Back

Болат Әбілов: “Ертісбаев ойсырай ұтылды”

Елбасының экс-кеңесшісі, экс-елші Ертісбаев Әблязовпен ғана шайқасқан жоқ, 2000-жылдардың орта тұсында Болат Әбілов, Ораз Жандосовтармен де тәжікелескен. «Жас Алаштың» осыдан 12 жыл бұрынғы тігіндісін ақтарып отырып, Ертісбаевпен дебатқа түскен Болат Әбіловтің естелігін ұшыраттық.

2004 жылы Орталық сайлау комиссиясы бірінші рет теледебат өткізуге бел буды. Бұл көбіне-көп сол кездегі ақпарат министрі Алтынбек  Сәрсенбайұлының еңбегі еді.

Жеті раундтық теледебат өткізуді бірінші рет Алтынбек ұсынған. «Ел кімнің кім екенін көрсін» деген еді ол. «Отанның» қарқыны төмен болды да, жұрт ойланбастан демократиялық оппозицияны жақтап дауыс берді.

2007 жылы өткеннен сабақ алған билік теледебаттардың санын айтарлықтай қысқартты.

Орталық сайлау комиссиясы бекіткен жар дегенде жалғыз ресми пікірсайысты «Хабар» арнасында өткізетін болып шешті. Өте қолайсыз уақыт таңдалып алынды, енді ше, жұма – жұмыс күні, бұл күні сағат алтыдан жеті жарымға дейін жұрттың көбі жұмыста болады.

Партияларға өте шектеулі уақыт берілді, санаулы минуттың ішінде саяси партиялар жаңылтпаш айтқандай жарысып жатты. Ел тарихындағы маңызды мәселелерді кеңірек талқылауға мұрша бермеді. Оның өзі бүкіл сайлауалды бәсеке барысындағы жалғыз ғана кездесу.

Екінші, үшінші кездесу жасауға биліктің дәті бармады. Сірә, ашық пікірсайыстың билеуші топқа абырой әпермейтінін олар да білген болса керек.

Пікірсайыс туралы сөз болғаннан-ақ біз тікелей эфирде «Нұр Отан» партиясының өкілдерімен пікірсайыс өткізуді ұсындық.

Осы партияның су жаңа мүшелері Иманғали Тасмағамбетов пен Қайрат Келімбетовті жекпе-жекке шақырдық. Олар үн-түнсіз қалғандықтан, «Нұр Отанмен» дебатқа түсу идеясының күлі көкке ұшты.

Қарсыластарымызбен екі рет кездестік және бірнеше рет телефон арқылы сөйлесіп, ұзақ келістік. Ораз Жандосов екеуміз Астанада өтетін, Ертісбаев пен Келімбетов шығатын дебатқа қатысуға келісім бердік.

«Түсірілім тікелей эфир секілді түсірілсін, ешқандай монтаж жасалмасын, студияда төрт қатысушы мен жүргізушіден басқа ешкім болмасын» деп сөз байластық. Жазбаның үш көшірмесін жасауға да көзбе-көз келістік. Біреуі – Ертісбаевқа, екіншісі – бізге, ал үшіншісі «31-арнаның» иесі Арманжан Байтасовқа… Қол алыстық!

Телесайысты түсіретін күн де келіп жетті. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының табалдырығын аттамай жатып-ақ күтпеген жағдайларға кез болдық.

Пікірсайысты түсіруге студиясын ұсынып отырған корпорация «31-арнаның» операторларын түсіру алаңына кіргізбей қойды. Арманжан Байтасовтың дәлелді сөздеріне құлақ асқан да ешкім болмады.

Регламент туралы да алдын ала келістік. Екі жақ та айтарын айтып болғаннан кейін талқылауға төрт минут берілсін дедік. Ораз: «Демократия дегеніміз –процедура. Әрқайсымызға бір-бір минуттан төрт минут берілсін», – деп ұсыныс жасады.

– Жоқ, – деп Ермұхамет үзілді-кесілді қарсы болды, – төрт минут көлемінде тек талқылаймыз. Кім не айтқысы келеді, соны айтсын!

– Онда ол дебат емес, базар болып шықпай ма?! – дедік.

– Жоқ, осылай келісейік. Егер келіспесеңдер, теледебат болмайды. Бұл жердің қожасы бізбіз! – деді Ермұхамет.

– Біз сендердің шақыруларыңды қабыл алдық, енді өз шартымызды қоямыз.

Бізге жөнсіз шартты қабылдаудан басқа амал қалмады.

Пікірсайыс қызықсыз болды дей алмаймыз. Маңызды мәселелерді талқылаған тұстарда біраз терлеп-тепшуге де тура келді.

Алайда ақыр аяғында Ертісбаев студиядан көңіл күйі бұзылып шықты. «Мықты болдыңдар, дәйектерің де дәлелді болды» деп бізге біраз комплимент айтқан Қайрат Келімбетов сөз соңында: «Оппозицияда өткізген жылдарда әбден шынығыпсыңдар», – деді.

Ертісбаев үндемеді. Қызықтың көкесі осы кезде басталды. Таспаның бір данасын беруді сұрап едік, Ермұхамет нілдей бұзылды.

– Кешіріңдер, бірақ біз таспаны сендерге бере алмаймыз. Қазір кейбір түсініксіз жерлерін алып тастаймыз, эфирге 45 минуты ғана шығатын шығар, – деп ашығын айтты. Қысылып-қымтырылған да жоқ.

Мен де, Ораз да, Арманжан да таң-тамаша болып қалдық.

– Біз тікелей эфир форматы жөнінде келіскен жоқпыз ба? Бұл неғылған цензура? Қайдағы монтаж? Қандай түсініксіздік? Толығымен эфирге шықсын! Толық жазбаны көрсетіңдер! Арманжан 15:40-тағы ұшақпен Алматыға ұшады, ал кешке теледебатты сол күйінше эфирге берсін! – дедік.

– Жоқ, мен таспаны бермеймін! Бермеймін деген соң бермеймін! «31-арна» эфирге 5 минут қалғанда алады оны!

Жанымызда дебат түсірілген «Қазақстан» арнасының астаналық студиясының директоры тұрған еді. Енді содан сұрадым:

– Таспаны бізге беріңіздерші!

– Кешіріңіз, бере алмаймын. Маған Ертісбаев ешкімге берме деп бұйырды.

Босқа ақ тер, көк тер болдық. Таспаны сол күйі ала алмадық. Ал теледебатты эфирден көрген кезде төбемізден жай түскендей болды.

Пікірсайыстың қай тұсы цензураға ілікті?

Енді соны есіме түсіріп көрейін.

Мен «Нұр Отан» партиясы туралы пікірімді айтқан едім:

«Президенттің атын жамылғаннан басқа колдарыңнан не келеді? Екі сөздеріңнің бірі – президент. Ал президенттің артында кім тұр? Сіздер халық Жұмағұловқа дауыс береді деп ойлайсыздар ма? Ермұхамет Ертісбаев мырза, сізге біреу дауыс береді деп ойлайсыз ба? Сіздердің қолдарыңыздан келетіні – таңнан қара кешке дейін президентке адалдықтарыңызға ант беру ғана!». Бұл сөздердің Ертісбаевқа ұнамағаны айдан анық.

Желге шашылып жатқан ақша туралы айтқанымыз да эфирден «түсіп» қалған екен.

Дәлірегі, біз жаңа астанадағы қажетті-қажетсіз құрылыстарды, пирамидалар мен зәулім сарайлар тұрғызуды тоқтатуды айтқан едік.

«Миллиардтаған долларды – халықтың төлеген салығын желге шашуды тоқтату керек. Оның орнына Қазақстан халқының көпшілігі мұқтаж болып отырған арзан тұрғын үй салған тиімді», – деген ұсынысымыз цензураның тырнағына ілініп кетіпті.

Экономиканы диверсификациялау туралы сөз бола қалып еді, Қайрат Келімбетов дайын жобаларды айтып мақтана бастады. «Жеке сектордың жетістігін өз аттарыңызға аудармай-ақ қойыңыздар. Оған сіздердің титтей де қатыстарыңыз жок. Мысалы, «Медеу» мен «Шымбұлақты» қайта қалпына келтіруге сіздердің қандай қатыстарыңыз бар? Бұл өте күлкілі жағдай», – дедік. Әрине, эфирден бұл да көрсетілген жоқ.

Хабар барысында Ораз Жандосов екеуміз «Нұр Отанның» бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына несімен қосылғалы жүргенін сұрадық.

Сыбайлас жемқорлықпен күрестің нәтижесіздігін айттық, коррупция туралы айтқанда бірнеше нақтылы мысал келтірдік.

«Нұр Отанның» басы-қасында жүрген бір мықтының «Байқоңырдың» төнірегіндегі дау-дамайға қатысы бар екенін, екінші біреуінің «Қазақстан темір жолының» былығына араласқанын айттық. «ҚазМұнайГаз» басшыларының миллиондаған доллар пара алғанын, осыдан кейін «Беккер Хъюзбен» дау-дамай болып, оның жаңғырығы американдық прокуратураға дейін жеткенін мәлімдедік.

«Сиясы кеппеген» және бір жанжалды естеріне салдық. Есеп палатасының мәліметі бойынша, «нұротандық» үміткерлердің бірі миллиардтаған теңгені тиісті орнына жұмсамаған екен.

«Осы жанжалдар мен былық-шылықтарға қатысы бар адамдардың бәрі де «Нұр Отанның» тізімінде жүр. Бұл адамдардан іргені аулақ салуға не кедергі? Неліктен сайлауға осындай жанжалдарға қатысы бар адамдармен қол ұстасып қатысып жатырсыздар» – деп сұрадық.

Эрине, мұндайды эфирге жіберуге Ермұхаметтің дәті шыдамаған!

Эфирге жіберілген бағдарламаның ту-талақайы шыққан. Біздің сөзіміз толық емес.

Ертісбаев Қазақстанда алпыстан аса оппозициялық басылым бар екенін айтты. Біз мұның бәрі қып-қызыл өтірік екенін айтқан едік.

Бізде ешқашан 60 оппозициялық газет болған емес. Алты газет десе, ақылға сыяды. Олардың өзі қуғын-сүргіннен көз ашпайтын газеттер.

Қайрат Келімбетовтің Қазақстанға алдағы бес жылда миллион шетел жұмысшысын шақырып, оларды орналастыру жөнінде мәселе көтергені мәлім. Біз осы проблеманы да көтерген едік. «Миллион жүмысшы қайда тұрады? Жұмыссыздық етек алғанына қарамастан, бізде онсыз да шетелдіктер өріп жүрген жоқ па?! Есесіне, миллиондаған Қазақстан азаматы тұрғын үйге зәру. Миллион шетелдікті шақырып, оларға жағдай жасасақ, бұл үйсіз-күйсіз халықты қорлау болып шыкпай ма!» – деп сұрағанбыз.

Келімбетов те, Ертісбаев та жібі түзу жауап бере алмаған. Эфирден мұны да алып тастапты!

 

Ақиқатын айтуға тиіспіз

Ақиқатын айтуға тиіспіз, монтажға іліккен Ораз екеуміздің сөзіміз ғана емес. Ертісбаевтың айқай-шу көтеріп, қай камераға қарарын білмей, алақ-жұлақ еткен тұстары да алынып тасталыпты.

Анықтап тыңдаған көрермен Ертісбаев пен Келімбетовтің микрофондары үнемі қосылып тұрғанын байқаған болар. Ал Ораз екеуміздің микро- фонымыз бірден қосылған жоқ, біздің даусымыз да дұрыс естілмеді. Қарсыластарымыздық «крупный планмен» көрсетілгені өз алдына. Бізді басында бір рет студиядағы адамдармен бірге көрсетті де, сосын біресе мені, біресе Оразды үзіп-жұлып көрсетті. Оның өзінде кілең айқай-шудың аясында.

Сол түсірілімнің кезінде бізге Ақпарат министрлігі қажет пе, жоқ па деген мәселені де көтерген едім.

«Елімізде шынайы сөз бостандығы болмай жатса, ол – сіздің кінәңіз. Сіз баспасөздің қорғаушысы емессіз. Керісінше, БАҚ-ты бұрынғыдан бетер басып-жаншып тастадыңыз. Егер біз Парламентке келсек, сіздің министрлігіңізді таратамыз», – деп едім. Мұның эфирге жіберілмегені өз-өзінен түсінікті шығар.

Енді соңғы «сюрприз» жөнінде. Эфирге біз мүлдем келіспеген эпизод жіберіліпті. Дәлірек айтсақ, «нұротандықтар» мен оның табынушыларының «Нұр Отанның» пайдасына сөйлеген сөздері мен берген бағасын қыстырып қойған. Жүзбе-жүз кездескенде мүлдем басқаша сөйлеген адамның осындай қиянатшыл тірлікке барғанына қайранмын.

Ол өзі жігіттік қасиеттен жұрдай екен. Ақпарат министрінің өзі режиссер, өзі редактор, өзі цензор, өзі монтаждаушы болғаны біртүрлі ыңғайсыз да. Әлде, «Нұр Отанның» ақыл-ойы, ар-ұяты және ар-намысы осы Ертісбаев сияқтылар ма?!

Мен бұл сұрақты «нұротандықтарға» қойғым келеді…

Болат ӘБІЛОВ

2007 ж

Тағы оқыңыз:

Алматы облысында майлау материалдарын өндіретін зауыт ашылды