Back

Шамалғанда неге көпір салынған жоқ? Министр жауап берді

Шамалған станциясы маңында салынатын жол өткелінің құрылысы 2020 жылға жоспарланған деп мәлімдеді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдарды дамыту министрі Роман Скляр орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

– Әрине, айтып отырғандарыңыздай, бұл маңға көпір салу қажет. Алайда, тура сол арадан жол өткелін салу үшін 70-ке жуық жекеменшік үй мен 2 жанар-жағар май құю станциясын бұзу қажет. Бұл – бюджетке үлкен салмақ. Сондықтан бұл теміржол өтпесі арнайы дабыл құрылғыларымен жабдықталып қана қоймай, сонымен қатар көліктердің жүруіне мүмкіндік бермейтін қосымша тосқауылдар да қойылған, – деп түсіндірді министр.

Оның айтуынша, келесі жылы өтпелі көпір құрылысы жоспар бойынша қолға алынбақ, алайда ол оқыс оқиға орын алған жерден салынбайды.

– Кішкене әрірек. Сонда көп үй сүруге жатпайды. Біз екі жыл бұрын осы жерден 7 шақырымдық жол құрылысын аяқтағанымызды атап өткім келеді. Бұл – Елтай елді-мекені. Біз жол өтпелерін салып, соның есебінен екі көлік жолын қиып өтететін бағытты жаптық. Біз осылайынан мәселені шешіп, мұндай жұмысты жалғастыра береміз, – деді ол.

Жалпы алғанда, оның айтуынша, республикалық маңызы бар жолдарда 11 өткел салу жоспарланған.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдарды дамыту министрі келтірген дерекке сүйенсек, жалпыға бірдей қолданыстағы көлік жолдарын қиятын еліміздегі мұндай 1000-ға жуық теміржол өтпесі бар екен.

– Республикалық жолдар бойында 139 осындай теміржол өтпесі бар. 2018 жылы осындай өткелдерде 9 жол апаты болып, екі адам қайтыс болды, 20 адам жарақат алған. Ал биылғы жылдың 8 айында, оның ішінде бүгінгі жағдайды қосып алғанда бұл – алтыншы жазатайым оқиға болды: 1 адам қаза тауып, 15 адам жарақат алды. Біз бұл жағдайда қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдауға бар күшімізді саламыз, – деп қорытындылады өз сөзін Роман Скляр.

Тағы оқыңыз:

Мемлекет Төлешовтен 1 миллиард 215 миллион теңге өндіріп алды