Back

Амандық Баталов екі ауданның жаңа әкімдерін жұртшылыққа таныстырды

Осы аптада Алматы облысы әкімі Амандық Баталов Талғар мен Панфилов аудандарында болып, жұртшылыққа жаңа әкімді таныстырып, тағайындады.

Облыс басшысы Талғар ауданында болғанда ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Талғар ауданының әкімі лауазымына Жолан Омаровты ұсынды. Өз кезегінде жаңа әкімнің кандидатурасын аудандық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Депутаттармен кездесуден кейін облыс әкімі А.Баталов аудан активімен жүздесті.

Кездесуде облыс басшысы Талғар ауданының аса ауқымды өңір екенін, шешімін күткен бірқатар мәселелері де бар екенін атап өтті.

– Талғар ауданында 280 мыңдай халық тұрады. Тұрғындары еңбеккер, кәсіпкерлікке бейім үлкен ауданды басқарудың артықшылығы да, қиыншылығы да бар. Қала маңындағы елді мекендердің әлеуметтік мәселелері ерекше назар аударуды талап етеді. Мұндағы жер мәселесіне де жіті қарау керек. Кез келген іс жылдам шешім қабылдап, соңына дейін сапалы атқарғанда ғана түбегейлі шешіледі. Сондықтан біз ауданға қашанда зор қолдау көрсетіп келеміз. Мәселен, соңғы 5 жылда Талғар ауданына 37 млрд. теңге қаржы бөлінген. Рыскелді Ахметқалиұлы қолынан келгенше ауданды дамытуға үлес қосты. Сол үшін облыс басшылығының, аудан тұрғындарының атынан рахмет айтамын. Рыскелді Сатбаевтың тәжірибесі мол, орталық органдарда, Қарағанды облысында, Алматы қаласында жауапты қызметтер атқарған. Сондықтан осы білімі мен тәжірибесін, потенциалын облысты дамытуға әлі де бағыттайтын болады. Ал бұған дейін Райымбек ауданын басқарған Жолан Омаровтың Талғар ауданын басқаруға күш-жігері, кәсіби мүмкіндігі жетеді деп ойлаймын. Бұл өңірдегі жылумен, сумен, газбен қамту, су тасқынының алдын алу, әсіресе, әлеуметтік және жер мәселелеріне көп көңіл бөлу қажет. Тұрғындардың арыз-өтініштерінде көтерген проблемаларын шешу алдыңғы қатарда тұруы тиіс, – деді А.Баталов.

Сонымен қатар облыс басшысы ауданда атқарылған бірқатар істерге тоқталып өтті. Оның айтуынша, әкімдіктің ұсынысымен, Үкіметтің қолдауымен жоғарғы Талғар трассасын жаңғырту жұмыстары жуырда басталады. Сол сияқты аудандағы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған көп қабатты үйлерді жылу жүйесіне қосу ісі қарқынды жалғастырылатынын да тілге тиек етті. Облыс әкімі Жолан Омаровтың жұмысына сәттілік тілеп, бизнестің дамуына, өнеркәсіпті өркендетуге қолдау танытуды тапсырды.

Алматы облысы әкімі Амандық Баталов жұмыс сапарымен Панфилов ауданында болған сәтінде ауданды басқарған Темірлан Бектасовтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты Жаркент өңіріне жаңа басшы тағайындау үшін облыс әкімі алдымен мәслихат депутаттарымен кездесіп, Президент Әкімшілігінің келісімімен аталған лауазымға Талғат Өмірәлиевті ұсынатынын жеткізді. Өзара пікірлесуден кейін депутаттар ұсынысты қолдайтындарын айтып, бірауыздан дауыс берген соң облыс әкімі тағайындау туралы өз өкіміне қол қойды.

Мұнан соң Амандық Баталов аудан активімен жиын өткізді.

– Бүгін өңірдегі кадрлық өзгерістерге қатысты Панфилов ауданына арнайы келіп отырмын. Темірлан Бектасов аз уақыттың ішінде нәтижелі жұмыс істеді. Темірландай кадрдың іскерлік қабілеті облыс әкімінің аппаратына жетекшілік етуге қажет болғандықтан, облыс орталығына алып, Талғат Өмірәлиевтей білікті азаматты осы өңірге әкеліп отырмын. Панфилов – шекаралық аудан. Ұлы Жібек Жолының шығыс қақпасы саналады. Даму мүмкіндігі, алдағы перспективасы зор өңір. Елбасының тікелей қолдауымен бұл ауданның дамуына зор ықпал ететін ауқымды жұмыстар жасалды. «Жетіген-Қорғас» жолы төселді, «Қорғас – Шығыс қақпасы» экономикалық аймағы, «Қорғас» ХШЫО, Алтынкөл стансасы салынып, жұмыс істеуде, инфрақұрылым жақсартылып, инвестиция тартылуда. Бұл бағытта жаңа Президенттің де алдымызға қойып отырған міндеттері зор. Сондықтан бұл ауданды басқаруға тәжірибесі мол, іскерлігі мығым азамат қажет болғандықтан Талғат Өмірәлиевке үлкен міндет жүктеледі. Ел азаматтарымен кеңесіп, көпшіліктің пікірімен санасып, халықтың ішінде жүру керек. Осындай жауапты жұмыста ел сенімінен шығып, жақсы жұмыс істейді деп сенемін, – деді А. Баталов.

Бұдан соң Т.Бектасов пен Т.Өмірәлиев те кезекпен сөз алып, ризашылықтарын жеткізіп, сенім үдесінен шығуға уәде берді.

Осы жиында Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанова, «Ернар» шаруа қожалығының басшысы Тасқан Жапарқұл және басқа да азаматтар Т.Бектасовқа ақ жол, жаңа келген әкімнің жұмысына сәттілік тілеп, қай істі де бірлесіп атқарысуға әзір екендіктерін айтты.

 

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі