Back

Министр зейнет жасын қысқарта алмайтынын айтты

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде әйелдердің зейнет жасын төмендету туралы ұсыныс айтылған.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары әмбе Қаржы министрі Әлихан Смайылов бұған қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz

– Білесіздер өткенде заңнамаға өзгеріс енгіздік. Алдағы 10 жылда әйелдердің зейнетке шығу жасын жыл сайын 6 айға көтеріп, оны 58-ден 63 жасқа дейін ұзартуды көздеп отырмыз. Бүгіндері осы талаптар жүзеге асуда, – деді Қаржы министрі.

“Бұл түзетулер қайта қаралуы мүмкін бе?” деген сауалға Смайылов: 

“Ұлттық кеңес? Иә, ұсынысты естідік, назарға аламыз. Алайда күллі әлемде әзір керісінше болып жатыр ғой. Әлемдік тәжірибеде әйелдер 65-67 жастың шамасында зейнетке шығады. Неге десеңіздер жаһан жұртының өмір сүру деңгейі жақсарып, өмір сүру жасы жылдан жылға ұзарып келеді”, – деп жауап берді.

Ал Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі өзге де ұсыныстарды әзіргі күні Қаржы министрлігінің мамандары қарастырып, жауап әзірлеп жатыр екен.  

–  Оның ішінде зейнет жасына қатысты ұсыныс та бар. Дегенмен мынаны түсініңіздер, барша әлемдегідей біздің елде де өмір сүру ұзақтығы жылдан жылға артуда. Тиісінше жасы 65 -тен асқан адамдардың саны көбеюде. Біз 65 жастан асқан адамдар халықтың 7% -нен асқанда 70 жыл деген межені еңсеріп қойғанбыз. Бұл біздің емес, БҰҰ стандарттары бойынша қартаюшы халыққа жатқызылады. Осының бәрін есепке алу қажет, – деді ол.

Смайыловтың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын қарттардың саны артып келеді.

“Егер біз зейнетақы жүйесі тұрақты және зейнеткерлердің лайықты өмір сүруін қамсыздандыра алсын десек, онда біз бүкіл жүйенің тұрақтылығы тұрғысынан бұл мәселені қарастыруымыз керек. Қанша еңбекке жарамды жастағы азаматтар жұмыс істейді, зейнетақы жүйесінің есебінен қанша азаматты қамтамасыз етуіміз керек. Осындай талдаулар мен зерттеулер нәтижесі алдында біз қабылдаған заңнамадағы өзгерістерге негіз болған”, – деп сөзін қорытындылады Қаржы министрі.