Back

Жетісуда қоныс тойы жалғасуда

Панфилов ауданы, Басқұншы ауылының тұрғыны Айдын Боранбайдың отбасына кәсіпкерлер 6 бөлмелі үй алып берді.

Бұған дейін 5 баласымен пәтер жалдап тұрған отбасыға  жаңа үйдің кілтің аудан әкімі Темірлан Бектасов  тапсырды.

– Бүгінге дейін ауданымызда 13 көп балалы отбасы баспаналы болды. Бұйырса, жылдың соңына дейін осындай 20 отбасыны қуантпақпыз. Барлығы кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асып жатыр. Үй иелеріне үйлеріңіз қуанышқа, шаттыққа толы болсын дегім келеді, – деп сөзін қорытындылады аудан басшысы.

Ал, үйдің кенжесі Ербосынның қуанышында шек жоқ. Өзімен тетелес өскен інісі Нұрбосын да жаңа үйге кіргеніне ерекше қуануда. Балаларының қуанышына қарап көзіне жас алған Жанардың қайырымды жандарға алғыстан басқа айтары жоқ.

Қайырымдылық шараға өз үлесін қосқан демеуші Ризван Сакиова үйге қосымша жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ішіне жиhаздарды да сатып алып берген.

– Мен көп балалы отбасында өстім. Әкеміз әрдайым осындай отбасыларға қолдау көрсету керектігін айтып отыратын. Бұл – көпбалалы отбасыға жасалған қамқорлықтың бір парасы ғана. Аналар мен көпбалалы, көмекке мұқтаж отбасыларға қамқорлық әлі де өз жалғасын табады, – деп  уәде етті кәсіпкер.

Еске салайық, биыл Панфилов ауданының 40 отбасына мемлекет тарапынан үйдің кілтін тапсырылды, оның 26-сы көп балалы және аз қамтылған отбасылар.

Айта кету керек, Көксу ауданы, Жарлыөзек ауылында өрт салдарынан баспанасы мен асыраушысынан бір мезетте айырылған отбасына да пәтер кілті табысталды.

Естеріңізде болса, осыдан 6 ай бұрын Ақбергеновтар әулиетінің баспанасы толығымен отқа оранып, жанып кеткен. Сол оқыс жағдайда Зәуре отағасы Ерланнан айырылып, 3 баламен жалғыз қалған болатын.

Алайда көп ұзамай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Ел үлесі-пәтерге» жобасы аясында «Зекет» қоры Зәуре Төлетайқызына баспана кілтін табыстады.

– Балалармен далада қалған сәтімде пәтер жалдап сандалатын шығармын деп ойлаған едім. Алайда мейірімді жандар бар екеніне көзім жетті. Оларға деген ризашылығымды қалай жеткізерімді білмеймін. Ауыл халқы азық-түлік, киім-кешекпен, ақшалай үнемі көмек көрсетіп тұрды. Енді міне,  қамкөңіл отбасыны қамқорлық танытып баспана сыйлаған жанашырларға алғысым шексіз, – деді отанасы.

Талдықорған өңіріндегі «Зекет» қорының басшысы Серік Сарымолдаевтің айтуынша, бұл Республика бойынша берілген 123-ші, Алматы облысында 39-шы баспана екен.

 

Балжан Қайратқызы, Алматы облысы