Back

Халық Қосановты кешіре ме?

Халық Қосановқа мұқтаж емес, Қосанов халыққа мұқтаж.

Сайлаудан кейінгі сөз халыққа берілді. Тоқаевты құттықтау. Алыстағы Әблязовқа шүйлігу. Сайлаудағы сәтсіздікті бойкотшылардан көру…

Қосановтың осы күнге дейін ел үшін жасаған титтей жақсылығы болса, сайлаудан кейін соның бәрі ұмытылды. Бір-ақ күнде. Жуылып-шайылып кетті.

Сайлауға дейінгі һәм сайлаудан кейінгі Қосанов екі бөлек адам.
«Ол 20 жыл жинаған абыройынан айырылды», – дейді Марғұлан Сейсембай.

Әміржанды қарғап-сілеген жұрттың аптығы әлі басылған жоқ.
Күні кеше «Азаттыққа» сұхбат берген экс-премьер Әкежан Қажыгелдин: «Қосанов? Саясаттағы қателік қылмыспен тең…» деп отқа май тамызып қойды.

Иә, халық оған қатты назалы, қатты. Бірақ өкпе де өлшеулі емес пе?

Одан теріс айналған елдің ертеңгі күні кеңшілік танытып, кемшілігін кешіруі мүмкін бе? Ол үшін Қосанов қай ісімен жағуы тиіс бұл жұртқа? Қазір ше? Қосанов қазір қандай күйде? Сайлаудан кейінгі сарынды өзгертер ойы бар ма оның?

Әлеуметтік желідегі жұрттың жон арқаны тіліп түсер сойыл-қанжар сөзін қашанға дейін, қай уақытқа дейін сүзгіден өткізіп отырмақ? Халықтан кешірім сұрамаса да, кешірімге лайықты қай ісімен ұнамды болады ол? Ірілік қылар қауқар табыла ма оның бойынан?

Иә, бір тәуекелге барудан қаймықты. Оның себебін түсіндірді де талай рет.
«Елді алаңға бастап шыққанымда не болар еді? Қынадай қырар еді. Бұл билік сізді де, бізді де аямайды. Жаңаөзендегі жағдайдың көзі тірі куәсімін. Халықтың қаны төгілгенін қаламаймын. Қан төгілмесін. Жастар, жастар арандап қалмасын…».

Бұл Қосановтың сайлаудан кейінгі сұхбат-мақалаларында сан рет қайталаған уәжі.
Әйтсе де жұрттың жүрегіне жеткен жоқ. Ағынан жарылмағанын, бір саусағын бүгіп отырғанын сезімтал жұрт алыстан болжады.
«Тоқаевты құттықтағаны, Әблязовты айыптағаны…» халықтың санасында сақталып қалған.
Халық үшін бұл – сатқындық! Сатқындық жасағандарға кешірім жасалушы ма еді?

Тоқаевты құттықтағаны қателік, Әблязовты айыптағаны ағаттық екенін айтқан халыққа Қосановтың берер жауабы әзір:

«Мен халықты сатқан жоқпын. Ал Әблязов? Оның азғыруына алданғандар маған қарсы көтерілді. Соның кесірінен көп дауыстан қағылдым», – дейді ол. Сайлау өткеннен бергі Қосанов сұхбаттарының дерлігі осы сарында.

Қосанов халықтың сөзімен келіскісі жоқ. Халық мұндайды кешіруші ме еді?

Анығында, ол осыған дейінгі сан алуан мақалалары мен сұхбатындағы үйіп-төгіп берген уәделері мен саяси мәлімдемелерінің тұтқыны.

Түнеугүні «Азаттыққа» сұхбат берген қуғындағы экс-премьер Әкежан Қажыгелдин Қосановқа арнайы тоқталып былай деді:
«Әміржан президент сайлауына түсерде менімен ақылдасқан жоқ. Бұл оның өз шешімі-тін.

Сайлау аяқталып, дауыс санау басталардың алдында ұялы телефонына «сайлау нәтижесі соңына дейін белгілі болмай Тоқаевты құттықтаудан сақ бол» деп ескерту хат жолдадым.

Бірақ ол менің сөзіме құлақ асқан жоқ. Оның іс-әрекетіне берер бағам: саясаттағы қателік қылмыспен пара-пар. Оның зардабы, салдары жалғыз Қосановқа емес, тұтас халыққа әсер етеді.

Қосановтың қателігі ертең елге кесірін тигізеді. Саясатпен айналысқан адам қолға алған ісін ақырына дейін жеткізуі керек. Оның орта жолдан тайқып кеткенін мен ғана емес, күллі халық құптаған жоқ…».

Қосановтың әр жылдары берген сұхбаттарын сүзіп шығып, мынадай тенденцияны байқадық.
Саясаткер тазалықты басты орынға қояды, халықтың алдындағы ар-абыройы кірлегенін қаламайды. Саяси сатқындықты суқаны сүймейді, билікпен ауыз жаласқандардан аулақ жүреді.

Ілгеріде айттық. Ол осыған дейінгі сан алуан мақалалары мен сұхбатындағы үйіп-төгіп берген уәделері мен саяси мәлімдемелерінің тұтқыны. Сайлаудан кейінгі Қосанов «әу» десе болғаны, жұрт кірпідей жиырыла қалатын мінез тапты.

Саясаткер сайлауға дейін не деп еді?

Әзірлеген,  Думан БЫҚАЙ

Қосанов. Билік һәм халық

Табиғатта судың сақталуының екі түрі болады. Бірі – жыл сайын таудан аққан өзен жаңарып тұратын көл, теңіз не мұхит. Ол судың жөні бөлек, онда бағалы балық жүзіп жүреді.

Екіншісі – ешбір өзен құймайтын, жаңармай, бір орнында тұрып қалған су. Оның аты белгілі. Ондағы су уақыт өте көгере бастайды. Сосын исі бұзылып, қолқаны алардай сасып кетеді. Текті балық емес, бақылдаған бақа толы онда…

Біздің билік бірте-бірте осы батпаққа айналып бара жатқан секілді мен үшін. Мен де мұндай батпаққа былғанғым келмейді. Ал мен сияқтылар қаншама десеңізші!…

….

 Тек қана жайлы орын керек болса, баяғыда-ақ Астана жақта жүрер едік қой. Шынын айтқанда, ондай шақырулар арагідік болып та тұрады. Ол да саяси ойындағы астыртын жүрістердің бірі. Әсіресе, сайлаулар мен соттаулар алдында жиілеп кетеді ондай байланыстар.

Жергілікті жердегі шенеуніктердің шолақ белсенділігі бірінен бірі өтеді. Бірақ халықтың көзі ашық: ол биліктің де, біздің де өтірігіміз болса, сөзіміз бен ісіміз жанаспай жатса, лезде сезе қояды.

Сайлау әділ де ашық өтсе; барлық деңгейдегі әкімдер сайланып, жоғарғы жақтағы бастықтарының алдында дірдектемей, сайлаушыларымен санасып, қызмет атқарса; соттарды да халық өзі тікелей сайлап алса; баға мен тарифтердің ретсіз өсуі тоқтатылса; жерасты байлығынан түскен табыс ат төбеліндей олигархтар мен шенеуніктерден халыққа қайтарылса, сөйтіп, жылдан-жылға ушығып бара жатқан әлеуметтік мәселелер тезірек шешілсе, сөз бостандығына шектеу қойылмаса деген ұсыныстарды талай жылдан бері айтып келе жатырмыз.

Осы идеяларымызға кім қарсы?

 «Форбс» журналдарының төрінде орнын ойып алған долларлық миллиардерлер бар екен елде!

Ал үлкен ақша үлкен тәбетті ашады. Әсіресе, саясатта, билікке ұмтылыста. Қанағат ұмытылады. Сондықтан да ол қалталылар қолда бар байлығын місе тұтпай, өз баспасөз құралдарын жабдықтап, өз партияларын құра бастайды. Кейбірі тіпті «демократтар» қатарына еніп алып, «аңқау елге арамза молда» принципін ұстануы да мүмкін.

Міне, мен осынау «топтық оппозициядан» қорқамын! Өйткені қолында миллиардтары бар байлар қара басының қамы үшін, ақшасы үшін, меншігі үшін жалпыхалықтық мүдделерді тәрк ете салуы мүмкін! Қуырдақтың көкесін сонда көретін боламыз!

Сондықтан да бізге топтық, жекебастық оппозиция емес, жүйелі түрдегі идеялық оппозиция қажет. Жеке қаржылық топтың емес, баршаға бірдей демократиялық мұраттар төңірегінде біріккен күш керек.

Осы аптада шетелде бас сауғалап жүрген Мұхтар Әблязов қараптан-қарап маған тиіспесі бар емес пе? Фейсбукте: «Енді билік Әміржан Қосановты көшбасшы етіп жаңа қозғалысты іске қоспақшы…» Сондай-ақ оның айтуынша, «бұл – арнайы қызмет комитеті жасаған қозғалыс».

Жауабымды бердім. Оның түйіні мынада: «Мен биліктің ешбір саяси жобасына қатысқан емеспін».

Өзінің орасан зор қаржылық әлеуетін кешегі әріптестеріне қарсы емес, биліктің шынайы бетпердесін ашуға жұмсасын. Талай жыл бойына билікті сынап жүрген бізді ұрып-соғар, арандатар басқа күштер де жетіп жатыр.

Бірақ «оппозиция тек қана әблязовшыл болуы керек» дегенге мен қосыла алмаймын. Ақордасыз да, олигархтарсыз да пайда болып, өзін көрсете алатын қоғамдық күштер тарихта болды, әлі де болады.

Билік Армениядағы жағдайдан сабақ алуы тиіс. Пашянян бастаған халық алаңға шыққанда билеуші партия қайда болды? Биліктің саяси идеологтары ше? Олар не істеді? Не істеп жүр? Армян билігі ашуға булыққан халықпен қандай да бір диалог құрды ма? Әрі-беріден соң билік мұны болжай білу тиіс еді. Бұл билік идеологтарының жұмысы-тұғын.

 Ал біздің билік қандай? Мылқау. Меңіреу. Жалтарып жүреді. Жағдаймен, қоғам пікірімен санаспайды.

Халық қарап жатпайды ғой. Өзге елдердегі билік пен үкіметтің ауысып жатқанын көріп отыр олар. Өзге елдердегі өзгерістерге де куә.

Халық бізде заңды түрдегі оппозицияның жоқ екенін көріп отыр. Биліктің сыңаржақ саясат жүргізіп отырғанын сіз бен бізден жақсы біледі.

Назарбаев? Бұл жолы халық өзіне жаны ашитын, өзінің сойылын соғатын президентті көрген жоқ.

Халық өзінің үкіметіне кезекті бір тапсырмаларды беріп жатқан басшыны көрді.

Егер де президент столды қойып қалып: «Ей, айналайын үкімет, мынау не болып жатыр өзі? Халқымның жағдайы төмендеп кетті ғой! Сендер маған жалған ақпарат беріп жатыр екенсіңдер ғой! Елім азып-тозып кетіпті! Үкімет, кет! Парламентке жаңа, үкіметке тиімді бақылау жасай алатын партиялар келсін!» деп айтқан кезде президенттің рейтингі 200 пайызға өсіп кетер еді!

Өкінішке орай, президент маңайындағы ат төбеліндей ғана топтың айтқанынан шыға алмай қалды. 

Мұның өзі елдегі жағдайға объективті баға беріп, тиісті шешім қабылдауына өз кесірін тигізіп отыр.

Тағы оқыңыз:

Бейсен Тәжібаев: “Осылай қиналғанша солтүстікке неге көшпеске?”