Back

Қыздар университетінде «75 игілікті іс» жобасы жалғасын тапты

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 75 жылдығы қарсаңында қолға алынған «75 жылға – 75 игілікті іс» жобасы жалғасын табуда. Бүгін аталған бастама аясында оқу орнының студенттерінің қатысуымен сенбілік өтіп, спорттық және зияткерлік білім сайыстары ұйымдастырылды.

«Қыздар университеті – таза аймақ» жалпыуниверситеттік сенбіліктің өтуіне  оқу орнының білімгерлері ұйытқы болып, ықылас танытқан. Жастар осылайша қазыналы қарашаңырақтың көркеюіне, әсем келбетін сақтауына өзіндік үлестерін қоспақ.

Шараға қатысушылар қоқысты жинайтын арнайы жабдықтармен, қолғаптармен және қаптармен қамтамасыз етілді.

Білім ордасын санитарлық тазалауға, абаттандыру мен көгалдандыруға бағытталған сенбілік барысында барлық факультет студенттері бекітілген аумақтарын тазалап, оқу ғимараттары мен жатақханалар маңындағы ағаштарды әрледі.

– Басты мақсатымыз – университет ұжымы мен студенттерінің назарын оқу орнының аумағын таза ұстауға және экологиялық мәдениетін қалыптастыруға аудару. Сенбілікті өткізу дәстүрі бүгінгі қоғамның ажырамас бөлігіне айналуы тиіс деп ойлаймыз. Осы тақілеттес іс-шаралар адамды, әсіресе, біз сияқты жастарды тәрбие мен тәртіпке баулиды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті отандастарымызды жалпыға ортақ еңбек қоғамы болуға шақырды. Міне, Елбасының бастамасын қолдап-қуаттауды нақты іс жүзінде көрсету осындай жұмыстардан аңғарылады, – дейді Қыздар университетінің студенттері.

Жастардың пайымдауынша, мұндай акциялар барысында ортақтасып еңбек ету көпшіл болуға, бір-біріне ықылас танытуға дағдыландырады.

Сонымен қатар іс-шаралар аясында университеттің спорт кешені мен жатақханаларында спорттық ойындардан жарыстар өтті. Атап айтқанда, студенттер шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындары бойынша бақтары мен баптарын сынап, өзара мықтыны анықтады. Сондай-ақ би жарыстары да ұйымдастырылды. Сайыстарда «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққандар «Алғыс хаттармен», кубоктармен марапатталды.

Жоба шеңберінде оқу орнының профессор-оқытушылары жатақханаларда түрлі тақырыптарда семинар-тренингтер мен пікірсайыстар және сыр-сұхбаттар өткізді Жиынға қатысушылар «Студенттер арасында коммуникативті байланысты арттыру», «Тіл тазалығы ұлт мәдениетінің айнасы», «Ұлттар достығы – қос жүректің шаттығы» (әр түрлі ұлт өкілдерінің некелесуіне жастардың көзқарасы), «Мен жастарға сенемін», «Ұстаз – ұлттың шамшырағы», «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі», «Патриотизм – ұлттық рухтың асқақ белгісі» тақырыптары төңірегінде өзіндік ойларымен бөлісті, келелі кеңестер айтты, пайымды пікірлерін білдірді.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Әлеуметтік-тәрбие жұмысы және жастар саясаты бөлімінің мәліметіне сүйенер болсақ, бүгін оқу орнында жалпы саны 25 іс-шара өтті. Оған факультеттер мен жатақханалар ұжымдары және студенттердің өзін-өзі басқару ұйымдары белсене ат салысқан.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің

Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі