

Түркістан қаласы айналасынан жасыл белдеу құру мақсатында бүгінде 488 гектар жерге 203 496 түп ағаш көшеттері (қарағаш, бадам, өрік, терек, жиде) егілген.

Сонымен қатар, бүгінде 2-кезең бойынша Арыс-Түркістан каналы бойындағы жерлерді жаппай жырту және ағаш көшеттерін егу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта жасыл белдеуге егілетін көшеттерді өндіру мақсатында 300 гектар жерге тұқымбақ ашып, оның 30 гектар аумағына ағаш тұқымдарын себу және 1212 гектар жерді жыртып, 100 гектарына ағаш көшеттерін егу жұмыстары атқарылмақ. Жалпы, республикалық маңызы бар шара шеңберінде, елімізде 1 миллион ағаш егіледі.