Back

Шығыстағы “Жас кәсіпкер” жобасы: қатысушылар қатары артып келеді

Шығыс Қазақстан облысында «Жас кәсіпкер» жобасына қатысушылар қатары артты. Бағдарламаның екі кезеңінде 1074 азамат дәріс алған.

Бизнестің қыр-сырын үйренгендердің арасында шалғайдағы аудан, ауылдардың жастары көп.

Бір ғана Зайсан ауданының өзінен 40-тан астам қыз бен жігіт «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша білім-білігін жетілдіріп, барлығы бизнес жобаларын сәтті қорғап шыққан.

Жақында осы ауданның тағы 25 тұрғыны сертификат алды. Біреуі тігін цехын, келесісі шаштараз, сән-салон, енді бірі наубайхана ашуды көздеп отыр.

Жастар 3 күндік семинарда кез келген кәсіп неден басталады, оның тиімділігін қайтіп болжау керек және бастысы бизнес жоспарды қалай құру керектігін үйренеді.

«Ақпараттық технология саласында шағын кәсіп ашсам деймін. Сондықтан осы семинардан есеп жүргізу, нарықты зерттеуге байланысты өзіме керек көп мәліметтер алдым», -дейді Зайсан қаласының тұрғыны Жандос Қабдрасылов.

Облыстық жастар қоғамдық бірлестігінің өкілі Айдын Қайырбекұлының айтуынша, бұл жоба 3 күндік семинармен аяқталмайды, Семей қаласында 1 жылға дейін созылатын, консультативтік орталық жұмыс атқарады, ол онлайн жүйесінде де және өздері барлық жабдықтармен тегін консультация немесе отырып жұмыс істейтін барлық мүмкіндіктер қарастырылады.